5.12.2022, 21:07
Оқылды: 177

Ардагер ұстаздың ғасыр тойы

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде мұғалімдердің еңбегі зор. Осы салада жұмыс істеп, ғасыр жасаған ұстаздарымыз саусақпен санарлық. Осындай тұлғаның бірі – Мария Пащенко. Ақсай қаласының тұрғыны, Батыс Қазақстан облысының ең қарт ұстазы, Бөрлі ауданының құрметті азаматы Пащенко Мария Никифоровна 5 желтоқсан күні 100 жасқа толды. Мерейтойға орай Ақсай қаласының №1 ЖОББ мектебінде Мария Никифоровнаға арналған «Ғасыр ұстазы» атты дөңгелек үстел өтті.

image-05-12-22-04-45

Бір ғасырдың куәсі болған Мария Пащенко 1922 жылы Бөрлі ауданындағы Харьковаловка ауылында дүниеге келген. Мария Пащенко өзінің жұмыс тәжірибесін 1941 жылы 19 жасында ауыл мектебінен бастаған. Бөрлі ауданында дүниеге келіп, тұрмыс құрып, 40 жылдай уақыт ауыл және қала мектептерінде еңбек етті. 1969 жылы отбасымен Ақсай қаласына қоныс аударып, аудандық білім бөлімінде, одан кейін зейнетке шығар алдында жеті жыл №1 мектепте қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін ұстаз медальмен марапатталған. Мария Никифоровна көп жылғы педагогикалық қызметі үшін бірнеше рет облыстық, аудандық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, 1960 жылы «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алды.

image-05-12-22-04-45 (2)

Шақырылған қонақтар тізімінде аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Айымгүл Тржанова, ауданның әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Роза Ахметова, білім бөлімінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Әсел Имашева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтығали Макеев, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету орталығының басшысы Ольга Басимова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Әсия Байниязова және жас педагогтерде бар.

- Аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан мерейтойыңызбен құттықтай отыра, сізге зор денсаулық тілеймін. Сіз Бөрлі ауданының құрметті азаматысыз. Ауданымыздың дамуына қосқан үлесіңіз бен 36 жыл білім саласына тигізген көмегіңіз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да ауырмай, отбасыңыздың ортасында бақытты өмір сүріңіз. Оқушыларыңыз сізбен мақтанады. Қазіргі уақытта оқушыларыңыздың Қазақстанда және басқа елдерде әртүрлі салада жұмыс істеуі сіздің еңбегіңіздің арқасында, - дейді аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы.

Кейуананың қызы аналарының әлі күнге дейін балаларына көмектесіп отыратынын айтып өтті.

- Анамыздың есте сақтау қабілеті өте жақсы. Жүзге келседе оқушыларымен өткізген қызықты оқиғаларын ұмытпайды. Анамыз өте еңбекқор адам. Отбасыда біз үш қызбыз. Екеуміз анамыздың жолын қуып, ұстаз атансақ, ал бір қызы дәрігерлік жолды таңдады. Біздің балалық шағымызда анамыздың оқушылары дәптерлерін тасып, аулада күтіп тұратын. Біз үшін бұл үлкен құрмет еді. Бұны көріп өскен біз мектеп бітіргеннен кейін пединститутқа тапсырдық. 55 жасында зейнетке шығып, бізді жұмысқа жіберіп, өзі біздің балаларымызды бақты. Анамыздың алғаш еңбек жолын бастаған кездегі оқушылары 7-8 жаста болса, қазіргі таңда олардың жасы 88-89-ға келді, - дейді қызы Валентина Николаевна.

image-05-12-22-04-44 (2)

Шара барысында ғасырды еңсерген ұстазға арнап өлең шумақтары оқылып, ән де айтылды. Жас педагогтер ұстаздық қызметте ескеру керек қағидаларды сұрап, ұстазға сұрақтарын да қойды. Кейуананы құттықтап келген қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, бағалы сыйлықтарын табыс етті. Әжей өзінің ғұмырының мәнді де, мағыналы шақтарын айтып, көрсетіліп жатқан құрметке алғысын білдірді.

Ғасырға иек артып отырған әжеміздің еңбек жолы да, өнегелі өмірі де бүгінгі ұрпаққа үлгі. Отбасының ұйытқысы болып отырған ардақты әжеміздің 8 немересі, 18 шөбересі бар бақытты ана.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале