9.11.2021, 12:59
Оқылды: 131

Асыл тұқымды мал өрбіткен

Шыңғырлау ауданында шаруа қожалықтарының мал басын асылдандырып, етті сиырларды көбейтіп, санынан бұрын сапасына көңіл бөліп жатқандары аз емес. Себебі, мал шаруашылығын діттеген межеге жеткізудің жалғыз жолы – төрт түліктің тұқымын асылдандыру. Осы орайда өңірімізде мемлекет тарапынан көрсетілген көмек пен қажырлы еңбектің арқасында мал басы, соның ішінде асыл тұқымды жануарлар саны жыл сайын көбеюде. Бүгінде аудан көлемінде 19 шаруа қожалығынан 4000-ға жуық қазақтың асыл тұқымды ақбас, герефорд, симментал және абердин ангус тұқымды сиырларды кездестіруге болады.

30

Бұл шаруа қожалықтардың арасында өзіміздің жергілікті халықпен қатар өзге өңірлерден келген инвесторлар да жоқ емес. Солардың бірі Шыңғырлаудың шұрайлы жеріне тез үйреніп, осы аймақтың ауа райына жақсы бейімделген ірі қараны көбейтіп отырған «Логистик премиум» ЖШС. Өңірімізге тек биыл ғана келіп, жер алу құжаттарын рәсімдеп, малға арналған қора салу жұмыстарын ойдағыдай аяқтаған соң әзірге 177 қазақтың ақбас және 26 герефорд Зеңгі баба түлегін алып келген. Табиғи жайылымдарда семіру, тірідей салмақ қосу қабілеті өте жоғары, басқа тұқымдармен салыстырғанда, жерімізге бейімделгіш қасиетінің мығым екендігі әбден дәлелденген деп қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын айтсақ, герефорд та жердің кез-келген табиғи жағдайларына және климаттық ерекшеліктеріне тез төселуімен әйгілі. Сондай-ақ күтімге де жақсы бейім бұл малдардың ауызекі тілде «мәрмәр» деп аталатын сапасына сұраныс жоғары.

- Қазір елімізде мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Осы орайда біз де мал шаруашылығына қолайлы Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылдық округінде мал ұстауды қолға алдық. Биыл бірінші жыл болғандықтан тек асыл тұқымды сиыр малын алдық, дегенмен болашақ жоспарға сәйкес жылқы мен қойды да көбейту ойымызда бар, - дейді «Логистик Премиум» ЖШС-нің сенімді өкілі Асылжан Жақсығұлов.

Мал-жанның тілін білген Асылжан Сибағатұлының айтуынша, аналық ірі қарадан биыл төл алу жоспарда жоқ. Себебі жасы жетілмеген малдан алынған төл де, аналық мал да ұсақ болады екен. Сондықтан ең алдымен жас малдың өзінің өсуін мақсатетіпті.

Барлық материалдық жағдайды жөндеуді алға қойған қожалық қажетті техникалармен сайланып, қысқа мал азығын толық жинап болған. Бүгінде қызмекерлерге арналған тұрғын үйі, 4 үлкен мал қора, шөп шабуға, жинауға қажетті барлық техникалары дайын.

31

«Биыл қыстың қандай болатынын болжап айта алмаймыз ғой. Дегенмен өз есебімізге сай мыңдаған бума шөп жинадық. Әзірге қожалықта 6 қызметкер бар. Олардың тұрмыстық жағдайы, яғни жататын орны, ішер асы деген секілді барлық жағдайы жасалды. Ақтау ауылдық округінің мал дәрігерімен бірлесіп, малдарға екпе алу секілді жұмыстар жүргізілуде. Болашақта өзімізге жұмысқа тұрақты ветеринар маманын алу жоспарымызда бар»,-дейді серіктестік басшысы.

Иә, шөбі шүйгін әрі малға жұғымды Торыатбас тауының етегінде қоныс тепкен шаруа жанның болашаққа деген жоспары көп: мал өнімдерінің көлемін ұлғайту, халықтың сұранысын толық өтеу, оған қоса өзге өңірлерге, шетелдерге экспорттаудан пайда табу.

- Соңғы жылдарда ауданымызда мал шаруашылығы жақсы дамып келеді, соның ішінде шаруа қожалықтар асыл тұқымды мал өсіруге бет бұруда. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл барлық шаруашылық санаттарында асыл тұқымды ірі қара мал басы 47,3 пайызға артып тұр. Қазақтың ақбас тұқымын көбейтумен 14 шаруашылық, абердин-ангус пен герефорд тұқымын бағумен 5 шаруашылық айналысады. Бұл қожалықта етті сиырларды баптауды қолға алса, тағы бір шаруашылық сүт бағытындағы асыл тұқымды симментал сиырын өсіруге кірісті. Өңірімізге мал шаруашылығын дамытуға келген инвесторлар да төрт түліктің қай түрін болмасын, тұқымы жақсы түрлерін әкелуде.

Сонымен қатар, шаруа жандар мал бағуда жаңа технологияларды пайдалну арқылы шалғай даладағы жұмысты да, тұрмысты да жеңілдетуінің нәтижесінде сапаға жұмыс жасауда, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов.

Мал өсіру оңай шаруа емес. Десе де, моншақтап төккен маңдай терің ырыс болып оралатын адал кәсіп. Қымбатшылық белең алғанымен, қашан да табиғи және сапалы азық-түлік өнімдеріне халықтың сұранысы ешқашан азаймайды. Сондықтан, қолымыздан келгенше өзіміз де мал басын көбейтіп, бау-бақша егіп, қолданыстағы өнімді табиғи өнімдерге ауыстыра білейік.

Аман ІЗМҰХАН

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале