11.05.2020, 15:41
Оқылды: 299

Ана тіліміздің абыройы асқақ па, әлде ақсақ па?

Мақала тақырыбынан бастап-ақ сөзіме келіспеушілер табыла қалады. Табылған да болар.

3E7EBB2E-4FA2-45F7-B5FB-99E1FFDC7422

Тілім! Тілім!

Деп атсыншы таң кілең,

Тілім десем тікірейіп, паң жүрем.

Өзге тілді  арман етіп қайтесің,

Өз тіліңді қатырып ал, алдымен!

Қоғамдағы анна тіліміздің деңгейі дәл қазір көршінің қолындағы мәмпәсиге жалтақтаған баланың кейпі. Келіс, келіспе, бірақ ол  -  шындық.

Теректі ауданындағы тіл мәселесінің өзі өзекті. Өзектілігі соншалық, оны көбі байқай бермейді немесе байқағысы келмейді. Теректі ауданының орталығы - Федоров ауылы.  Орысша атауға кезіктік пе?!  Әлбетте. Одан кейін ауданға қарасты ауылдардың атауынан тіл күрмеліп, көз сүрінеді. Покатилов, Богданов, Приречный, Подстепный, Долин, Донецк, Новопавлов секілді атаулар егемендікке қол жеткізгеннен бері қалпын өзгертпей келеді. Ия, ономастикалық комиссияның көмегімен аудан орталығы мен ауылдардағы көше атаулары қазақшаға ауыстырылды. Оны мойындау керек. Пионерий, Ленин,  Чапаев, Крупская, Тракторная  дейтұғын атаулар Бейбітшілік, Жеңіс, Тәуелсіздік боп шыға келді. Әрине, жергілікті халықтың бұл атауларға үйренуі үшін әлі біраз жыл керек. Ал ауыл атауларының сыйқы жоғарыда атап көрсеткеніміздей. Кезінде Зеленов аталып келген білдей аудан қазір Бәйтерек ауданы. Құлаққа қалай жағымды естіледі десеңізші?! Білдей аудан атауы өзгеріп жатқанда кішігірім ауыл атауларына әліміз келмеуде.

0436B940-AE43-413C-9688-760D009FA5CB

Қазір атаулары орысша елді мекендерде сол атауға дейін тарих болмаған ба деп қаласың кейде. Ойланып көрелікші. Новопавлов ауылы қазіргі атауын алғанша жер бетінде мүлдем болмаған ба? Сол жерге өзге ұлт өкілдері келіп қоныстанғанша жан баласы баспаған жер ме бұл? Тарихына бойлайықшы. Баяғыда столыпиндік қарашекпенділер ме, тың жерді айырған тыңгерлер ме, солай деп қойыпты ауыл атын. Новопавловтан сәл қиыс жатқан әйдік сай бар. Сай басында кезінде құдық болған. Ол кездері құбыр бойлап ағатын су жоқ кез. Ауыл-жұрт суы бар жерге, құдық басына қарай қоныс тебеді. Шыңырау құдықтарды небір жанкешті қайсар құдықшылар қазған. Шеген құдықты сол жерді мекендеген бай салғызса керек-ті. Есімі ұмытылған. Жер атауында «Аққұдық сайы» атаныпты. Қазір сол жерде тұратындардың бірі білсе, бірі білмес те. Аққұдықты мекен еткен бай алашапқын қызыл төңкерістен соң «халықты қанаушы» тап ретінде қудаланып, жер аударуға кесім шығыпты. Елінен, жерінен айырылып, босып бара жатқан бай өзі салғызған құдықтың қайнар көзін киізбен тығындап, топырақпен бітеп кеткен-мыс. Құдық құлап, иесі кеткен соң ауыл да тарам-тарам болып, тарап кеткен. Яғни Новопавловтың тарихи атауы – Аққұдық. Тіпті бұл атау кеңес үкіметі кезіндегі жер карталарына да түскен.

9C3AAFF9-4C49-4EC9-B690-3DB827C08049

Мысалы, Долин ауылы. Ертеректе Долин «Жиырмасыншы ауыл» деп аталған. Көнекөздерінің айтуынша, бір жылдары «Ақсай», «Ұшқын» деп аталған Долин ауылы туралы жазушы Хамза Есенжанов та жазады. Ол өзінің «Ақжайық» трилогиясында ауылдың атын «Тіксай» деп көрсеткен. «Долин» атауы 1909 жылдан бастап ел арасында тарай бастаған. Тізе берсең көп. Приречный ауылы бұрын «Шұбарсай» деп аталған дегенді ауыл тұрғындарынан жиі естиміз. Міне, әр орысша атаудың артында қылқиып қазақтың тарихы көрініс табады. Бұл қазақ тілінің мәртебесі әлі төмен екендігінің айқын дәлелі емей немене? Бүгінгі таңда ономастика бойынша жұмыстар тоқтап тұр. Себеп - мораторий. Егер мораторий күшін жойып, жұмыстарға қарқын қосылса ауыл атаулары бірінші кезекте болуы тиіс.

Тіл дегенде жаға ұстатар пікірлерге жиі ұшырасамыз. Мысалға, Ленин тарихымызда бар, ол қалу керек деген қандас бауырларымызды да көрдік. Жағамызды ұстап,  шалқамыздан түстік. Егер тарихты керемет түсініп, үлкен дәрежеде ұлықтағымыз келсе, қазақтың тарихына үңіліңдерші,  айналайындар-ау! Ленин атамызға дейін қазақта тарих болмады ма? Оған дейін де халқымыздың түп-тамырын сақтап қалған қаншама бабаларымыз болды. Ал керемет ұлықтағыш болсаңыздар, өз тарихымыздың қатпарларына неге үңілмеске? Тәуке мен Қасым, Абылай мен Керейлердің еңбегі Ленин «атамыздың» еңбегімен тең келе алмайды ма сонда? Біз Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Ата Заңымызда мемлекеттік тіліміз - қазақ тілі деп тайға таңба басқандай, ап-анық көрсетілген. Тағы не кедергі?!

Енді, ауданға оралайық. Орталыққа, яғни Федоровқа жұмыстарымен келген қазақтілді адам неге тап болады? Кез келген бөлімге барса,  қазақшаны әзер түсініп, орысша сөйлеуді алдыға тартатын мамандарға кезігеді. Бөлімдердің қабырғаларында тұрған анықтамалардың өзінде қате өріп жүр.

Ауданда 29 ұлт өкілі тұрады.  Оларға «қазақша сөйле» деп бұйыра алмайсың, ол заңға қарсы» деген дәлелдерді де естіп қалдық.  Әрине, ол дұрыс. Олар өздігінен де үйренбейді. Неге дейсіздер ғой? Себебі қазақтардың өзі ана тіліне деген құрметке атүсті қарайды. Аудандағы тіл мәселесінің әуселесін көріп, қынжылып кетесің.  Қазақ боп туып, сонау замандардан бері шешендіктің нақ үлгісін танытқан би-шешендердің ұрпағы бола тұрып, жиын-тойда қазақша екі сөздің басын жалғай алмай тұрған «қазақсымақтарды» көзің шалып, жек көріп кетесің. Осы қазақтың қазақ болуы үшін өмірлерін қиған бабаларымызды аяйсың. «Біріңді қазақ, бірің дос,  көрмесең істің бәрі бос» деген Абайды оқып, бір-бірімізден қазақты емес, өзге тілде шүлдірлеген мазақты көргесін ғана ісіміздің бәрі бос болып жатыр. Өзге ұлт өкілдері ана тілімізді сыйласын десек, өзіміз тілімізді шын жүрегімізбен құрметтей білуіміз тиіс!

Қазір осы тіл турасында мәселе көтергендерді қоғам жақтыртпайтын, ұлтшыл ретінде қабылдайтын сорлы түсінікке де жетіп жығылдық. Өз туған анамызды бәзбіреулерден қорғап жатқанымыз әбестік бола ма? Ана тіліміздің жағдайын қадағалап, болашағын баянды ету менің,  сенің, жалпы бәріміздің міндетіміз. Ұлтқа бөлінудің қажеті де жоқ. Қазақ елінің нанын жеп, суын ішіп отырған әр қазақстандық сол елдің тілін білуі міндет! Заңды алға тартатын азаматтар осы жерде Ата Заңға бір үңілсе екен. Тіл турасындағы жағдаяттар мен мәселелер назарда болады. Бұл мақала тілге деген құрметті талап ету деп қабылдайтындар қабылдай берсін. Ана тілімізді қоғамдық орындар мен аудандық бөлімдерде қолдану дәрежелері мен қателіктерді түзету енді болашақта нақты дәлелдермен көрініс табатын болады. Ана тіліміздің абыройы асқақ па,  әлде ақсақ па, алдағы күн көрсетеді. Әзірше тіліміздің тұғыры төмендеп, халі аянышты боп тұр.  Уақыт  - сыншы!

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале