30.05.2019, 11:22
Оқылды: 76

Аралтөбедегі «Жалын» қайта тұтанды

Сырым ауданында белгілі телепродюсер Алпамыс Шаримовтың «Жалын» фестивалі өтті. Ауыл жастарына арналған шараны телепродюсер «Туған жер» бағдарламасы және «Жастар жылына» орай өзінің туған ауылы Аралтөбеде ұйымдастырды.

 IMG_1050

         Әріптестерінің ауылындағы шарасын қолдау үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, әнші Майра Ілиясова, әнші, композитор Ұшқын Жамалбек, актер, әнші Артур Төлепов және әнші Мұхтар Рамазанов, Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театрының бас балетмейстері, «K.K.K dancestudio» би студиясының директоры Қарлығаш Қадырбекова сияқты өнер өкілдері де келді.

         Дарынның, жанартау жігердің көзі бір кездері Аралтөбе ауылында өтетін «Жалын» оқушылар фестивалінде ашылғанын біздің ел жақсы біледі. Сол «Жалын» қайта тұтанып, қайта жаңғырып, Алпамыс Шаримов ауданның ауылындағы жастардың барлығын Аралтөбеге жинады.

         Сырым ауданы ауылдарынан жиналған жастар әуелі Алпамыс Шаримовтың шеберлік сағатына қатысты. Кейін аудандық мәдениет үйінде ауылдар арасындағы өнер байқауы өтті. Әрбір ауыл тарихын, табиғатын, өңірлік ерекшелігін театрландырылған қойылыммен, әнмен, өлеңмен, былай айтқанда өнермен таныстырды.

IMG_1136

         Осы күні Аралтөбе мектебінде белгілі спортшы, ауыл спортын дамытуға үлес қосқан азамат Жанбота Нұрғалиевті еске алуға арналған аудандық волейбол турнирі өтті.

         Өнер сайысында да, волейбол жарысында да бірінші орынды – Бұлдырты ауылдық округінің жастары иеленді. Қособа, Талдыбұлақ, Елтай, Алғабас, Жетікөл ауылдық округтерінің жастарын жүлдеге ие болғандардың, сәтті өнер көрсеткендердің қатарында атай аламыз.

araltobe (2)

         Фестивальдің «Open air Araltobe» атты қорытынды гала-концерті ауыл саябағында өтті. Концерттің ашылуында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысып, сөз сөйледі. Күні бойғы сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, аталым бойынша иегерлері марапатталды. Гала концертте жергілікті көркемөнерпаздармен бірге Майра Ілиясова, Ұшқын Жамалбек, Артур Төлепов өнер көрсетті. Олардың әрқайсысына Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Рақымжанов алғыс хат тапсырып, ауыл азаматы Қуанай Гумаров шапан жапты.

         Белгілі атбегі, БҚО ат спорты федерациясының президенті Мүтәлі Төреғалиев шараның ұйымдастырушысы, ауылдың баласы Алпамыс Шаримовқа шапан жауып, ат мінгізді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы,

zhaikpress.kz

araltobe (1) IMG_1062 IMG_1279 IMG_1293 IMG_1345

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале