20.07.2023, 12:15
Оқылды: 24

Ауыл өнімдері – облыстық көрмеде

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсы өтті. Көрме аясында облысымыз бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасына енгізілгендер арасында жерлесіміз Назымгүл Оразгелдиева да қатысқан еді. Назымгүл құмаршықтан жасалған печенье мен қой, түйе жүндерінен иірілген жіп өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. 

корме

- Бұл өнімнің бәрін өзім дайындап, бір өзім ұсындым деу артық айтқандық болар. Бұл командалық жұмыстың нәтижесі. Жеке кәсіпкер ретінде менің құжаттарым тіркелгені болмаса, аудан атынан қатысқан бұл көрме ауыл боп жұмыстандық Өткен жылғы көрмеге құмаршықтың ұнын ұсынған едік. Сол шараға арнайы келген жапондықтар құмаршықтың ұнынан тәтті дайындауды, қой, түйенің жүнінен тоқылған бұйымдарды емес, сол табиғи жүннен иірілген жіпті келесі көрмеге дайындап әкелуді ұсынған еді. Биыл Талшын Кекенов жүнді жуып, дайындап берсе, Арай Қойшыбаева мен Қанапия Мұсағалиева жіп иіріп берді. Ал печеньені өзім пісірдім. Печеньені де сол жапондықтар жіберген рецептімен дайындадық. Олар рецепттің екі нұсқасын жіберген екен. Бизнес-жоспар бар, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп бастау болатынын көрсетіп отырмыз. Яғни, балық сұраған адамға қармағын дайындап бердік. Ендігі керегі ниет қана. Ауылдастарымыз ынта білдіріп жатса, қолдауға дайынбыз, – дейді Назымгүл Мәдиқызы.

корме-2

Жәрмеңке форматында өткен көрменің тамашалаушылары өздері қызығушылық білдірген өнім бойынша жергілікті тауар өндірушілерінен мәлімет алу мүмкіндігіне ие болды.

корме-3

Шара марапаттау рәсімімен аяқталып, үздік тоғыз кәсіпорын республикалық сайысқа жолдама алса, қалған қатысушылардың барлығына алғысхаттар табыс етілді.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале