17.02.2023, 23:31
Оқылды: 47

«Ауылдың әлеуетін көтеру үшін ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек»

Бүгін жұмыс сапарымен аудан орталығына келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев осындағы құрылыс нысандарын аралап, жұртшылықпен жүздесті. Атап айтсақ, ол 24 пәтерлік қос тұрғын үй, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы, Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмыстарымен айналысатын мердігерлерге нысандарды уақтылы және сапалы тапсыруды міндеттеді.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.17
Тұрғындармен кездесердің алдында өңір басшысы ауданда осы жылдың межесінде жүзеге асырылуы тиіс кәсіпкерлік бағыттағы және мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен атқарылатын жобалармен танысты. Мал азығын дайындау үшін суармалы егістікті айналымға енгізуді мақсат еткен «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов өзінің иелігіндегі танапта екпе шөп өсіруді қолға алмақ. Н.Төреғалиевке өз жобасын таныстырған ол өз ойын жүзеге асыру үшін 150 млн теңгеге жаңбырлатып суаратын 2 дана «Атлантик» құрылғысын алатынын айтты. Сонымен қатар аудан орталығында биыл құны 400 млн теңгелік супермаркет, 200 млн теңгелік сауда-демалыс орталығы және жеке балабақша іске қосылмақ.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.19
– Кәсіпкерліктің өрістеуінің қарқыны көңіл қуантады. Мына нысандар есігін ашқан сәттен-ақ 150 адамдай жұмыспен қамтылады. Көп ұзамай аудан орталығындағы тірлік қала деңгейіне көтерілсе, жұмыс іздеп, ауылдан үдере көшкен ағайын қайта оралатыны анық, – деді облыс әкімі.
Жүздесуді ашып жүргізген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов өз баяндамасында негізінен өткен жылы қол жеткен жетістіктерді тұрақтандыру жолын, алдағы міндеттер мен ұрымтал істерді көлденең тартты.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.16 (2)
Мемлекетімізде ауыл-аймақтың әлеуетін арттыруда жүргізіліп жатқан саясаттың жүгі де, маңызы да айрықша, – деді Қ.Ш.Айтмұхамбетов, – Ауданымызда «2021-2023 жылдарға шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары» қабылданып, биыл үшінші жыл қатарынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге арналған арнайы жұмыс тобы қызмет атқаруда. Топ дәл қазіргі сәтке ірілі-ұсақты 30 жоба сүйемелдеуде. Соның нәтижесінде 2023 жылдың 1 қаңтарына негізгі капиталға 10 049,5 млн инвестиция тартылса, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 61,9%-ға артты.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.20
Әкім өз баяндамасында ауданда өзекті мәселеге айналған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерллерді түгендеу, игерілуі, суландыруға да кеңінен орын берді.
Ауданымызда жер алуға өз жерлестеріміздің де, сырттан да қызығатындардың қатары қалың екен. Кез-келген адамға «Саған жер керек екен» деп билік ұстата бермейтіні түсінікті, әрі заңның өз талаптары бар. Мысалы, 2019 жылдан бері 174 жер учаскесіне (1135 гектар) бас-аяғы 33 конкурс шыққан. Сол конкурстарға 1088 үміткер қатысыпты. Яғни жеңіліп қалғандар мен ұтқандар арасында дау туатыны түсінікті.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.15
– Бізге жерімізді тиімді пайдаланатын, ісіне алымды азаматтар керек. Сондықтан игерілмей жатқан жер учаскелерін қайтаруға басымдық беріп отырмыз. 3 жылдың ішінде алқабы 57,2 гектарлық 45 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылып, 126,3 мың гектарды иеленген жер иелері өздеріне тиесілі түлігін жануарларды бірдейлендіру базасына тіркеп, жұмысын заңдастырды, – дейді аудан басшысы.
Ауданда халықтың 96,6 пайызы ауыз сумен, 99,3 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Бұл жақсылықтан шетқары қалған Тінәлі, Қабыл, Үштөбе, Жолап, Қарағай, Тоған ауылдарына ауыз су жеткізу, Баянтөбе ауылын газбен қамту алдағы күндердің еншісінде.
Жол құрылысында да дәуір талабына сай серпіліс керек. Аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 278,1 шақырым болса, оның тек 52,8 шақырымы ғана асфальтталған. Ал облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 248 шақырым, оның 19 шақырымы ғана талапқа сай. Облыс әкімі Н.Т.Төреғалиев облысқа ортақ осы мәселеге қатысты жай-жапсарды тарқатып айта кетті.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.18 (1)
– Біздің облыс, жасырғаным емес, республикада жолдың сапасы бойынша артта тұр. Жөндеу басталған бірнеше қатынастағы жол сол басталған күйі қаңтарылып қалған. Біз ең алдымен соларды аяқтауымыз керек. Шыңғырлау-Сегізсай, Индер-Барбастау, Жәнібек пен Орданы облыс орталығымен жалғастыратын жолдарды түгел жөндеп алсақ, жаңа бағытты да ойластырамыз. Бұл салада туындайтын тағы бір мәселе – қиыршық тастың тасымалы. Облыс көлемінде атқарылатын жөндеу жұмыстарына қажет ауқымды жеткізуге қазіргі көлем жеткіліксіз. Сондықтан республикалық бюджеттен бөлінген қаражат алдымен осы қаңтарылып тұрған жолдарға жұмсалады, – деді ол. Облыс басшысы жүздесуде осы жүздесу барысында түскен сұрақ, өтініштерден орындауға мүмкіндік барлары іс-шаралар жоспарына енгізілетінін баяндады.
Кездесуде ұсыныспен шыққан Нұрболат Сатағұлов әр ауылдың тұрмыс-тіршілігін, тұрғындардың мүмкіндігін саралап, елді мекендерді жаңғырту жұмысын цифрландыру қажет екенін, сонымен қатар ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп, округ әкімдері тұрғындарға ортақ ереже қабылдау керектігін алға тартты. Н.Т.Төреғалиев бүгінде еліміздің цифрландыру қарқыны бойынша көп елдерден озық екенін алға тартып, әр ауылдағы әр тұрғынның әл-ауқатына сай цифрландыру паспорты жасақталып жатқанын айта кетті.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.21 (2)
– Ауылдың әлеуетін арттыруға тек билік қана емес, тұрғындар да мүдделі болуы қажет. Қазір менің тапсырмам бойынша әр тұрғынның жағдайы талданып, ауласында қанша жер, иелігінде қандай мүлік бар екені сарапталуда. Мұның не қажеті бар деп отырған шығарсыздар? Отбасының ауласында бақша егетін жері болса, сол көкөністі күзден жазға дейін сақтайтын жерқоймасы болса, өзі өсіріп, отбасымен неге жемісін көрмеске?! Негізінен, ауылдың әлеуетін арттыру үшін ауыл шаруашылығына баса көңіл бөлуіміз керек. Осы саланы жетілдірсек, ауылда жұмыс та, табыс та табылады. Сіздердің ниетіңіз, ұмтылысыңыз, құлшынысыңыз ғана ауылды сақтап қалатын, ал қолдауға біздер әрдайым дайынбыз, – деді ол.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.21
Кездесуде Сарытоғай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Қабдоллашев облысымыздың Атыраумен шектесетін округіндегі тұрғындардың жолдан біраз жапа шегіп отырғанын тілге тиек етті.
– Индер-Барбастау жолының Есенсайға дейінгі бөлігін жөндеуге құжаттар жасақтала бастапты. Әрине, қуаныштымыз. Бірақ мына қарқынмен бізге жеткенше, әлі талай жыл өтетін сыңайлы. Атыраудың Индерінен бізге қарай жөнделсе, біздің ауылдың тұрғындарының тынысы ашылар еді. Біз жол шайылып кеткен кезде, аудан орталығына Индерді айналып, 300 шақырымдай жол жүруге мәжбүрміз, – деді ол.

WhatsApp Image 2023-02-17 at 15.42.15 (1)
Ал тайпақтық еңбек ардагері Болат Дошаев осы ауылда 25 жылдан бері жөндеу көрмеген Тайпақ мектеп-гимназиясы мен «Айгөлек» балабақшаларының жөнделуі жайында қаузаса, осы ауылдан Серік Омаров кезінде толық штатпен жұмыс істеген ауруханада қажет мамандардың қысқарғаны адам өмірі бәрінен қымбат уақытта ақылға сыймайтын ұйғарым екенін айтты.
– Тайпақ – бұрынғы аудан орталығы, кенже қалдыруға әсте болмайды. Мүмкіндігінше қолдауға ықтиярмыз, – деген ол тиісті басқарма басшыларына 2024 жылға дейін мектеп-гимназияның жөнделуін, сонымен қатар осындағы аурухананы жетіспейтін мамандармен қамтамасыз етуді тапсырды.
Жиында аудан тұрғындары өзге де сұрақтарын жолдап, жауап алды.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале