29.04.2024, 22:00
Оқылды: 53

«Сәлем, Шыңғырлау» атты аудандық ән байқауы өз мәресіне жетті

Шыңғырлау ауданында қаңтар айында «Сәлем, Шыңғырлау» атты аудандық ән байқауы басталған болатын. Аудан әншілері әр түрлі сала мамандарымен жұптасып өнер көрсететін бұл жоба жуырда өз мәресіне жетті.

image-29-04-24-08-40-11

Алты кезеңнен тұратын додаға 12 жұп қатысып, финалдық бәсекеде 6 жұп өнер көрсетті. Әр айналымда белгілі бір тақырып бойынша ән шырқаған қатысушылар бірден көрермен көзайымына айналды. Әр жұптың өз жанкүйері болып, әр кезеңде келіп қолдауларын көрсетіп жүрді.

image-29-04-24-08-40-9

Соңғы айналымда әділқазылар алқасы қатарында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шыңықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов, аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының орынбасары, жоба ұйымдастырушысы Айбек Абаков, 2022 жылғы аудандық “Егіз лебіз” ән байқауының жеңімпазы Дулат Нұртазин болды.

image-29-04-24-08-40-14

Бұл кезеңде әншілер екі шығармадан орындады. Әннің орындалуы, қатысушының сахнада өзін-өзі ұстауы, қойылым мен дайындық деңгейін таразыға салған қазылар алқасы әділ төрелік етіп, халық разы болардай шешім шығарды.

image-29-04-24-08-40-16

Доданың бірінші кезеңінен-ақ жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп жүрген аудандық балалар музыка мектебінің оқытушылары Айдос Исекенов пен Мирас Мукаримов жобаның жеңімпаздары атанды. Әмірхан Жұбаниязов, Дәулет Джуртканов І, Тілек Капсанов, Алтын Какиева ІІ, Серікжан Тасқалиев пен Әйгерім Оңғаралиева ІІІ орынды иеленді. Жүлделі орындарға ие болған барлық жұп дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

image-29-04-24-08-40

Міне осылайша әр кезеңін асыға күтетін, бірнеше айға созылған көрерменнің сүйікті жобасы өз мәресіне жетті. Қызыққа толы, тартысты бәсекенің өнерпаздарына, ұйымдастырушыларына шыңғырлаулықтар алғыстарын білдіріп отыр. Айта кетелік жоба басынан демеушілік көрсетіп келген Аида Кужиева әр кезеңде жобамен қош айтысқан өнерпаздарға, және жеңімпаздарға ақшалай қолдау білдірді. Тамаша жобаның көркін қыздыра түскен осындай тосын сыйға өнерпаздар да, халық та риза.

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале