1.11.2021, 12:52
Оқылды: 123

Алтынбек – «Имам барысы»

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен Орал қалалық Мұхаммед Ғариф Түлбаев атындағы мешітінің ұйымдастыруымен «Жекпе-жек» спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Имам барысы» атты қазақ күресінен облыстық турнир өтті.

WhatsApp Image 2021-10-30 at 16.08.31

Жарыстың ашылу салтанатында Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабралиев сөз алып, атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы екендігіне тоқталып, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) спортқа оң баға бергенін айтып, ұйымдастырылып жатқан турнирге, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі.

Тұңғыш рет өткізілген имамдар арасындағы қазақ күресі сайысына қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары мен ұстаздары қатысты. Турнирде 19 имам екі салмақта, яғни «Түйе» және «Өгіз» палуан дәрежесінде белдесіп, бақ сынады.

WhatsApp Image 2021-10-30 at 16.08.29

Байрақты бәсекеде жерлесіміз, аудандық мешіттің наиб имамы Алтынбек Болатов өзінің бабында екенін дәлелдеп, бозкілемде бағы жанып, барлық қарсыластарынан басым түсті. Нәтижесінде айтулы турнирдің «Түйе палуаны» атағын жеңіп алды. Мұнан бөлек «Өгіз палуан» атағы үшін белдескен палуандар арасында Жаңақала аудандық мешітінің ұстазы Нұрәлім Қисметов қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша асыл дінімізге қызмет етіп жүрген қос бірдей жерлесіміз жеңістің туын желбіретіп, аудан абыройын асырып келді. Айта кетсек, «Түйе палуан» атанған А.Мағауияұлына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тапсырыспен жасалған «Имам барысы» белбеушесі табыс етілді. Сонымен қатар жүлдегерлер сапынан көрінген палуандар ақшалай сыйақы мен облыстық спорт басқармасының дипломына ие болып, медальдарымен марапатталды.

Ақсұңқар Сәдір,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале