24.01.2022, 15:00
Оқылды: 140

Бағаны тұрақтандыру және заңға бағыну жалпыға ортақ

Жуырда Казталов ауданы әкімі орынбасары Рүстем Зұлқашевтың қатысуымен Казталов, Жалпақтал ауылдарында такси қызметінің бағасын тұрақтандыру мақсатында такси жүргізушілерімен жиын өтті. Ақпарат беріліп, әлеуметтік желі арқылы халыққа хабардар етілген жиынның мазмұнын мақаламен тарқатуды жөн көрдік. Себебі халық пікірі ескеріліп, жиын өткенімен, нәтиже көңіл көншітпеді.

InShot_20220124_135549572

Аудан әкімінің орынбасары алдымен Казталов ауылдық округі әкімінің аппаратында «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігінің такси жүргізушілерімен кездесті. Рүстем Мүлкайұлы жиынға қатысқандарға күн тәртібін таныстырып, бірден мәселеге көшті.

IMG-20220124-WA0057

– Ауданымызда бірқатар ілкімді іс атқарылуда. Барлығына тоқталмай-ақ, жол-көлік индустриясының бір жолға қойылғанын атап өтуімізге болады. Облыс орталығына қатынайтын Орал – Чапаев – Казталов бағытындағы тас жолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Одан бөлек, аудан орталығында бірнеше көшеге қара жабын төселіп, жаяу жүргінші жолы салынды. Бұл – аудан тұрғындары үшін атқарылып жатқан жұмыс.

Ендігі мәселе – жол жүру құны. Күні кеше елімізде үлкен саяси дағдарыс орын алды. Маңғыстау облысында халық бейбіт шеруге шығып, сұйылтылған газ бағасының төмендетілуін талап етті. 5 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Кеңесте Үкіметке әлеуметтікэкономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін бірқатар қосымша тапсырма берді. Оның ішінде бірінше кезекте «Мұнай өнімдерінің (бензин, дизель, сұйытылған газ) бағасына мемлекеттік реттеуді 180 күнге енгізуді» тапсырды. Қазіргі таңда Казталов ауданы бойынша газ бағасы төмендетіліп, 1 литрі 60- 65 теңгені құрады. Нақты айтар болсақ, газ бағасы «НЭФТЕК» жанар-жағармай құю бекетінде 60-65 теңге, «Бейбарыс» газ құю бекетінде 60 теңге, Жалпақтал ауылындағы «Жайылған» және «Жеті газ» газ құю бекеттерінде 65 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар жанар-жағармай бағасы да тұрақталды. «НЭФТЕК» жанар-жағармай құю бекетінде АИ-95 – 215 теңге, АИ-92 – 175 теңге, жаздық дизель отыны – 257 теңге, қыстық дизель отыны 360 теңгені құраса, «Москвичи» жанар-жағармай бекетінде АИ95 – 210 теңге, АИ-92 – 173 теңге, дизель отыны 390 теңгені құрап отыр. Мұнай өнімдерінің бағасын өсіруге жарты жылға мараторий жариялануына байланысты осы баға сақталады. Жергілікті атқарушы билік те мұны назарда ұстайды. Бірақ такси қызметінің бағасы, яғни облыс орталығына қатынау үшін жолақы құны төмендемей тұрғаны жөнінде тұрғындар тарапынан шағым айтылып жатыр. Сондықтан еліміздегі ахуалды ескере отырып, такси жүргізушілерін бағаны небәрі 500 теңгеге төмендетуге шақырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары.

IMG-20220124-WA0058

Рүстем Мүлкайұлы мәнжайды түсіндірген соң такси жүргізушілерінің сөзіне құлақ түрдік. Атын атап, түсін түстемей, олардың ұсынысы мен шағымын бір арнаға топтастырдық. Олар бағаны төмендетуге автобөлшектердің қымбатшылығы, заңсыз такси қызметінің белең алып отырғаны, газ бағасы төмендегенімен, жанар-жағармайдың сол бағада екенін алға тартты.

Жүргізушілердің сөзінің жаны бар. Айтуы орынды. Оның үстіне заңды қызметімен нан тауып, бала-шағаның қамын күйттеп жүр. Мұнысына «қой» демесіміз анық. Бірақ халық билікке «Жол жүру ақысы қымбаттады» деп шағымданғанын қайтпекпіз?

Аудан орталығына қатқыл табанды жол жеткенімен, жолақы өспесе, төмендемеді. Қызметін заңдастырған такси жүргізушілерінің жөні бір бөлек. Жолаушы тасымалын заңсыз ұйымдастырып жүргені қаншама? Олардың нақты санын және алдын алу шараларын білмекке аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденовпен тілдестік.

– Заңсыз такси қызметін ұйымдастырушылармен күрес жыл сайын жүргізіледі. Біз заңсыз такси жүргізушілерінің дерегін анықтап, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолдадық. 2021 жылдың тамыз айындағы дерек бойынша жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын 102 тұлға анықталды. Жалпақтал ауылдық округінен – 28, Бостандық ауылдық округінен – 7, Қайыңды ауылдық округінен – 2, Қараоба ауылдық округінен – 17, Қошанкөл ауылдық округінен – 8, Бірік ауылдық округінен – 5, Тереңкөл ауылдық округінен – 1, Казталов ауылдық округінен – 10, Жаңажол ауылдық округінен – 4, Көктерек ауылдық округінен – 2, Қарасу ауылдық округінен – 1, Қараөзен ауылдық округінен – 2, Талдыапан ауылдық округінен – 4, Болашақ ауылдық округінен – 4, Ақпәтер ауылдық округінен 6 тұлға анықталды. Ал Талдықұдық ауылдық округінен жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын тұлғалар кездестірмедік. Заңсыздыққа тосқауыл қою мақсатында рейд жүргізілетін болады, – дейді ол.

Рейд жүргізілгенімен, заңсыздық тыйыла қоймас, сірә? Себебі өзіміз даулаған бағаға (3500 теңге) таксиге отырып, қалаға жетсек болдыға салып, жол-патрульдік полициясы тоқтатса жалған сөйлеп, жүргізушіні ақтап алатынымыз бар. Өзіміз заңсыздыққа қолдау көрсетіп, атқарушы билікке заңды алға тартып, үніме құлақ түр дейміз. Жолақыны төмендету – тікелей биліктің қолындағы д ү н и е емес, такси жүргізушілеріне байланысты. Демек такси жүргізушілерінен бағаны төмендетуді сұрап, соларға шағымдануымыз керек. Ал олардың жауабы дайын. Жергілікті билік халықтың үніне құлақ түріп, жиын өткізіп, ортақ шешім шығаруға тырысады. Бірақ нәтиже жоқ. Мақалаға арқау болған жиында да такси жүргізушілері бағаны төмендетуге құлықсыздық танытты. Тек Казталов ауылдық округіндегі жиын ғана емес, Жалпақтал ауылдық округіндегі жиында да такси жүргізушілері жолақыны төмендетуге келісім бермеді. Оған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев, аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Артур Берденов, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин және Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Жақсыбаева куә болды.

Қымбатшылық бүйірден қысқаны рас. Әйтсе де таяқтың екі ұшы барын әсте естен шығармаған жөн. Қай жағынан алып қарасақ та, қай бастама болмасын, өзіміз себепші боламыз. Қанағатты ысырып тастап, «көрпеге қарай көсілуді» де қойдық. Шәкәрімше айтар болсақ, «өзгенің мінін теруге әуестеніп, өзімізбен өлгенше күресуді» естен шығардық. Сөйтіп, өзімізге шырғалаң туғызып, өзіміз торландық. Мәселенің шешімі қандай болмақ керек?

Қайсыбір істі күйттегенімізбен, әуелі өзімізден бастасақ керек-ті. Такси қызметі турасында алар болсақ, жүргізуші де, жолаушы да заңды ескергені жөн. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондайақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» жөнінде 463-бап бар. Заң мәтіні мынадай:

«463-бап. Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру:

1. Тіркеу, рұқсат беру, хабарлама жіберу мiндеттi болған жағдайларда тiркеусiз, рұқсатсыз, сол сияқты хабарлама жібермей кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса: әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасау заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті (дивидендтердi), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер: әкімшілік құқық бұзушылық жасау заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық нәтижесінде алынған кiрiстi (дивидендтердi), ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғады».

Заңды елемей, заңсыз әрекетке бару салдары өкіндірмесін, яғни жалған ақпарат жарға жықпасын. Бұл заңсыз такси жүргізушілері мен жолаушыға байланысты. Егер заңды алға тартып, бірлескен жұмыс атқарылса, жолақы құнында да өзгеріс орын алмақ. Ал автобөлшектердің бағасы экономикаға байланысты. Бұл – бөлек тақырып. Халықтың қамын бір кісідей ойласақ, мәселе шешімін таппақ. Заңсыз такси жүргізушісі қызметін заңдастырса, жолаушы жалған сөйлеуден аулақ болса, жол сақшылары қызметіне адал болса, жол жүруге қатысты түйткілдің түйіні тарқатылары сөзсіз. Ал билік халық үніне құлақ асып-ақ жатыр.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале