2.07.2020, 15:24
Оқылды: 66

Арманы асқақ Ақмарал

Домбыраның шанағына ғасырлар үні мен ұлы даланың шежіресі сыйып кетеді. Себебі бабалар тарихын күймен жеткізген. 12 перне он саусақтан қазақтың сан ғасырлық қуанышы күмбірлеп, қайғысы күңіреніп шығады. Домбыра жай ұлттық аспабымыз ғана емес ол - мұра. Ал Қорқыт бабамыздан бастау алған күй өнері қазақпен біте қайнасқан қазына. Сосын да болар әр қазақ домбыраны киелі санап, төрге іліп қояды.

B26558F8-89B1-4D94-9763-B80DEBEFC7B7

Өнер атты өміршең ортаның қазанында қайнап, шырмауы көп өмірін домбыра өнеріне арнаған жандарды қазақ қашан да қадыр тұтқан. Домбыра күні мерекесіне орай жас болса да шәкірт тәрбиелеп, өзі қызмет ететін Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы №2 саз мектебінің атын елге мәшһүр еткен күйші Ақмарал Қуатова әңгімемізге арқау болмақ.

Ақмарал Жасұланқызы 1996 жылы ауданға қарасты Дариян ауылында дүниеге келген. Айтуынша, 4-5 жасында домбыраға қызығушылығы ояныпты. Бойындағы өнерін байқаған ата-анасы өнерлі қызын саз мектебіне оқуға берген.

-Алғаш рет домбыра шертуді Амангүл Намазова атты ұстазым үйретті. Есейген сайын аспапқа деген құрметім артып, қызығушылығым күшейді. Әр үйренген күй ерекше мотивация беретін. Сол себепті бала күнімнен өнер жолын таңдауға бел будым,-дейді Ақмарал.

56884E2F-2866-446A-AD2F-BC74E0354ACE

Тұла бойында сан алуан талант тоғысқан ол домбырамен қатар би өнерін де ерекше жақсы көреді. Айтуынша, бала күнінде қосымша би үйірмесіне баруға да уақыт табатын болған. Бірақ мектеп бітірген соң М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің студенті атанады. Студент шақта талай байқауларға қатысып, көптеген жүлдеге де ие болған Ақмарал 2017 жылы оқуын үздік аяқтап, өзін тәрбиелеген Дарияндағы саз мектебіне домбыра сыныбының мұғалімі болып, жұмысқа орналасады. Сол уақыттан бергі үш жыл ішінде биік белесті бағындырып, бірнеше шәкірт тәрбиеледі.

-Үш жылдан бері табан суытпай саз мектебінде қызмет жасап келемін. Оқушыларымның арасында болашағынан үміт күттіретін бірнеші шәкіртім бар. Былтыр Дамир Қайыржанов атты оқушым республикалық «Дала сазы» байқауына қатысқаны үшін алғысхатпен марапатталды. Сондай-ақ жас музыканттардың 52-ші аудандық фестиваль-байқауында домбыра аталымы бойынша өнер көрсеткен Айнұр Құрбан жүлделі үшінші орынға, Дамир Қайыржанов екінші орындарға ие болды. Осындай сәттерде ұстаздық жолды босқа таңдамаппын деген ой келеді. Болашақта Дариян аспанын күйге бөлейтін үлкен домбырашылыр ансамблін құрсам деген ойым бар,-дейді Ақмарал Жасұланқызы.

33C6E490-4734-4E81-8CAE-93981E13FE2B

Жас болса алдына үлкен мақсатар қойған Ақмаралдың алар асуы мен бағындырар белестері мұнымен шектелмек емес. Үнемі ізденісте жүретін ол қазақ күйлерін мен жыр-термелерін заман талабына сай жаңартып, көпшіліктің саф өнерге деген қызығушылығын оята түссем деген де ойы барын жасырмайды. Ол ойын іске асыру мақсатында жұмыстанып та келеді.

 Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале