5.11.2021, 15:40
Оқылды: 75

Ащыға бақыраш салсаң, балық ілігеді...

Балық жеген тоқ болар. Ауыл шаруашылық саласындағы мамандар да, кәсіпкерлер де қазір төрт түлікті бағып, өсіргеннен гөрі балық асырағаннан түсер табыс көп болатынын айтып жүр. Көпшіліктің арасында құны шарықтап тұрған ет өнімдерінен сұранысы кем түспейтін желбезектілерді өсірудің қиындығы да аз, шаруашылықты жүргізуге кетер шығын да зор емес. Гектар-гектар жайылым іздеп, малға азық жинап әуре болмайсың...

3

Иә, айтуға оңай көрінгенмен, бұл істе де ширақтық, ептілік қажет. Сондықтан шығар, ауданда кіші өзен мен тоғандардың көптігіне қарамастан, тәуекелге барып, суасты мақұлықтарын өсіруге бет бұрғандарды бір қолдың саусағымен санап шығуға болады. Солардың бірі – Жайықтың бұқар бетіндегі байырғы өзен Ащыда кәсібін өрге дөңгелеткен  «Әліп» шаруа қожалығы.

Ащы өзені мен оның бойындағы су қоймасын жалға алған шаруашылық жетекшісі Сәкен Мұқановтың табысты кәсіппен айналысқанына 7 жылдың жүзі болыпты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен арадағы Ащы өзенінде балық шаруашылығын жүргізу туралы келісімшартқа сай ол судың осы ырысының түрлерін көбейту және сапасын арттыруға күш салуда.

Кәсіп иесінің бұл бағытқа тоқтауы ғажап емес. Көнеккеткен ауылында дүниеге келген ол бала кезінен іргеден аққан Ащының суына шомылып, балығын аулап өскен. Ала таңнан қас қарайғанша судан шықпай, қармағына балық іліксе, жерден жеті қоян тапқандай, қуанатын ауылдың баласы есейгенде табысы көл-көсір осы іске бет бұрады. Орал қаласына қоныс аударған ол кезінде Атырау мен екі ортада балық тасып, кәсіп етіпті. Әрине, ұзын жолдан төнер қауіп көп-ақ, әр сапарға шыққанда, аман оралуын күтіп отыратын әйелі, бала-шағасы бар. Осының бәрін елеп-екшеген ол жігіт ағасы шағына келгенде, туған ауылына оралып, бала кездегі сүйікті ісін қолға алуды жөн көреді.

1

... Әдетте ызғырық желі, қара суығымен көңілді жабырқататын қарашаның басы биыл ерекше жылы күндерімен қуантып тұр. Ащыға балық аулап, демалысқа келгендер де аязды қыстың алдындағы шуақты шақтарды қапы жібермеуге тырысуда. Күн ұзаққа өзен жағасында қармақ лақтырып, іліккенін  олжалап кетеді.

– Көбінесе мұнда демалыс күндерінде тынығып, уақытын өздерінің хоббиіне арнағысы келетін қалалық балықшылар келеді. Жиі түнеп қалады. Мейрам қарсаңында Ащының жағасында ине шаншар жер қалмайды десек, артық айтқанымыз емес. 50-60 адам келген күндер де болды. Қазір пандемия болғасын ба, Ресейден қатынайтын қонақтарымыздың қатары азайды. Бұл Ащының басына кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңізші?! Бірде Қазақстанға іссапармен келген Кали есімді француз азаматы да болған. Табиғаттың сұлулығына тамсанып, таң-тамаша әсерде қалды. Біздің мақсатымыз – осындай демалушыларға жағдай туғызып, олардың еш алаңсыз балық аулауына мүмкіндік беру. Бұл ретте, ең бастысы, тәртіп керек. Сондықтан өзіммен бірге мұнда екі күзетші жұмыс істейді. Үздіксіз өзен бойын аралап, артық-ауыс адамдардың жүрмеуін, тазалықтың сақталуын қадағалайды, – дейді Сәкен Сүйіндікұлы.

Игорь Самохвалов шаруа қожалығы құрылған алғашқы күндерден осында  қызметке тұрған.

– Бұл жұмыс – тек жүректің қалауымен атқарылатын қызмет. Үй көрмей, өзен жағасында апталап, айлап жүруге көп адамның дәті жібермесі анық. Өзім қалалық болсам да, бала кезімнен әкеммен бірге осы Ащыдан балық аулайтынмын. Артынан достарыммен бірге жанға жайлы орынға талай келдік. Сәкен күзетші болуды ұсынғанда, бірден келісе кеттім. Шаруашылықтың аумағы кең, 16 шақырымнан асады. Жаз уақытында жұмыс аздау, ал қыста балықтарды аман сақтап қалу үшін тынымсыз еңбек қажет. Мұзды ойып, шабақтардың тұншығып қалмауы үшін қолдан келген амалдың бәрін жасаймыз. Су құрамындағы органикалық заттарды тез тотықтандыру, ауамен қолдан қанықтыру үшін қолдан құрылғы да жасап, орнаттық Ал көктемде су көтеріліп, жанымыз байыз табады. Осы кезеңде шабақтар айдынға жіберіледі. Балықшылардың  су қоймасында орнатылған тәртіпті қатаң орындауы да – біздің міндетімізде. Балықты сауатты, ережеге сай аулап тұрса, одан оның қоры азаймайды. Қорға орасан зор нұқсан келтіретіндер – браконьерлер. Күні-түні қадағалаудың арқасында заңсыз балық аулауға тосқауыл қойылды, – деп түсіндірді өз жұмысының маңызын қорықшы.

Бабын білсең, әрине, берекені балықтан да табасың. Ащы өзені желбезектінің қай түріне де бай. Жыртқыштарынан шортан, жайын, алабұға, көксеркемен мақтана алады. Ал  көктем-күз айларында шаруа су айдынына тұқы менен сазанның шабақтарын жібереді. Ол балық шабақтарын Орал қаласындағы «Марченко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алады. Бұл тұста шаруашылықтың Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен жіті байланыс орнатқанын айта кету керек. Ғалымдар өзен деңгейін, судың құрамын, жем қорын зерттеп барып, айдынға жіберілетін шабақтардың санын анықтап береді. С.Мұқановтың айтуынша, су жақсы көтерілген алғашқы жылдары 1 миллиондай шабақты жіберсе, соңғы жылдары оның саны 500-600 мыңның төңірегінде.

Қожалықтың жұмысы екі бағытта өрбуде. Бірі балықшыларға жолдама беріп, әуесқой-спорттық балық аулауды дамыту болса, екіншісі – кәсіптік балық аулау. Бірінші  бағыт бойынша Сәкен Мұқанов облыс орталығындағы ірі орталықтар – «Турист», «Оружейный двор», «Дикий Запад», «Сафари» дүкендерімен тығыз қатынаста екен. Өзеннің жағасында тынығуды қалаған жандар бұл орындардан жолдама алып, еш кедергісіз келе алады. Осындай жиі қонақтардың бірі болып табылатын Юрий Грищенко айына бір келмесе, Ащыны  сағынатынын айтады.

– Балық аулағанды бала кезімнен жаным сүйеді. Облыстың ірі су қоймаларының бәрінде болдым. Бірақ Ащыдан артық жер жоқ сияқты. Тұмса табиғат, балықтың алуан түрі, саф ауа. Жақсы демалыс үшін осыдан артық не керек? Әрі шаруашылық иесі де, қызметкерлер де үнемі жылы қарсылап алады. Кейде уақ-түйектерді ұмытып кетіп жатамыз, сондайда қажет дүниемізді тауып беріп, көмектесетініне ризамын, – дейді ол.

Сәкен Сүйіндікұлы өзінің отбасы мүшелерімен, жұмысшылармен және ауыл азаматтарының көмегімен тиісті жұмыстарды уақытында атқаруда. Балыққа дәруменді азықтар беру, қыс мезгілінде өзен бетін қардан тазалап, мұзды ойып, балыққа ауа жіберу, жаз мезгілінде өзен жағалауларын таза ұстап, сенбіліктер ұйымдастыру жөнінде қам-қарекеттер мұқият орындалып жүр. Жағажайды өскен қамысты шауып, өзен  табанының тайыздамауын қамдайды. Айтпақшы, қамысты түгел шауып тастауға болмайды екен. Біріншіден, оның тамырын балыққа қорек болатын жәндіктер мекен етсе, екіншіден қыста мұз тұрғанда қамыстың ішімен су астына ауа барып, балықтардың тұншықпауына зор сеп болады екен. Сонымен қатар суда балық жемінің мол болуы, оның тазалығы, уылдырық шашатын орындардың табиғи қалпында сақталуы тұрақты қадағаланады.

Кәсіптік балық аулауға келетін болсақ, қожалық өңірімізде халық көп баратын базарларда өзеннен ауланған балықтарды сатуға рұқсат алған. Айталық, биыл Ащы өзенінен жоспар бойынша 1 мың тоннаға жуық балық аулауға рұқсат берілді. Яғни қолға алған кәсіптен пайда молынан.

2

Ізденісті талап ететін осы тірлікпен қатар С.Мұқановтың ұлы Эльдармен бірлескен мал бордақылау жөнінде қам-қарекеті өз алдына ауқымды. Кәсіпке епті жанның істі заман талабына сай өрістетудегі бұл еңбегі де талайға үлгі болып табылады. Шаруашылық басында жаңа қора-қопсымен бірге бордақылау алаңын, жемжөп қоймасын салып қойыпты.

Шаруасын жолға қойған азаматтың уайымы да жоқ емес. Алаңдататыны – кезінде Шалқар көлінен бастау алып, Жайыққа дейін құйған өзен арнасының жыл санап семіп келе жатыр. 54 шақырымға созылған өзеннің бүгінде тек 16 шақырымында ғана су бар. Оның өзі көктемде еріген қар мен су астындағы бұлақтардың арқасында ғана сақталып отыр. Соңғы жеті жылдың өзінде бар судың деңгейі де 4-5 метрге төмендеген. Ащының амандығы  Жайыққа тікелей байланысты. «Табиғи байлығымыз – Жайық арнасынан асып, Ащының ернеуіне дейін су көтерілген күн  туса» деп тілейді шаруа.

Әлия Серікқызы,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале