14.05.2021, 17:59
Оқылды: 71

Бәйтеректе жаңа технология қолданысқа енгізілді

Бүгінде көктемгі далалық жұмыстар қыза түсті. Диқандар тынымсыз еңбек етуде. Өңір қамбасы саналатын Бәйтерек ауданында егін егу науқаны қызу жүруде. Жуырда аудан әкімі Марат Тоқжанов дихандардың жұмыстарымен танысу үшін егін алқаптарын аралады. 

 сите1

Алдымен Марат Лұқпанұлы «Жайық ет» ЖШС тәжірибелік алқабына барды.

Серіктестік басшысы Темірғали Ескендіров аудан әкімін елімізде алғаш енгізілген егін егудің жаңа әдісімен таныстырды.

Тереңдегі жер ылғалын жоғары көтеріп, ерекше өнім алуға мүмкіндік беретін ағылшындық «Mzuri Pro-Til» инновациялық агрегатты сынап жатқан Темірғали Ескендіров егіннің әр гектарынан 25-30 центнер өнім алуға болатынын жеткізді.

- Технологияның ерекшелігі – бұл қондырғы топырақтың тар жолақтарын өңдейді, сонымен бірге жер қабатына тыңайтқыш енгізеді және тұқымдарды белгілі бір тұрақты тереңдікке сеуіп, олардың тез өсуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар дәннің сапасын арттырады. Егілген егістік жерлердің тар жолақтарын өңдегендіктен бұл құрылғы ылғалды сақтауға және топырақтың құрылымына, құнарлылығына, өнімділігіне пайдалы әсер ететін органикалық заттардың жоғалуын азайтуға да мүмкіндік береді, - деді диқан Т.Ескендіров.

сите2

Серіктестік басшысы жаңа құрылғы тыңайған жерлерді игеруге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ көлемі аз жерден мол өнім алуға да жағдай жасайтыны мен өсімдік шаруашылығындағы экономикалық тиімділікті еселеп арттыратынын да атап өтті.

Кездесу соңында аудан басшысы өңірімізде ғана емес, елде алғаш енгізілген жаңа технология өз тиімділігін көрсетсе, ауданның басқа шаруаларына арнайы семинар өткізіп, жаңа агрегатты елге әкелу жағына көңіл бөлу керектігін айтты.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале