Переметный ауылындағы «Шың» драма театрында отбасы институтын қолдау, әке жауапкершілігін арттыру және ұрпақтар сабақтастығын насихаттау мақсатында «Әке өнегесі – ұрпаққа үлгі» атты мәдени іс-шара өтті.

Әке бейнесін ұлықтаған бұл кездесуге Бәйтерек ауданының түкпір-түкпірінен өнегелі отағасылар мен олардың ізбасарлары қатысты. Шара барысында аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжайна Тынышбаева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев сөз сөйлеп, жиналғандарды Әкелер күнімен құттықтады. Олар қоғамдағы әкелердің рөлі мен ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, қатысушыларға ризашылық білдірді.
Сайысқа Щапов, Янайкин, Переметный, Белес ауылдарынан және Орал қаласынан келген әкелер мен балалар қатысып, бес қызықты кезең бойынша бақ сынады. Алдымен «Әке мен бала – бір команда» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырса, «Әке отбасының шамшырағы» бөлімінде бала тәрбиесіне қатысты салмақты сұрақтар төңірегінде пікір алмасты. Кейін «Бір-бірімізді қаншалықты білеміз?» интеллектуалдық кезеңінде әке мен бала арасындағы рухани жақындық сыналды. Сондай-ақ балалар суреттер арасынан өз әкелерінің қолдарын тауып, шығармашылық кезеңде қатысушылар жүрекжарды тілектерін арнады.

Шара барысында Нағым Егізов немересі Мұхтармен бірге Мұхтар Шахановтың «Тоқшылық» поэмасын нақышына келтіре оқып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Іс-шара соңында аудандық мәдени-демалыс орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі Амангүл Намазова мен «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Есқалиева қатысушыларды салтанатты түрде марапаттады. Барлық отағасы «Үздік әке», ал ұлдары «Менің мақтанышым» аталымдарына ие болды.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы