29.03.2021, 10:49
Оқылды: 946

Аппақ болған кимешек, ұят болмай ма кимесек?

Қарап отырсаңыз, Алла Тағаланың өзі адамзатты түрлі ұлттарға бөлген екен. Олардың әрқайсысының сыртқы кейпі арқылы тануға болатын өзіндік ұлттық киімдері бар. Алланың тарапынан дін келген барлық ұлттың киімдері әурет жерлерді жауып тұратын етек-жеңі ұзын, әрі бәрінде дерлік бас киім бар.

ки

Бүгінде орамалдың бәрін хиджаб деп, хиджаб таққанның бәрін адасқан деп ойлайтындар бар. Орта Азиядағы көшпелі халықтардың ішінде қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың тілі де, салт-дәстүрі мен киімдері де бір-біріне өте қатты ұқсас. Көшпелі өмір сүрген халық тауға да, тасқа да, күнделікті өмірге ыңғайлы киімдер киетін болған. Табиғаттың төрт мезгілі де байқалатын біздің жерде басты ыстықтан да, суықтан да, желден де қорғап, жолда жарақат болса, таңғыш ретінде пайдаланған, тек күн көзінен ғана емес, сұқ көзден де қорғаған, қазақ пен қарақалпақта – кимешек, қырғызда – элечек деп аталатын бас киімге назар аудартқымыз келіп отыр.

Кимешек деген не?

“Қазақ мәдениеті” энциклопедиялық анықтамалығында кимешекке мынадай анықтама береді.

«Кимешек – қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Кимешек ақ матадан тігіліп, жиегі астарланады. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егделенген әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердің кимешегі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын жақ деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді.Кимешекті басқа сәйкестіре пішіп, тігеді. Кимешектің белден төмен түсіп, шашты жауып тұратын ұзын ұшы құйрықша деп аталады Кимешек кеуде, иық, жонды жабатындай тұйық етіп жасалады. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ал, ойықтың жиегін өңді жіппен шалып тігеді. Мұны алқым шалу дейді. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Кимешек әйелдердің шашын шаң-тозаңнан сақтап, қобырап тұрмауына септігін тигізеді,» - дейді. Бұл дегеніміз бет жүзінен басқа жерлердің толық жабық болғандығын, яғни қазақтың әйелдері ислам шарттарын түсініп, оны орындағандығын дәлелдейді. Өйткені исламда  әйел баласына оранып жүру бұйрығы тікелей Жаратушының Өзі – Алла Тағаладан келген.

«Нұр» сүресінің 31-аятында Алла Тағала айтады: «Ей, Мұхаммед! Мүмін әйелдерге де айт: “(бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ, зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Зейнеттерін керсетпесін. Бірақ ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңлілерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көрік - зейнеттерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін...»

Ал, Құранның «Ахзаб» сүресінің 59-аятында былай делінген: «Ей, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және имандылардың әйелдеріне айт: жаулықтарын үстеріне түсіріп жапсын. Бұл олардың танылуына жақын. Сөйтіп олар қорлыққа ұшырамайды. Әрі Алла өте Кешірімді, ерекше Мейірімді!»

Ал бізге жеткен хадистердің ішінде танымал болған мына бір хадисте былай дейді:

«Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткені: Әбу Бәкір қызы Әсма (Алла ол екеуіне разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын), қасына жұқа киіммен кіріп келеді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын), оған қарап: «Әй, Әсма! Қыз бала балиғат жасына жеткен күннен бастап, мыналардан басқа жерлері көрінбеуі керек», - деп, беті мен екі қолын (білезігіне дейін) көрсетті» (Әбу Дауд).

Кимешектің қандай түрлері бар?

Кимешектің Қазақстанда бұрама жаулық, иекше, т.б. атаулары да кездеседі. Кестесіне қарай кимешек қызыл жақты, сары жақты, ақ жақты кимешектер болып бөлінеді. Ақ жақты кимешекті қарт әжелер, қызыл жақтысын келіншектер, сары жақты кимешекті орта жастағылар киеді. Кимешек кейде күміспен, моншақтармен шеттіктеледі. Бұрын әр тайпа мен рудың кимешектерінің пішімінде, түрінде және сырт көрінісінде өзіне тән ерекшеліктері болған. Әр аймаққа тән кимешекті орау тәсілдері болған.

Кимешек кигізу салты

Дәстүрлі қазақ қоғамында жаңа түскен жас келіннің алғаш кимешегін кигізуге байланысты ғұрыптық рәсім өткізілетін болған. Бұған келiншек өзi де дайындық жасайды. Енесiнiң, абысын-ажынының көмегiмен кимешек пiшiп, әшекей кестелерiн өзi тiгедi. Екi жағы мен маңдайын айналдыра түрлi-түстi жiптермен кестелейдi, кимешек жағы тұсындағы жалпақтығы кестесі екi-үш елiдей болады. Өрнегiн өз қалауынша таңдайды.

Жас келiн перзенттi болып, ол қырқынан шыққанда енесі: «Сен енді санатқа қосылдың. бұрын бала едің, енді ана болдың. Енді осы үйге толық мүшесің», - деп келінінің маңдайынан сүйіп, батасын білдіреді. Содан соң ауыл әйелдерi, бәйбiшелер әдейi жиналып келiп, келiнге үйінен келген киелі киім кимешекті өз қолдарымен кигiзедi. Оны келiннiң енесi ұйымдастырады. Кимешек кигiзген адам келiннiң енесiнен сый алады. Арттағы әке-шешелері бұл баскиімді қыздары тез балалы болсын деп сандыққа әдейі ырыммен салады. Бұл киімнің киелі болуы да осы ырымнан.

Қыз бала кимешек киген бе?

«National Digital History» порталында “Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген?” атты мақалада қыз баланың дүниеге келуінен бастап киілетін киімдері жайлы жазылыпты. Қазақ қыз-келіншектері киімінің негізгі ерекшелігі – шариғатқа сай, тұла-бойды жауып тұратындығында. Әйелдің киімі, әсіресе, баскиімі оның жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты өзгеріп отырған. Қазақ киімі өзге ұлттардағыдай аса шеберлікпен, дәлдікпен, әсемдікпен тігілген. Киімде бүкіл ұлттың, жалпы халықтың болмысы жатса, қызға қырық үйден тию жасаған қазақ қыз-келіншектерінің киімінде көшпелі ұлттың қатпарлы тарихы қатталып жатқандай. Қыз етегінің ұзын болу себебі, ибалықты білдірсе, кимешек секілді басты жауып тұратын бас киімдер көшпелі халықты желдің өтінен, күннің ыстығынан, қыстың ызғарынан қорғаған. Жаңа туған нәрестеге әлбетте, иткөйлек киігізген. Ал есі кіріп қалған қыз балаларға көйлек кигізіп, тұлымшағын өріп қойған. Басына тақия кигізіп, үстіне тізесін жауып тұратын көйлектер кигізген.

Бойжеткен қыз балалар жаздыгүні жұқа матадан тігілген тақия кисе, қыста бөрік киген. Тұрмысқа шықпаған бойжеткен барынша сәнді киініп жүрген. Қыздардың киімдері қайта оралмас қыздық дәуреннің белгісіндей аса ұқыптылықпен тігілген. Ою-өрнектің сан түрімен әшекейлеп, түрлі тастармен безендірілген.

Қазақта мынадай ырым-тиым бар: "Қыз басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулық, қара – қайғы". Қыз баласы келін болмай тұрып орамал тақпауының да өз себебі бар. Ата-бабамыз көшпелі болғандықтан бір   ауылда бір ру тұратын. Барлығына белгілі, қазақта өзінің руласына тұрмысқа шықпаған. Және тағы бір айта кететіні, қыз баланы балиғат жасына толысымен тұрмысқа шығаратын болған. Сондықтан қыз бала балиғатқа толса да, толмаса да, өз ағайынының ортасында шашын еркін көрсетіп жүре алатын болған. Алайда қыз баласының келе жатқанын өзінен бұрын сыңғырлаған шолпысының дауысы естіліп, ер кісілер жинақтала қалатын болған. Ал, басқа ауылдан ер кісілер келетін болса, жас қыздар ибалылығын сақтап, бөгде ер кісілердің көзіне көрінбей,  тығылып қалатын болған.  Қазақта “Қызға қырық үйден тыйым” қатты сақталған. Қызды алғысы келсе, бүгінгідей тізерлеп отырып, “маған тұрмысқа шығасың ба?” - демей, шариғат шеңберінде, әуелі айттырып келетін болған. Содан кейін сәнді сәукеле киіп ұзатылған қыз бала келін болған соң,  басына жаулығын жапқан. Яғни,  орамал – тұрмысқа шыққандықтың белгісі. Қазақ әйелдері көбіне үй шаруасымен айналысып, шаңырақтың ырысын сақтап отырған. Салт бойынша, балалы болғаннан кейін әйелдер кимешек киген. Яғни,кимешек кию – ана болғанның белгісі. Неге киген? Себебі, кимешек баланы емізгенде айналаға өңірін ашып көрсетпей, төсті жауып тұрады. Ол кеуде, иық, жонды жауып тұратын, әйелдің бет-әлпеті анық көрініп тұратын киім. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізсе, шайтан түртіп, қайызғақ баланың аузына түсіп кетеді деп ырымдаған. Жас келіншектер кимешектерін өрнектермен әшекейлеп, сәндеп киген. Кимешектің үй және шаруа жұмыстарына арналған түрлері болады, сәйкесінше, әйелдер үй мен қонаққа киетін кимешектерін бөліп киген. Кимешекке ою салып, моншақпен әсемдеу оның жолдасы бар екенін білдірген. Ал жесір қалған әйелдер кимешектің өрнектерін алып тастап таққан…

Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса... Нені көрем? (М. Мақатаев)

Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Кимешек көшпелі өмірге бейімделіп тігілгендіктен, көшіп-қонған заманда әйелдің денесін таза, жылы ұстау үшін киілген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. "Ақ жаулықты әже" тіркесі осыдан шықса керек. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен. ХХ ғасырдағы сақталған суреттерде кимешектің төбесі биік болғанын байқаймыз. Бұл әжелеріміздің мәртебесі өскен сайын оралған матаның да ұзын болғанын көрсетеді, бір жағынан көшпелі халық болғандықтан ақ матаны кебін ретінде пайдаланған. Өйткені шаруа жасайтын жас келіндерде ондай ұзын мата оралмай, жасы егделенген сайын орайтын матаның да ұзындығы артып отқан. Әдетте матаның ұзындығы 8 метрден 21 метрге дейін барған.

Заманауи кимешек жайлы естідіңіз бе?

Шариғат шеңберінде, ұлттық боямасымен әрі замануи, ыңғайлы киімдерді шығарып жүрген @salihabrend-ті білетіндеріңіз бар ма? Білмесеңіз, біле жүріңіз. Ақтөбелік апалы-сіңлілі екі қыз, бірі тігіп, екіншісі киімге ерекше сурет салып, әжелерінің есімін беріп, осындай бренд шығарып отыр. Алқа суретімен безендірілген әдемі ұзын көйлек деген нәрсе таныс болғанымен, олардың тың дүниесі – кимешекті заманға лайықтап, қолжетімді еткендері. Этникалық киім брендінің негізгі идеясы – тек қазақ емес бүкіл түркі әйелдерінің беделін жаңғырту екен. Күнделікті өмірде,  шетелдіктер келгенде, әр қазақтың үстінде ұлттық нақышта бір киім тұрса, қазақ тілінде сөйлеп, өзіміздің салт-дәстүрімізді, қонақжайлылығымызды көрсете алсақ, таңдай қағып кетпей ме?!

Заман бір орында тұрмайды. "Сән айналма сағат сияқты". Жылдар жылыстаған сайын, киім де өзгешелікке ұшырап, уақытқа сай бейімделіп отырады. Бұл күндері Ұлыстың Ұлы күнінде ғана сандығымызды ақтарып, әжеміздің кәжекейі мен ақ орамалын тартқанға мәз болып немесе 1 күнге ғана жалға алып, жылтырап суретке түсіп, әлеуметтік желіге жариялап, қазақ  екеніміз есімізге түсіп жатады. Жаһандану жүріп жатқан заманда кимешегімізді мұражайдан ғана көретін күнге жеткізбесін. Ол үшін мына,  сіз бен біз,   ұлттық құндылықтарымызды күнде дәріптеп, ұлт руханиятының қайта түлеуіне өз үлесіңізді қосып, орамал тартып, әжелеріміз киген кимешекті киіп,  Ұлпан, Домалақ аналар, Зере, Айғаным әжелеріміз, Дина апаларымызды үлгі тұтайық.

 

Әсел Әбдубали,

«Сырым» деструктивті діни ағымдардан

жапа шеккендерге көмек орталығының жетекшісі,

теолог

Сурет Flagma.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале