28.09.2020, 12:47
Оқылды: 121

Бәйтеректе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты семинар-тренинг өтті

Аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаевтың қатысуымен Дариян ауылында өткен арнайы семинар-тренингте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау жайы сөз болды.

120194432_1268757826824699_7458453530072955015_n

«Жайық таңы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, қоғамдық бірлестік жетекшісі Гүлбаршын Мұштанова, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырушысы Гүлмира Төлегенова, «Жас отбасы» клубының психологі Әдемі Аянғалиева, БҚО Полиция департаментінің аға инспекторы, полиция майоры Шынар Қапаева, құқық қорғау орган қызметкерлері мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған арнайы топ мүшелері қатысты.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылық соңғы кездері көбейіп кеткені әрқайсымызды қынжылтатыны рас. Өкінішке орай көбіне ондай жағдайларда нәзік жандыларымыз жапа шегіп жатады. Бұл мәселені Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері де көтеріп келеді.

120255187_1268757620158053_535725457406066637_n

Ауданымызда да аталған жағымсыз тенденция кездесуде. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын бұндай әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.

Ал құқық қорғау орындары мен арнайы топ мүшелері осындай жағдай жиі туындайтын отбасыларға зорлық-зомбылық көрсетудің, оны жасырудың арты неге соқтыратынын түсіндіріп, барынша қайталанбауына ықпал жасауы керек, - деді Ерікқали Ғұмарұлы шара басында.

⠀         Одан соң сөз алған «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Мұштанова жиналғандарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шынымен де көбейгенін, оның себеп-салдарын талқылап, алдын алу жайында айтты. Сондай-ақ Г.Мұштанова отбасында теперіш көрген нәзік жандылардың құқығын қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды.

⠀      - Көбіне отбасындағы зорлықтан зардап шеккендер құқық қорғау қызметкерлеріне жолығады. Сол себепті осы жерге полицейлерді жинадық. Өйткені құқық қорғау қызметкерлері мұндай жағдайлармен бетпе-бет келген кезде жедел әрі қос тарапқа да тиімді әрекет қылулары керек, - деді Г.Мұштанова.

⠀      Семинар-тренингке арнайы шақырылған «Жас отбасы» клубының психологі Әдемі Аянғалиева отбасының шырқын бұзатын, отбасын құрған жас азаматтармыз бен азаматшаларымыздың өмірін астан-кестен ететін жағымсыз жайттардың алдын алу үшін қандай шаралар қолданып, не нәрсеге ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

⠀      Егер ауылда не аудан орталығында жанжал көп болатын отбасылар пайда болса, оларға ерекше көңіл бөлінуі керек. Сонымен қатар көбіне зәбір көрген әйелдің ғана емес, күш көрсеткен ер адамның да пікірін біліп, екі жақты татуластыруға күш салған жөн. Өйткені жанжал тек бір тараптан емес, екінші жақтың да кінәсінен туындауы мүмкін, - деді Ә.Аянғалиева.

⠀      Шара барысында полиция майоры Шынар Қапаева да өз пікірін білдіріп, отбасы ұйытқысы саналатын әйел адамға көбірек көңіл бөліп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау керектігін атап өтті.

⠀      Тренинг барысында жиналғандар психологқа және басқа қонақтарға сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын да алды.

⠀      Жиын соңында арнайы топ мүшелері арасы бұзылуға жақын қалған отбасыларды татуластыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірнеше жоба қолға алынғандығын айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале