15.10.2021, 17:22
Оқылды: 29

Байқау жүлдесі сарыөмірлік жұпқа бұйырды

Теректі аудандық мәдениет үйінде  «Ата көрген оқ жонар» атты байқау өтті. Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, үлкендердің ұрпақ тәрбиесінде белсенділігін арттыру, жас ұрпақтың үлкендерге деген сыйластығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға округтерден бес талапкер жұп жиналды. Атап айтсақ, Тасқалиевтер (Сарыөмір ауылы), Бакисовтар (Приречный),  Урынбаевтар (Юбилейный), Қабиевтер мен Заровтар (Федоров),  Тұралиевтердің  (Аңқаты) жанұялары қатысты.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 17.20.13

Сайысқа немерелерімен бірге шыққан ақсақалдар көпке үлгілі өнеге көрсетті. Қатысушыларға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Қазиқанов, аудандық мәдениет бөлімінің еңбек ардагері Г.Әубакірова және  мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі А.Қайрова төрелік  етті.

Алғаш боп сөз кезегін алған аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры А.Сағидоллин жұптарға сәттілік тіледі.

Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Алғашқы айналым «Сәлемдесу — сөздің басы, көңіл арнасы» деп талапкерлер өздерін таныстырды. Қазақ сөз қадірін  - өз қадірім деп білген халық. Ата-бабадан қалған ұлағатты ұлы сөздер көп-ақ. Сол нақыл сөздерді театрландырылған көрініс арқылы «Атадан қалған асыл сөз» кезеңінде сахналаған жұптар көрерменге ерекше ой тастады.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 17.20.26

«Зерделілік-зеректік» деген үшінші бөлім балаларға арналды. Экранда берілген тақырыптар бойынша ырым-тыйымдар мен мақал-мәтелдер айтып жарысқан бүлдіршіндер білімдерін ортаға салды.

«Баталы ел арымас, батасыз ел жарымас» демекші, төртінші бөлімде  үздік бата иесін анықтады. Соңғы кезеңде ауылдың алтыауызын арқалап келген өнерлі қариялар немерелерімен бірге өнерлерін паш етті.

Әділқазылар алқасының шешімімен 1-орынды сарыөмірлік Жантемір Тасқалиев пен немересі Аңсар Темір иеленді. Жүлделі 2-орын Федоров ауылының тұрғындары  Ғарифолла Қабиев пен немерелері Сұлтан, Бейбарыс Қабиевтерге бұйырды. Аңқатылық Серікқали Тұралиев пен немересі Санжар Серікқали үздік үштіктен көрінді. Бақисовтар мен Заровтар жұбына алғысхат табысталды.

 Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале