11.04.2024, 15:59
Оқылды: 17

Байқоныста жұмыс күші жетіспей жатыр

Жайықтың жағасында Бәйтерек ауданының 20 елді мекені орналасқан. Соның жартысы өзенге, оның сағасына барынша жақын қоныс тепкен. Қазіргі таңда осы елді мекендерде, соның ішінде Байқоныс ауылдық округінде жаға бекіту, бөгет салу жұмыстары қызу жүруде.

IMG-20240411-WA0079

Жайық өзені Байқоныс ауылынан қозыкөш жерде орналасқанымен, оның аңғары иек астында. Бүгінде сол аңғарлар толып, су ауылдың шетіне келіп тұр. Соған орай өткен аптаның соңынан бері ауылдың бас көтерер азаматтары бір атаның баласындай болып жағалауды нықтау жұмыстарына атсалысып жүр.

IMG-20240411-WA0081

Осынау шаруаларға мұрындық болып жүрген аталмыш ауыл тұрғыны Айбек Әміровтың айтуынша, мұнда Байқоныстағы әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары, оқушылар бәрі қапшыққа құм қаптау жұмысына тартылған. Көмекке қаладан волонтерлар, мұғалімдер (№37 мектеп), өнер адамдары (Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония) да келуде. Соның өзінде жұмыс күші жетпей тұр. «Негізі бұл жұмыстар ертерек басталуы керек еді, - дейді ол. -Қазір айналаға су келіп қалды. Бір қолды екі ете алмай жатырмыз. Сол себепті мүмкіндіктері барлар бізге, Байқонысқа ер-азаматтар көмекке келсе екен дейміз. Күн сайын, жөнді демалмастан шығып жүрген соң, әрі біразы ораза болуына орай жігітердің көбі шаршап жүр. Соған қарамастан 7 мыңдай қапқа толтырылды. Мұның өзі аз себебі, биіктетуді қажет ететін төмен жерлер бар. Ол жерлерде біреулердің ауласы, бақшасы болуы, жолда тұрғын жайлардың салынуы себепті оған техника кіре алмайды. Тек қол күшімен амалдауға тура келеді».

IMG-20240411-WA0087

Техникасы бар азаматтар да ауылдағы осынау жұмыстарға белсене араласып, ортақ іске жұмыла атсалысып жүр. Солардың бірі – Аслан Хасайынов. Ол өзінің жеке көлігімен топырақ тасуға үлесін қосып жүр. Ол күніне 6-7 рейс жасайды.

IMG-20240411-WA0084 (1)

Байқоныс ауылында үйі өзен жағалауында орналасқан тұрғынның бірі - Георгий Солодовников. Ауылдың байырғы тұрғыны болып табылатын оның айтуынша, ауылда соңғы рет 1994 жылы су тасқыны болған екен. Ол кезде су үйге кірмегенімен ауланың ішін толтырған. Георгий Борисович дүниеге келген, яғни 1957 жылы да өзен тасып, ауыл суға кетуге шақ қалған көрінеді. Бүгінгі таңда ауыл азаматтары бірігіп, тасқынның екінші кезеңін алдын алу бағытында жұмыстанып жатқанын жөн санайды. Егер су тасқыны бола қалса, ол отбасымен эвакопунктке баруға дайын.

IMG-20240411-WA0083

- Біздің ауылдық округтің Байқоныс, Володар, Жайық ауылдарынан өзен 2 шақырымдай қашықтықта. Округ тұрғындары ауыл маңындағы өзен салаларынан зардап шегуі мүмкін. Негізі жер бедері бойынша Байқоныс биіктеу орналасқан. Егер су үлкен көлемде келсе, айтарлықтай қауіп бар. Бүгінгі таңда күн сайын округ аумағында 2 үлкен, 2 кіші эскаватор, 3 тиегіш, катерпиллар, самосвал, камаз секілді техникалар жұмыс жасап жатыр. Олардың көмегімен ұзындығы 2 шақырымдай бөгеттер жасалды. Ауыл азаматтарының көмегімен құм толтырылған қаптар жағалаудың бойында орналасқан үйлердің артқы бөлігіне, яғни өзен сағасының жағалауына жақын жерден қойылуда. Бүгінде Байқоныс ауылында 3600, Володарда - 1200, Жайықта - 1000 мыңға жуық тұрғын бар. Егер өзен суынан қауіп төнсе, тұрғындар бұл ауылдардағы мектептердегі эвакуациялық пункттерге орналастырылады. Егер олар тарлық етіп жатса, қосымша нысандар қарастырылып отыр. Соған орай ауыл тұрғындарына хабар таратылды. Әсіресе үйлері жағалауда орналасқан тұрғындарға қағаз жүзінде берілді. Мәселен, Байқоныста Набережная көшесінде 44 үй болса, онда 177 тұрғын қоныстанған. Күн сайын кешке әрбір елді мекеннің ватсап желісіндегі тобына шығып, сол күні қандай жұмыстар атқарылғанын, қауіптілік деңгейін айтып отырамын. Біздің округтің тұсында гидробекет жоқ. Сол себепті ауылдың маңындағы өзен жайылмасына өзіміз қолдан жасап белгі ретінде ағаш орнатып қойдық. Сонымен есептегенде су деңгейі күн сайын орта есеппен 2 см-ге көбейіп келеді. Ауыл жастарынан құралған кезікшілік топ түн бойы су деңгейін бақылап тұрады. Әзірге айтарлықтай қауіп жоқ, - дейді Байқоныс ауылдық округінің әкімі Алмас Қоңыров.

IMG-20240411-WA0080

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале