11.05.2022, 18:11
Оқылды: 60

Әжемнің әңгімесі

Биыл Ұлы Жеңіске 77 жыл толып отыр. Осы жылдар туралы қаншама естелік, роман, дастандар жазылып, қаншама кино түсірілсе де, адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген жойқын шайқастың тарихы түгел жазылып, нүктесі қойылған жоқ. Ол мүмкін де емес.

Менің әжем соғыс кезіндегі өзінің балалық шағы туралы жиі әңгімелейді. Сол кездегі басынан кешірген қиын сәттері мені ешқашан бей-жай қалдырған емес.

IMG-20220511-WA0062

Соғысқа аттанған әрбір  жауынгердің артында туған жері, отбасы, бауырлары қалды. Сондай отбасындағы балалардың бірі - менің әжем Жамал. Қазіргі Ақжайық ауданы О.Исаев атындағы колхозда дүниеге келіп, соғыска дейін ата-анасы Құрмет пен Мариямның отбасында ерке қыз болып өскен. Әжем әкесі Құрмет соғысқа аттанған кезде небәрі 6 жаста болған. 3 жастағы інісі Серік екеуін Қалия әжесі қарайлап отырса, анасы Мариям колхоздың малын сауып,  сары майды дайындап, ауылдастарымен бірге соғысқа жіберіп отырған. Сол кездегі ойын баласы - менің әжем колхоздың бұзауын бағып, қырмандағы масақты теріп, анасына қолқабыс жасаған. Үнемі әжем өзінің әжесі Қалия мен анасы Мариямның соғыс кезіндегі атқарған еңбектерін айта келе, «Қалия әжем маған ана сүтін бермесе де, еңбек сүтін берген еді» деп, жанарына толған жасты бір сығып жіберетін. Анасы қыстың аязында, күздің жаңбырымен, жаздың қапырық ыстығында тыл майданында еңбек етіп жүрсе, егде тартқан әжесі Қалия менің әжеме жүн түту, иіру,  қолғап тоқуды үйретіпті. Бір қызығы қолғапты бес саусақты емес, үш саусақты етіп тоқитын көрінеді. Соғыс даласындағы жауынгерлерге мылтық ұстауға ыңғайлы болсын деп үшеуі түнде шамның  жарығымен  тоқыған әлгі үш саусақты  қолғапты парлап тігеді екен. Тоқылған әр қолғап әкесі Құрметтің қолына тиіп қалар деген оймен газет беттерінің ашық ақ жолақтарына «Ауыл аман. Серікжан өсіп келеді. Сізді Жеңіспен оралады деп күтеміз» деген жазуды қолғаптың ішіне салатынын әжем айтып отыратын.

Менің әжем Жамал - өте шебер жан. Өзінің әжесінен үйренгенін маған үйретіп келеді. Бала арманы орындалып, 1945 жылдың  қараша айында әкесі Құрмет елге аман-есен оралады. Кеңес үкіметі кезеңінде інісі Серік жауапты қызметтерді атқарған. Ал, соғыстан кейін дүниеге келген сіңлісі Бақтылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын тәмәмдап, педагогика саласына табысты еңбек етті. Құрмет атам 74 жасында  немере, жиен сүйіп, өмірден өткен. Анасы Мариям 89 жасында соңғы дәмі бітер шақта менің әжем Жамалға: «Жамалжан, айналайын, сен менің ақ сүтімді ақтадың!» деп батасын берген.

Әжем Жамал бой жетіп, атам Орынбекпен отау құрған. Екеуі де Теректі ауданының Аңқаты ауылдық округіне қарасты Қандық ауылында зейнеткерлік жасқа дейін адал еңбек еткен жандар.

Қазіргі таңда менің асыл әжем, мемлекет тарапынан тыл еңбеккері ретінде марапаттарға ие болып, балалары, немере-жиен, шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.

Отанын қорғаған жауынгер солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан менің әжем сияқты жандардың ерен еңбектері біздің есімізден мәңгі өшпейді. Біз, өсіп келе жатқан ұрпақ, осыны ұмытпай, ата-әжелерімізді мақтан етіп, олардың еңбектерін дәріптеп жүруге міндеттіміз.

Шалқыма Жүнісова,

Орал қаласы,

№42  «Ақниет» мектеп-гиназиясының оқушысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале