26.08.2020, 16:41
Оқылды: 277

Бәйтеректе аудандық кітапхана жанынан мәдени-ағарту және тынығу орталығы ашылды

Бәйтерек аудандық кітапханасы жанынан мәдени-ағарту және тынығу орталығы ашылды. Қазіргі заманға сай жасақталған орталықтың ашылу салтанатына Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, кітапхана ұжымы және тұрақты оқырмандар қатысты.

Baiterek (6)

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаеваның айтуынша, жаңа орталық оқырмандарға қажеттінің барлығын ұсына алады екен.

– Бүгінде кітапханалар жүйесінің қарамағында 51 кітапхана бар. Қазіргі таңда арнайы сайтымызды іске қостық. Оған әр адам кіріп, қажетті мәліметін ала алады, – дейді Жеңісгүл Қалиқызы.

Baiterek (2)

Шара басында қонақтарға жаңаша жұмыс істеуге көшкен кітапхана жұмысы таныстырылды. Оқу залы алдына қойылған аудан картасында барлық кітапхананың орналасқан жері көрсетілген. Оқырманға ыңғайлы болу үшін әр азамат арнайы QR код арқылы өзіне керекті кітапхана сайтын аша алады.

– Сайтымыз жеті бөліктен тұрады. Әр азамат ұялы телефоны немесе компьютер арқылы кіріп, қажетті ақпаратты алуына мүмкіндік жасадық. Алдағы уақытта ауданымызға қатысты ақпараттарды жаңартып отыратын боламыз. Әлем дамып, ақпарат алу жеделдеген кезде біз де қалыс қалмауымыз керек, – деді кітапхана сайты мен оған қалайша кіруге болатынын таныстырған әдіскер Виктория Қонашева.

Baiterek (4)

«Бәйтерек» атауы берілген мәдени-ағарту және тынығу орталығы төрт аймаққа бөлінген. Әр аймақта оқырманға қажеттінің барлығы бар. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған орталықтың ең үлкен және сұранысы жоғары «Тынығу» аталатын аймағында келушілерге арналған түрлі үстел ойындары мен ноутбуктер қойылған. Бұл жерге келген оқырман Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана, ұлттық академиялық кітапхана және облыс орталығындағы Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхана сайттарына кіре алады. Сондай-ақ e-gov порталына өтіп, қажетті құжатын шығарып алуға да жағдай жасалған. Яғни бұл жерге келген азамат өзін интеллектуалды және жан-жақты тұлға ретінде қалыптастырып, бос уақытын тиімді өткізеді. Сонымен қатар тынығу аймағынан түрлі мотивациялық кітаптарға да қол жеткізуге мүмкіндік бар.

– Бүгінде кітапқа деген сұраныс артты. Сонымен қатар зымыраған уақыт ескі кітапхана жүйесінің тозғанын көрсетуде. Қазіргі заман оқырман тартудың жаңа әдістерін талап етеді. Бүгінгі ашылған орталықтың тынығу бөлігі жастар мен басқа да азаматтарымыздың барлық сұраныстарын қанағаттандыра алады, – дейді кітапханашы Назерке Тастайбек.

Baiterek (8)

 

Екінші аймақ «Жамылған көк желегі жұмақ мекен» аталатын өлкетану бұрышы. Бұл орын оқушылар мен аудан тарихын зерттеуге құштар жандарға қызық болары сөзсіз. Өйткені аталған аймақта өлкенің арғы-бергі тарихы мен ауданның дамуына сүбелі үлестерін қосқан тұлғалардың өмірбаяндары жазылған стендтер мен оқулықтар қойылған.

-Жаңа замандағы Қазақстанның болашағы жаңалыққа құмар, ойлы да ізденімпаз жастардың қолында. Біздің өлкетану бұрышымыз сол жастарды аудан тарихы мен өлке атын шығарған тұлғалардың өмірімен таныстырады. Тарихты сүйетін, елінің кешегісі мен бүгінін біліп, болашаққа жетелер жандар орталықтың «Өлкетану» аталатын бұрышынан табылары сөзсіз,-деді аталмыш аймаққа жауапты маман Ақнұр Қаратаева.

Жаңа орталықтағы ең бір қызықты бұрыш «Абай әлемі» деп аталады. Қазақтың бас ақынына арналған бұрыштан оқырман Абай Құнанбайұлы жайында жазылған барлық ақпаратты табады.

-Қазақ руханиятының қайнары – Абай бабамыз. Әрқайсымыздың жанымызға нұр сыйлар бас ақынымыздың шығармалары мен ол туралы ақпарат қолжетімді болуы керек. Сол себепті орталығымыздағы бір бұрышты түгелдей ұлы ойшылымызға арнадық,-дейді аудандық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Қалампыр Кенжеғалиева.

Мәдени-тынығу орталығы ауданымыздың ғана емес, еліміздің әр азаматы үшін жасақталғанын ескерсек, бұл жерде жұмыс орны да болуы керек. Өйткені, кітапханаға тек жастар ғана емес, қариялар мен кейуаналар, студенттер мен ұстаздар да келеді. Осы жерде жасақталған ақпаратпен жұмыс істеушілер үшін «Жұмыс» аймағы қызмет көрсетеді. Алған кітабыңды оқып, қажетті жерін коспектілеп алуға да мүмкіндік беретін аймаққа жайлы орындықтар мен ыңғайлы үстел қойылған. Кез келген азаматқа алаңсыз жұмыс жасауға толық мүмкіндік бар.

«Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығының жұмысымен толық танысып шыққан аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев қазіргі заман сұранысын қанағаттандырар орталық ашқан кітапханашыларға ризашылығын білдірді.

-Бұл орын заманауи сұраныстарды толықтай қанағаттандырады. Кітапханаға оқырман тарту үшін осындай орындарды көптеп ашуымыз қажет. Бұл орын болашақта аудан тұрғындары мен қонақтарының игілігіне қызмет ететініне сенім мол. Сондай-ақ жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, оларды еліміздің және ауданымыздың игілігіне жарар идеялар мен жобаларға шабыттандыратынына сенімдімін. Жаңа орталық жұмысына сәттілік тілеймін,-деді Ерікқали Ғұмарұлы.

Карантин режиміне орталық байланысты кешкі 18:00-ге дейін ғана жұмыс жасап тұрған орталық болашақта 21:00-ге дейін қызмет көрсететін болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале