26.02.2023, 13:38
Оқылды: 35

Бәйтеректе баламасы жоқ спорт кешені ашылды

Бәйтерек ауданында, Орал қаласында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау секілді қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беретін жобалар жүзеге асуда. 

WhatsApp Image 2023-02-26 at 09.50.21

Бұл туралы Мичурин ауылдық округіндегі «Айсхаус» көп салалы спорттық кешеннің ашылу салтанатында айтылды. Бұрын хабарлағанымыздай, «Дина» гипермаркетінің дәл іргесінен бойкөтерген мұз сарайында балалар шайбалы хоккей, флорбол (жабық залда ойналатын допты хоккей), мәнерлеп сырғану, шағын футбол, баскетбол, гандбол сынды спорт түрлерімен айналысатын болады.

WhatsApp Image 2023-02-26 at 09.50.13

Ашылу салтанатында сөз алған кәсіпкер Николай Пустобаев бұл нысанды төрт ай бойы салғанын айтты. Негізі басында басқа бағыттағы нысан болады деп жоспарлаған екен. Пандемия кезінде сауықтыру ортылығы етіп ашуды ойластырған. Кеңесе келе мұз айдыны етіп жасақталды. «Енді осында келетін бәйтеректік және оралдық балалар мұнда үйретілетін қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, жетістікке жетіп жатса, арманымыздың орындалғаны. Осы нысанды салуға қолдау көрсеткен барша жанға алығысымыз шексіз» - деді Николай Иванович.

WhatsApp Image 2023-02-26 at 09.50.18

-Инвестиция тарту, бұқаралық спортты дамыту – біздің алдымызға қойылып отырған міндеттердің бірі. Осы бағытта ауданымызда айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Міне, белгілі кәсіпкер Николай Пустобаев 480 млн теңге қаржысына коммерциялық бағыттағы осындай әлеуметтік нысан салып, жас ұрпақтың спортпен шұғылдануына өз үлесін қосқалы отыр. Бұл жерден тәлім алған балалардың өскен соң танымал спортшыларға айналуына тілектеспіз. Ел көлемінде баламасы жоқ мұндай кешеннің Бәйтеректе ашылуына біз өте қуаныштымыз, - деді бұл іс-шараға арнайы келген аудан әкімі Марат Тоқжанов.

WhatsApp Image 2023-02-26 at 09.50.15

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметулин де жиналғандарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу бағытында өңірімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылуда, - деді ол. -Николай Пустобаев секілді кәсіпкерлердің бұл игі іске қосып жатқан үлестері аз емес. Жалпы спорт - пайда табатын сала емес.

WhatsApp Image 2023-02-26 at 09.50.21 (1)

Соған қарамастан жас ұрпақтың денсаулығы, жарқын болашағы үшін осындай игілік жасап жатқан азаматтарға айтар алғымыз зор. Алдағы уақытта осында өңіріміздің, еліміздің намысын абыроймен қорғайтын жас ұрпақтың өсіп шығуына тілектеспіз. Мұндағы шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау секілді секциялар облысымыздағы қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін береріне сенім мол».

Іс-шара барысында жас мәнерлеп сырғанаушылар, хокейшілер өз өнерлерін ортаға салды.

 

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале