4.06.2021, 11:12
Оқылды: 123

"Алтын орда-Үш Қиян" – Күнбатыс Алашорда астанасында

Маңғаз Маңғыстаудан "Алтын орда-Үш Қиян" аталатын тарихи-танымдық автоэкспедиция Жымпитыға да ат басын бұрды.

1622752619576

Бір аптадан астам уақытқа жоспарланған экспедиция мүшелері Күнбатыс Алашорданың астанасындағы Алаш, Сырым Датұлы атындағы музейде, Қадыр Мырза Әли алаңында, Алаш саябағында болып, біраз жәдігерлермен танысты.

Бір қызығы, жерлесіміз Қадыр ақыннан ең соңғы рет сұхбат алған Бақтыбай Жайлауов та осы делегацияның мүшесі екен.

1622752591437

- Студент кезімде "Mangystay TV" телеарнасында әдеби бағдарлама жүргізген едім. Сол уақытта Ә.Кекілбаев, Ө.Нұрғалиев, Қ.Мырзалиев, Е.Раушанов секілді бірқатар тұлғалардан сұхбат алудың сәті түсті.

Светқали ағамыздың айтуынша, Қадыр ақынмен соңғы рет сұхбаттасқан мен екенмін. Сол кезде Қадекең: "Түрлі сұхбат көріп жүрмін, саясат, қитұрқы сұрақтар қойылады. Сенікі таза әдебиет жайлы әңгіме болды" деп ризашылығын білдіргені әлі есімде, - дейді Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялық және инжиниринг университетінің ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Б.Жайлауов.

1622752683261

Айта кетейік, "Маңғыстау-мұра" қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған экспедицияның мақсаты – Маңғыстау өлкесімен тарихы тамырлас Сарайшық қаласы, Махамбет батыр кесенесі, Бөкей ордасы, Жымпитыдағы Сырым Датұлы және Алашорда музейлері, Қобыланды батыр кесенесі, Абат-Байтақ кешені, Исатай батыр кесенесі сондай-ақ Ойыл, Қиыл, Жем-Сағыз өзендерінің бойындағы Көкжар жәрмеңкесінің орны мен музейіне дейінгі көптеген ескерткіштерді және киелі орындарды зерттеу, ол жерлерде жерленген көрнекті тарихи тұлғалардың деректерін анықтау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының архив құжаттарымен танысу жұмыстарын жүргізу.

1622751714317

- Зерттеу қорытындысы бойынша болашақта жарық көретін Қазақстан тарихы оқулықтарына Yessenov University "Өлкетану" ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан ұсыныстар әзірлеп, деректер жолдаймыз, - дейді аталмыш орталық меңгерушісі.

 

Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале