8.03.2024, 11:00
Оқылды: 17

«Ардақты ана, аяулы ана қымбаттым» мерекелік кеші өтті

Сырым аудандық мәдениет үйінде 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған “Ардақты ана, аяулы ана қымбаттым” атты мерекелік салтанатты кеш өтті.

IMG_9963

Кештің шымылдығы ана жайлы театрландырылған көрініспен түрілді.

IMG_9961

Мерекелік кешке жиналған ауданымыздың нәзік жандыларын аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов құттықтады.

- Қазақ халқының “Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен  әлемді тербетеді” деген нақыл сөзі бүгінгі таңда әйелдердің белсенділігі артып, қоғамдағы өз орындарын тауып отырғандығының дәлелі.

Біздің аналарымыз – жарқын істерді бастаушы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Еңбекте, денсаулық сақтауда, білім беруде, өнерде баршаға үлгі болып келеді. Кейінгі толқын осынау игі дәстүрді лайықты жалғастыруда.

Сырым ауданы бойынша 18 әйел азаматша аудандағы әртүрлі салада басшылық қызметте, 39 азаматша мемлекеттік қызметте  еңбек етуде, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласында – 150-ден астам, білім беру саласында – 800-ден астам, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласында – 300-ге жуық  әйел азаматшалар еңбек етуде. Яғни, мемлекетіміз әйелдерге қоғамның әр саласында өз қабілеттерін жан-жақты ашуға толық  мүмкіндік беріп отыр.

Ауданда қазіргі уақытта 1381 «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері болса, көпбалалы аналар саны 481 адамды құрап отыр. Қадірменді арулар, өмірімізге мән, тіршілігімізге сән берген Сіздерге отбасының амандығын, ұзақ ғұмыр, шаттық пен шапағат, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін,- деді аудан басшысы.

IMG_9957

Жұмагелді Жолдыбайұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес “Күміс алқаны” Құралай Каримоваға, Батыс Қазақстан облысының “Құрметті ардагер” төсбелгісін Гүлбақша Ерғалиеваға, “Спорт жұлдыздары” республикалық журналының редакция алқасының шешімімен “Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін” медалін Гүлнар Зимұхановаға, Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатын Жанна-Мари Веберге және ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген әртүрлі саладағы аруларға аудан әкімінің Алғысхатын табыс етті.

IMG_9958

IMG_9959

Салтанатты шара ауданның көркемөнерпаздарының, облысымызға танымал “Дала арландары” тобының рухты, әуезді әндеріне,  “Shine” , “Аружан”, “Жауқазын” үлгілі би ансамблі қыздарының мың бұралған билеріне, ауданның кішкентай дарынды ұл-қыздарының әні мен биіне ұласты.

“ORTA” дарынды балалар орталығы жанындағы “Әдемі” вокалдық тобының шәкірттері “Гүлмін” деп әнге салып, сән көйлегі үлгілерін көптің назарына ұсынды.

Ақын Бауыржан Ширмединұлы тізгіндеген кеш әдеттегіден ерекше болды десек, артық айтқандық болмас. Олай деуімізге себеп, көрермендер арасынан қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев жанды дауыста “Ана туралы жыр” әнін шырқап, қалың көрермен қолдай кетті.

IMG_9962

Әйелдер күніне арналған мерекелік шара аудан өнерпаздарының арулар жайлы поппури әндерімен әдемі нүктесі қойылды.

Айжан Амангелдина,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале