19.01.2021, 21:32
Оқылды: 58

Бәйтеректе екі ауыл газға қосылмақ

Көшім ауылдық округінде өткен Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесуі барысында округ әкімі 2020 жылды қорытындылады. 

1AF335E4-F64B-4F3B-B4C4-9E31C0B23CD0

Бау-бақша егіп, мал шаруашылығы қарқынды дамыған ауыл пандемия кедергілеріне қарамастан әр салада белігілі бір жетістікке жетіп, жылды оң нәтижемен қорытындылаған. Ауыл тұрғындары негізінен шағын және орта кәсіпкерлік саласында, шаруа қожалықтарда қызмет етеді екен.

Сондай-ақ округ орталығын ғана емес, оған қарасты барлық елді мекендерді абаттандыру ісі жақсы жолға қойылған. Округ әкімі Айнагүл Баянованың айтуынша, өткен жылы 53 көше жарықтандырылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаспақшы екен. Сонымен қатар округ орталығын абаттандыру мақсатында тал-теректер отырғызылып, Үлкен Шаған, Көшім, Ақсу сияқты ауылдарда мал моласы салынған. Біраз жылдан бері Өркен ауылы тұрғындары ауылда жарық жиі өшетіні туралы шағым айтып келіпті, ол мәселе осы күні шешімін тауыпты.

-Өркен ауылындағы тозығы жеткен ескі трансформатор жаңа әрі қуаттылығы жоғары трансформаторға ауыстырылды. Бұл істі оңынан шешуге аудан әкімдігі де қолғабыс етті. Бұл атқарған істің басы ғана. Алдағы уақытта халық игілігі үшін жасарлық нақты істер өз жалғасын табатын болады,- деді өз баяндамасында Айнагүл Зайреденқызы.

Сонымен қатар ауыл балаларына арнап өткен жыл соңында сырғанақ салынған. Бұл істі ауыл әкімдігі жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен атқарыпты. Ауыл еріктілері де қарап қалмай, 100 мұқтаж отбасын қажетті киім-кешекпен қамтамасыз еткен. Бұл да округ әкімдігінің атқарған үлкен істерінің бірі.

  Биыл Көшім ауылында кәріз жолдары жаңартылып, әлеуметтік нысандар жүйеге қосылған. Үлкен Шаған ауылында таза ауыз су құбырының құрылысы аяқталғаны да ауыл тұрғындарын қуантады. Сондай-ақ ауылдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жылыту қазандығы қайта салынды.

Кейін сөз алған аудан әкімі алдағы міндеттерге тоқталып, әр салада атқарылып жатқан істерді алға тартты.

-Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Алдағы уақытта округке қарасты Кіші Шаған және Ақсу елді мекендеріне газ тартылады. Бұдан бөлек Өркен ауылын ауыз сумен қамту да күн тәртібінде. Аталған елді мекенге су тартуға қажетті жобалық-сметалық құжаттама жасақталады,- деді М.Тоқжанов өз сөзінде.

Ауыл тұрғындары өткен жылғы кездесуде көтерген мәселелердің шешім тапқанына ризашылығын білдіріп, мал шаруашылығын кеңейтуге жер телімін бөлу жайына үлкен мән берілсе деген ұсыныстарын айтты.

Оған аудан басшысы жер телімін бөлу мәселесі ауданда өзекті болып отырғанын айтып, жер туралы заң күшіне енсе, алған телімін пайдаға асырмай отырған шаруалардан жерді алып, кәсіп етемін деген ниетті жандарға беру жайы қарастырылатынын жеткізді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале