27.01.2023, 9:45
Оқылды: 58

Асқардың «екінші тынысы» ашылды 

ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 3 қарашадағы №869 қаулысын сырымдықтар үлкен қуанышпен қабыл алды. Осы қаулы негізінде Сырым ауданындағы 50 жылдық тарихы бар балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне самбо күресінен Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Асқар Шайхиевтің аты берілді. 

IMG_1656

Кеше қасбетінде «Әлем чемпионы Асқар Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі» деген жарқыраған жазуы бар кешеннің ішінде төселген бозкілемде 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Асқар Шайхиевты еске алуға арналған дзюдодан аудандық ашық турнир өтті.

IMG_1659

Күрес тойына облыс орталығы Орал қаласы мен аудандардан барлығы 400-ге жуық балуан келді. Олардың арасында, Асқардың Орал қаласына №11 дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы мектеп-интернатына оқуға барғанда бапкері болған Батыр Қуаныштың құрметіне ашылған «Батыр» дзюдо клубының да шәкірттері бар.

IMG_1660

Жарыстың салтанатты ашылуы шарасына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, саңлақ самбошының бауыры Тимур мен ұлы Талғат Шайхиевтер, досы Махамбет Өтепбергенов сөз сөйледі.

IMG_1661

- Асқар – даланың дарыны. Ауылдың асықтай ұлы КСРО құрамасына қабылданғанша, Әлемді бағындырғанша тер төкті. «Шайхиев» есімі спорт кешенінің маңдайында күнге шағылысып тұр. Балғын балуандар Асқардың жүлдесі үшін күресуде. Ең бастысы, ерін сағынған ел трибунадан «Тағы бір Асқар байқалмас па екен!?» - деп татамиге қарайды. Әдетте, өнер адамдарын, шығармашылық тұлғаларын еске алу, ардақтау шараларында «оның екінші өмірі – мәңгі өмірі басталды!» - деп жатады. Балуанға бұл сөз келеді ме, келмейді ме білмеймін. Бүгін «Асқардың «екінші тынысы» ашылды деуге болатын секілді. – деді аудан әкімі.

IMG_1662

Шайхиевтер жанұясы Асқарды ардақтау ісінің бастамашысы болып, кешеннің атын беру ұсынысы үшін табанынан тозып, досқа деген адалдығын танытқан Махамбет мырзаға шапан жауып, спорт мектебіне жаңа жаттығу жабдықтарын сыйлады.

IMG_1673

Бозкілемдегі белдесулер өте тартысты болды. Жанары алаулаған, ширақ, шалт, іліккен жерден жұлатын өрендерді көріп, Асқардың көзін көргендер чемпионды еске алып жатты.

IMG_1680

Өз салмағынан үздік шыққандардың мойынына Асқар Шайхиевтың алтын бейнесі бар медаль тағылып, бағалы сыйлықтар берілді.

IMG_1675

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Суреттерді түсірген: Айжан Амангелдина 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале