18.11.2021, 11:45
Оқылды: 53

Арнайы вакцина елге келді

Бәйтерек аудандық орталық ауруханасында коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу жайы талқыланған жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық орталық аурухана директоры Тимур Мусағалиев және мектеп директорлары қатысты.

IMG-20211117-WA0069

Жаман індеттен құтылудың жайын талқылаған отырыс барысында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев елге 12-17 жастағы балалар мен жүкті және бала емізетін нәзік жандыларды егуге арналған «Pfizer» компаниясының «Comirnaty» вакцинасы келгенін айтты.

-Елдегі эпидахуал тұрақтанды. Десе де солтүстік көршіміздегі жайсыз жайттар сақтық шараларын күшейтуге мәжбүрлеп отыр. Былтыр төтенше жағдай жарияланар шақта коронавируспен негізінен жасы үлкен жандар ауырып келсе, осы күні аты жаман ауруды балалар да жұқтырып жатыр. Соған байланысты ел Үкіметі барлық деңгейдегі тексерістен өткен «Pfizer» компаниясының «Comirnaty» вакцинасын алдырды. Қазіргі таңда ауруды жеңудің жалғыз жолы екпе алу болып отыр. Сондықтан барлығымыз екпенің маңызды екенін түсіндіруіміз керек,-деді Ерікқали Ғұмарұлы.

IMG-20211117-WA0072

Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 73 пайызы егілгенін, оның жақсы көрсеткіш екенін де айтқан аудан әкімінің орынбасары жаңа вакцинаны салу ел денсаулығын нығайтудың бірден-бір жолы болып отырғанын да баса айтты.

Кейін аудандық орталық аурухана директоры Тимур Мусағалиев 12-17 жас аралығындағы балаларға екпе салмас бұрын ата-анасынан жазбаша рұқсат талап етілетінін түсіндірді. Егер ата-ана балаға салдырғысы келмесе, ешкімді мәжбүрлемейтінін де айтты.

Сондай-ақ мамандар қатерлі вирус балада жеңіл өтеді, олар тек тасымалдаушы деп қарамау керек екенін де ескертті. Өйткені ағзаға көп мөлшерде вирус түссе, зардабы да ауыр болатын көрінеді. Сонымен қатар коронавирус созылмалы ауруға шалдыққан балаларға да өте қауіпті делінген жиында әлемдік деңгейде жіті зерттелген екпе түріне сенім артқан жөн екені де айтылды.

Кездесу барысында мектеп директорлары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған дәрігерлер жауап қатты.

Арал Болпышұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале