17.04.2024, 19:01
Оқылды: 41

Арақ адамды қашанда құрдымға сүйрейді

Қазағым «Арақ атаңнан қалған ас емес» дейді. Осы сөзді өзіміз де сан мәрте айтып жүрміз. Бірақ кеңестік кезеңнен кез келген той-топыр, мерекені сылтау етіп, рөмке қағыстыратын әдетімізді әлі күнге етегімізден жармастырып, өзімізден аластағымыз келмейді. Дастархан басында тілек айтып, анда-санда «ақаңнан» ұрттап тұратынымыз кейін ауруға айналып, өмірімізге, саулығымызға қауіп төндіретінін ұғудан жалтарамыз. Неліктен? Уыттының кесірінен талай шаңырақ шайқалып, жас ғұмырдың ойраны шығып, тіпті жол апаттары да орын алып жатқанын білеміз ғой. Ал оқырмандарымыздың осы жөнінде не айтары бар екен?

WhatsApp Image 2024-04-17 at 19.32.21

Былтыр мәжбүрлеп емдеуге 4 адам, биыл 3 айда 4 адам кетті

Айман НҰРЖАНОВА, аудандық аурухананың фельдшері, психиатр-наркологы: Қоғамдағы келеңсіздік, ішімдікке салынған адамдар туралы ұзақ айтуға болады. Менің жұмысым – осындай жандарды есепке алып, олардың қоғамға қайта оралуына септесу. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ, расын айтсақ, ішімдікке салынған мұндай науқастарды емдеу өте қиынға соғады.

Асылы, ешбір адам маскүнем боламын деп ішпейді. Алғашқыда ептеп дәмін татып көрген соң, артынан өмірінде қиын кезеңдер орын алса, оны арақпен басып, немесе «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтықтан» зерігіп, іші пысып, көңілін ішімдікпен көтергендей болады. Бара-бара бұл әдет ауруға айналып, адам алкоголизмге шалдыққан науқасқа айналады. Мен осындай адамдармен күнде жұмыс істеймін. Осы бағытта аудандық білім бөлімінің тиісті мамандары, учаскелік полиция инспекторының көмегі зор. Қарапайым тұрғындар да өздерінің көршілеріне шағымданып, есепке алуымызды өтініп, келіп жатады.

Наркологиялық есепте тұрғандардың біреуі 28 жаста. Өмірі енді басталған уақытта араққа құмартып, тағдырын тәлкекке салғаны қынжылтады, әрине. Бастаған екенмін, жас ерекшеліктеріне қарай әрі жалғастырайын: 30-39 жас – 9 адам, оның біреуі әйел. 40-49 жас – 48 адам, төртеуі әйел, 50-59 жас – 36 адам, оның екеуі әйел, 60-69 жас 20 адам. Ақсақал жасқа келгенде де, ішімдіктен бас тартпай, есепке алынғандар да бар – олардың саны алтау болса, екеуі – немере-шөберенің қызығына бөленіп отыруы тиіс әжелер. Есепте 5 нашақор да тұр. Осылардың 15-і былтыр тіркелді, арасында бала-шағасы көп ерлі-зайыптылар да бар. Есепке алған әр адамды үнемі бақылауда ұстаймыз, белгілі бір уақыт арасында олар маған келіп, тіркеліп тұрады. Әрине, арасында алкоголизмнен толық жазылып шыққандар бар, бірақ олар некен-саяқ.

Арақ адамның санасын жеңіп, оның адами құндылықтары кемиді, сондықтан олар небір қылмысқа бейім болады. Қажет кезде араққа ақша таба алмай, өзгенің мүлкін ұрлап, біреудің өміріне қауіп төндірген, тіпті өлтірген де жәйттар болды біздің тәжірибемізде.

Айта кетейін, маскүнем деп танылған адамның есептен шығуы қиын. Олар ай сайын дәрігерге келіп көрініп, өзінің ішпей жүргенін дәлелдеу қажет. Наркологиялық есепте тұрғандарды қарапайым жұмысқа да қабылдай қоймайды, жүргізуші куәлігін ала алмайды. Қайда барса да, олар туралы деректер бірегей базадан ап-анық көрініп түрады.

Арақтан ұрттап алып, отбасының шырқын бұзып, өзгелерге қауіп төндіретіндерді мәжбүрлеп емдеу орындарына жолдаймыз. Былтыр 4 адамды мәжбүрлеп емдеуге жолдасақ, осы жылдың 3 айында тағы төртеуі кетті. Өзге де маскүнемдердің құжаттарын жинақтап жатырмын.

Цифрлар, әрине, сұмдық. Ішімдікке салынбау үшін алдын алу және түсіндіру шараларын әр нәрсеге көңілі алабұртып тұрған жасөспірім шақтан бастау керек. Сондықтан колледж-мектептерде жастармен жиі кездесіп, лекция оқып, оның зияны мен зардабын түсіндіріп жүрмін.

Жоғарыда айтып кеткенімдей, адам бір күнде маскүнем болып шыға келмейді, бірте-бірте салынады араққа. Сондықтан осы кезеңде отбасы, жақын-жуық, құрбы-достарынан асқан қолдау қажет. Жағдай ушықпай тұрғанда, психологтың көмегіне жүгініп, адамның алкоголизм дертіне шалдықпауы үшін қолдан келген бар шараны жасағаны абзал.

«Өмірімнің күл-талқаны шықты»

Берік, аудан тұрғыны (есімі өзгертілген): Қашан басталды бәрі? Дөп басып айту қиын. Мүмкін, отбасылық мерекеде ағайын ағам «Ер азамат қой, ішетін болса, көзімізше ішсін. Көшеде қашып-пысып, тығылып ішпей» деп ұсынған алғашқы рөмкесінен шығар. Әлде соңынан мектеп бітіргенімізді тойлап, ұрттаған портвейннен басталды ма?! Әйтеуір, білетінім, араққа біздің үйдің мерекелік дастарханында қашанда орын табылатын. Туған күн, қарапайым қонақтықтың бірі де мойны сорайған бөтелкесіз өтпейтін. Әке-шешем қарапайым жандар, олар осындай күндерде аздап ұрттайтынын көріп өскен соң ба, сол арақсыз өсе келе, менің де көңіл көтеруім қиынға айналды. Ауылда өстік, артынан білім қуып, қалаға келдік. Жастардың жүрген жері – думан, себеп табылса, жігіттер боп арақтан жұқалап алатынбыз.

Ересек өмірге араласып, қызметке де кірістік, отбасылы болдық. Жұбайым көргенді отбасынан, үйіміздің берекесін келтіріп, екі қыз да туып берді. Әлі күнге ақталғандай боламын-ау, бірақ жаңа ғасырдың басында бірде-бір шаруа арақсыз шешілмейтін. Қара жұмысқа көмек қажет болса, қолдай келген жігіттерге арақ құю – міндет, өзің бірге алмасаң, үй иесі ретінде құрметтемегенің. Тартынудың орнына – «Тағы бір рөмке» деп, үстемелетіп қоямыз. Өзге достарға барсаң, керісінше олар саған «ағын» ұсынып, күндер осылай өте берді.

Ішімдік орған шыңырауға мені ешкім итермеді. Бәріне өзім кінәлі. Арақтың буы қаныма тарағанда, өз ашуымды өзім билей алмайтын халге жеттім. Жұмыстан ішіп келсем болды, жұбайыма тиісетінді шығардым. Қыздарымды да шапалақпен бір-екі ұрып жіберген кезім де болды, мойындаймын. Артынан кешірім сұрайын десем, жалған намыс ояна қалатын. «Үйдің иесі өзім, ақша да тауып, асырап отырған өзім, жалғыз біз емес, бәрі осылай өмір сүріп жатыр» деп өзімді өзім жұбатып, әйел-қыздарым қарсы келе қалса, одан сайын күжіреніп шыға келетінмін.

Бірде бір апта бойы ішіп, өзімнің қайда, кіммен жүргенімді айыра алмайтын халге жеттім. Есімді жиған соң, үйге келсем, бос тұр. Отбасы құрған алғашқы жылдарда жымиып қарсы алған әйелім де, құлдыраңдап алдымнан шауып шығатын қыздарым да жоқ. Осы кезде де мен өзімді кінәлауға намысым жібермеді. «Жақсы өмір іздеп кеткен ғой» деп, қайта оларға айып тақтым. Осыдан соң ағайын-тума, дос-бауырдың бәрі теріс айналды менен. Оларды да кінәладым «адам емес» деп.

Өмірдің жолы бұралаң. Сол арақтың кесірінен жұмыстан шығарып жіберіп, көк тиынсыз қалғанда да, бұл бәле мені уысынан шығармады-ау. Бәрінен баз кешіп, қалаға кеттім. Аяқжолдың жанына отырып алып, жұрттан қайыр-садақа тілейтін жағдайға да жеттім. Артынан таныс емес біреулер алып кетіп, малдың соңына салды. Кеште бір шишаны әкеліп тастайды, сол үшін ақысыз-пұлсыз қара жұмысқа жегілдім. Сөйтіп өмірімнің күл-талқаны шықты.

Мені осы құрдымнан жылдар өткенде, ересектеніп қалған екі қызым-қызғалдағым құтқарды. Қалай екенін білмеймін, іздеп тауып, «Әкелеп» емдетіп, қайта қатарға қосты. Жаңылыстым, адастым, сол күндерді есіме алсам, еркек болсам да, көзіме жас келеді. Өмір екінші мәрте берілмейді адамға, әттең!!! Араққа жеңіліп, қыздарымның есейгенін, бар қызығын көре алмай, сүйген жарымнан айырылып қалдым ғой. Өкінемін, әрине, бірақ істер амалым жоқ. Бәріне өзім кінәлімін...

Ата-анасының ішімдікке салынуы балаларына ауыр тиеді

WhatsApp Image 2024-04-17 at 19.32.46

Нұрлы ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ, аудандық білім беру бөлімінің психологы: Ата-анасының маскүнемдігіне балалар кінәлі емес, бірақ содан ең көп зардап шегетін – балалар. Мұның психологиялық және физиологиялық салдары өте ауыр. Ішімдік ішетін ата-аналар көбінесе соматикалық аурулары бар, ақыл-есі кем, өз қатарластарымен тең дами алмайтын сәби дүниеге әкеледі. Дені сау баланың өзі де ата-аналарының араққа салынғанынан, ауыр, өмірі жазылмайтын психологиялық жарақат алады. Мас күйдегі жанжал-төбелестер, үнемі арақтың буынан шыға алмаған ата-ана, оларға ере келген маскүнем «достары» – бала өмірінде болған осындай жағдайларды ешқашан ұмытпайды.

Маскүнем ата-ана бар өшін балаларынан алады. Оларды ұрып-соғып, ұрысып-балағаттап, өзіне деген сенімін жояды. Балалар өз құрдастарынан отбасындағы жағдай үшін ұялып, өз ортасынан алшақ жүргенді қалайды.

Ата-анасы ішімдікке салынған балалар өзінің әрекетін көп жағдайда дұрыс бағалай алмайды. Себебі олардың туған адамдарынан қолдау жоқ, аялап-әлпештейтін ата-ананың түрі анау. Өзгелер оның әке-шешесін айыптап, ғайбаттайды. Сол айыпты санасы бекіп үлгермеген ұл-қыз өздеріне қатысты қабылдап, осындай жағдайдың қалыптасқанына өздерін кінәлауға бейім болады. Жоғарыда айтып кеткенімдей, кей балалар өзді-өзінен тұйығып, отбасындағы жағдайды, сырын айналасындағыларынан жасырып жүреді. Сондықтан олар әлімжеттіктің құрбаны болуы мүмкін. Себебі отбасында ата-анасынан кемсіту көрген бала өзгелердің де оған солай қарауын заңдылық деп қабылдайды. Бұйығы өскен бала өзгелердің, соның ішінде педагогтардың көмегін қабылдамай, кез келген қолдауды агрессиядай көреді.

Керісінше де болады, мұндай отбасындағы балаларда девианттық мінез-құлық басымдық алып, ашуын өзінен әлсіздерден алуы мүмкін. Ата-анасынан көрген өрескел әдет-әрекетті, озбырлықты дұрыс деген ой санасында қалыптасып, өзінен әлсіз жандарға күш көрсете бастауы мүмкін. Біздің тәжірибеде де осы екі санаттағы да балалар кездесті.

Олардың әрқайсысын ата-анасымен бірге арнайы есепке алып, қоғамға бейімдеу бойынша психологтар жұмыс жүргізеді. Ата-анасы ішетін бала қолдауға зәру. Әкесі мен шешесінің қамқорлығынан жұрдай баламен психологиялық тұрғыда үлкен жұмыс жүргізіледі. Бейәдептілікке бой алдырмас үшін мұндай балаларды мектептен тыс үйірме жұмыстарына тартқан абзал. Өнер-білім баланы дамытып, ата-анасының өмірін қайталамауға жетелейді.

Пікір алған Әлия Шарапиева, 

Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале