3.02.2025, 16:30
Оқылды: 157

«Әмбебап» азаматтың туған күні

Біздің журналистика саласында жүрген азаматтарды айтатын болсақ, Кенжеғалиевтер отбасын ерекше атап өтуге болады. Осы әулеттің ұлдары Батыс журналистикасының дамуына ерекше үлес қосып жүр. Әулеттің үлкені Тоқтар Ғабдірешұлы баспасөз саласында қалам тербеп жүрсе, ортаншы ұл Тұрардың телевизиядағы еңбегі бір төбе. Кенжеғалиевтердің кенжесі Асқардың да журналистикада қызмет жасайтынын біреу білсе, біреу білмес.

WhatsApp Image 2025-02-03 at 17.25.24

Бүгін «әмбебап» Асқардың туған күні. «Жайық Пресс» медиахолдингінде дизайнер болып қызмет жасайтын шебер жігіт орда бұзар 35 жасқа толып жатыр.
Асқарды «әмбебап» деуіміздің өз сыры бар. Біз білетін Асақаң күндіз-түні тынбай еңбектенетін азамат. Ол фото-видеоға түсірудің шебері. Дизайн жасауда да Асқардың алдынан шығатын адам жоқ. Оның қолынан шыққан дүниелерде (дүкен, кәсіп, атаулары, сыртқы жарнама) есеп жоқ. Күнінде балаларға арналған «Балапан» арнасының да дизайнын жасаған осы Асқар болатын. Сонымен бірге, Асқар түйіскен, ауған көліктерді жөндейтін нағыз шебер. Құрылыс саласында да Асқарға тең келетін адам жоқ шығар?! Орал қаласында қарашаңырақты ұстап отырған Асқар заманауи екі қабат үй салып, көлік жөндейтін гаражын да жаңғыртты. Бәрін өзінің дизайны бойынша жасап шықты.
Біздер Асқардың бойындағы шеберлік қасиеттерін тізіп шыққандай болдық. Адами қасиеттері бір бөлек әңгіме. Асқар Ғабдрашитұлын бүгінгі 35 жасымен «Ауыл айнасы» атынан шын жүректен құттықтаймыз! Туған күн иесіне шығармашылық шабыт, қажымас қайрат, зор денсаулық тілейміз!

Игі тілекпен: «Ауыл айнасы» газетінің ұжымы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале