30.11.2021, 13:00
Оқылды: 228

Ажырасу эпидемиясы

Әлем бойынша әрбір 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Ажырасу эпидемиясын зерттеген американдық әлеуметтанушы, психолог Констанция Аронс сөзіне осы сандық деректі дәйек қылыпты. Бір ғана АҚШ-тың өзінде жыл сайын 1 миллион неке бұзылады дейді.   Қазақстан да қалыс қалмайды. Ажырасу көрсеткіші бойынша ТМД-да көш бастап тұр. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы он жылда 1,5 миллион неке тіркелсе, соның жарты миллионы ажырасып үлгеріп жатады екен. Яғни, әрбір үшінші отбасы ажырасуға бейім тұрады.

32

Әлемді айттық, елді айттық, енді ауданға ат басын бұралық. Ажырасу бізде де баршылық. Аудандық соттың мәліметінше, 2020 жылдың 12 айында 24 неке бұзу туралы өтініш түсіп, оның 15 қанағаттандырылса, биылғы 9 айда 14 неке бұзу туралы арыз түскен екен. Заңды түрде ажыраспай-ақ, жиенін құшақтап үйге кеп отырған қыз, келіні кетіп, немере бағып отырған әже қаншама?..

«Мамырда қосылып, тамызда айырылысты»

2020 жылы аудандық сотқа түскен 24 неке бұзу туралы өтініштің 15-і қанағаттандырылып, 3-уі  медиация тәртібімен татуласып, некелерін сақтап қалған. Ал биыл ажыраспақшы болған 14 арыз иесінің 7-еуі қанағаттандырылған, яғни, жеті шаңырақтың іргесі ажырап, екіге кетті деген сөз.

Отбасы – үлкен институт, маңызды құндылық. Баланың жарқын  болашағы бақытты отбасында қабылданады десек, ажырасқан жеңгелерім «Түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» деп ернін сылп еткізер анық.

Ажырасуға әйелінің өзі бастамашы болған отбасы тарихына тоқталсақ, екі баласы бола тұра әйелі басқаны сүйіп қалыпты,  арыз бергенге дейін төркін жұртына сан мәрте барып қайтқан келіншектің айтуынша, «бәрі жақсы-ау, енем менің төркінімді адамға санамайды. Отырсам, опақ, тұрсам, сопақпын. Жүйкемді жеп болды» дейді. Бұл бізбен тілге келгендері ғана. Неке бұзуға арыз бергендердің тоқсан тоғызының бір себебі бар. «Мінезіміз жараспады». Бір-бірінің аузына түкіріп қойған ба дерсің.

-Некені бұзу туралы арыз жазатындар көбінесе себептерін ашып айтпайды. Жай ғана «мінезіміз үйлеспеді, бірге тұра алмаймыз» дейді. Арыз берушілердің 80-85%-ы әйел адамдар. Мамырда некеге отырып, тамызда ажырасуға арыз берген жастар да, келін түсіріп, қыз ұзатар жасқа жеткенде ажырасу туралы шешімге келген аға-апаларымыз да бар. Апаларымыз көбінесе күйеулерін ішеді, табыс таппайды деп жазғырады, келісімге келуге шақырып, медация қызметін ұсынсақ, он ойланып, мың толғанып, мәмілеге келетін де осы аға буын. Ал жастар бірден шешім қабылдайды да, ешкімнің кеңесін құлаққа аспайды. Зардап шегетін бір адам болса, ол балалар екені ешкімнің қаперіне кіріп шықпайды. Өткен жолы жастар ажырасты. Сегіз жыл бұрын некеге отырғанмен, біраздан бері бірге тұрмайтын екеуі ресми түрде некелерін бұзып, екі жаққа кетті. Анасы қызын, әкесі ұлын әкетті. Екеуіне күйеу де, әйел де табылар, балалар қалай болады, екі бауыр бір-бірін көрмей, жат бауыр өседі ғой. Оны ойлап жатқан ешкім жоқ, − дейді аудандық соттың мәжіліс хатшысы Ықылас Абдоллин.

Әлеуметтанушылар мен психологтар ажырасу мәселесінің бір емес, бірнеше себептерін көрсетеді. Оралдық психолог Надежда Құлдашева:

-Ажырасуға түрлі себеп негіз болады. Көбінесе, материалдық жағдайдың төмендігі, үйдегі жетіспеушілік, төленбеген несие, көбейген қарыз, ер адамның жұмыссыздығы екеуара ұрыс-керіске тақырып болады. Ренжіскен әйел мен ер міндетті түрде бөлек жатып, қызықты даладан іздейді, ашуын арақпен басады, осылай төсек суиды. Бір-біріне деген құрмет жойылып, сенімсіздік туындайды, ұрыс тақырыбы өзгереді, көзге шөп салумен жалғасып, мәселе тереңдей береді. Отбасы деген айна сияқты ғой. Бірден ақылға келіп, ес жимаса, морт сынған айнаны жамауға келмейді. Кейін сол айнаға түскен сызат жойылып кетпейді, отбасы мүшелерінің түпсанасына әбден сіңіп, балаларының алдынан шығады. Баланың мінезі өзгеріп, қиын балаға айналады. Ол ертең азамат боп, отау көтергенде өз ұясында көрген тәрбиесі қылаң береді.

Тек материалдық жағдайы төмен отбасылар ғана ажырасып жатпайды. Білімі, табысы жоғары, тұрмысы жақсылар да ажырасамыз деп жатады. Сондықтан, бұл мәселеге көп жағдайда «құндылықтар өзгерісі» себеп болады. Қазіргі қоғам ар-ұятты жоғары санап, отбасы, тек-төркін абыройы дегенге мән бермей жатады. Бізді құртып, жағымсыз факторларды көбейтіп отырған да осы бағаламау, қадіріне жетпеу дер едім.

Ажырасуға ықпал ететіндердің бірі – екі жақтың ата-аналары. Енесі келінді қабылдамайды, бірден үйдегі бар тірліктің тізгінін ұстата қоймады. Келіні не жасаса да, көңілінен шықпай, күңкілдейді дейік, мұны қызы анасына айтады. Анасы қызына басу айтып, «не тапсырса да, жөнімен жасап, үндеме, үндемеген үйдей пәлені жеңеді» деп басу айтып, құдағиын «қызымнан бір білместік кеткен болар кешіріммен қарарсыз» деп сабырға шақырмайды. «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды. Қызымды қорлатпаймын» деп отқа май құяды, – дейді.

Отбасы – айна. Балалар да сол айнаға қарап бой түзейді дедік. Үйінде күнде ұрыс-керіс, бірін-бірі қуып жүрген әке мен шешені көрген балалардың өмірінде де психологиялық үлкен өзгерістер орын алады дейді мамандар.

Танымал әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова:

– Көбіне толық емес отбасылардың балалары ювеналды полиция тіркеуінде тұрады, мұндай бала саны елімізде 10 мыңнан асады. Криминологтар қылмыс жасаушылар құрамының жыл өткен сайын жасарып бара жатқандығын алға тартады. Ажырасудың демографиялық ахуалға да әсері бар.

Тіпті тереңдейтін болсақ, ажырасу мінез-құлқы кейбір жағдайда ата-анадан баласына беріледі екен. Баланың санасында бейсаналы түрде ажырасу деген мәселенің шешімі ретінде орнығып, ертең өз басына қиындық түскенде, өз отбасын оңай тастап кететін көрінеді. Әрине, барлық жағдайда осындай деуден аулақпыз. Бірақ, осындай зерттеулер бар, – дейді.

«Ажырасудың негізгі себебі – тәрбие беру барысында кеткен қателіктер»

Аудандық мешіт имамы Қуандық Насыров ажырасуды ислам діні де құп көрмейтінін айтады.

− Отбасы тәрбиесін ешбір оқу орны да, орта да бере алмайды. Әрбір ата-ана баласына жақсы тәрбиеден де маңызды еш нәрсені мұра етіп қалдыра алмайды. Отбасы – баланың туған, өмірге қадам басқан табиғи топ, маңызды әлеуметтік орта. Отбасында баланың қажеттіліктері, баланың жеткіншек тұлғасының негізі болып есептелетін тәрбие мен әдеп осы жерде беріледі.  Ислам діні бойынша неке қасиетті болып есептеледі. Ол пайғамбар (с.ғ.с) сүннеті. «Неке – менің сүннетім! Кім менің сүннетімнен бет бұрса, менен бет бұрған болады» және «Үйленіңдер, көбейіңдер! Қияметте мен сендердің көптігіңізбен мақтанамын» деген хадистер бұған дәлел.

Исламда ажырасуға үзілді-кесілді тыйым салынады. Өйткені Ислам – парасаттылық пен бейбітшілік діні. Ислам діні адамзатты ауызбіршілік пен этиканың ең жоғары деңгейіне шақырады. Жалпы ажырасуға дін тұрғысынан қарасақ, мұсылман құқығы термині бойынша «талақ» деп аталады. Талақ айту – некенің бұзылуы. Әйелінен ажырасу, некелерін бұзу деген сөз. Талақ – Жаратқан Жаппар Иенің адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы. Сол себепті Құранда Алла тағала мейлінше әйеліңмен тату болуға шақырып: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсы қарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деп («Ниса» сүресі, 34-аят) адамдарға асығыс шешім қабылдамай, ажырасудың алдын алу керектігін ескерткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһ тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3) – деп жөн-жосықсыз ажырасудың дұрыс емес екенін айтқан. Жастар «шариғат жолымен шаңырақ көтереміз» деп Алланың қош көрмеген «талақ» деген жалғыз сөзді емін еркін қолдануымен артқан. Сондай-ақ, «талақ» сөзін әркімнің өз еркінше түсінуі салдарынан әлеуметтік негізгі мәселеге айналып отыр. Алайда дінімізде талақ етуде сөздің мағынасы аса маңызды рөл атқарады. Қалжыңдап айтылған талақ та ескеріліп, талақ ретінде есептелуі ықтимал екенін жастарымыз ескермеуде. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Үш нәрсенің әзілі де, шыны да шын: үйлену, талақ ету және құлды азат ету» – деген болатын. Шариғатта ажырасудың қарастырылған өзіндік жолдары бар. Мұсылман құқығында «талақ» етудің ерекше негіздері бар: ішкілік, құмар сияқты харам істермен шұғылданудан бас тартпаған әйелмен ажырасу сүннет, отбасылық өмірде харам істерді жасап, дін бойынша парыз болған амалдарды тәрк еткен әйелді талақ ету парыз.

Ажырасу отбасы мүшелерінің барлығына, қала берді оның ішінде, жасөспірім балалардың енді ғана өсіп келе жатқан тұлғалық қасиетіне айтарлықтай зардабын тигізеді. Ажырасудың негізгі себебі – тәрбие беру барысында кеткен қателіктер. Сондықтан да, отбасында ажырасуды болдырмау, олардың алдын-алу жалпы қоғам алдында тұрған жалпы міндет деп санаймын, − дейді бас имам.

Әу баста ғұмырлық ниетпен құрылған некенің бұзылмағаны жақсы-ау.

Екі ортада еңіреп қалар баланы ойлайық. Олар үшін әке де жақсы, ана да жақсы. Бала үшін отбасының бүтіндігі маңызды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале