12.08.2020, 15:06
Оқылды: 81

Бәйтеректе жол салынып, білім ұялары жөнделуде

Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданында болды. Елдегі атқарылған жұмыстарды бағамдап, мемлекеттік бағдарламалардың қалайша жүзеге асып жатқандығын көрмекке келген өңір басшысының орынбасары алдымен Переметный-Вечный тас жолының құрылысымен танысты.

03A9CBD4-3548-42FF-9C54-836D35444FC6

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жөндеуге жабылған жол құрылысына 860 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде ол тас жолдың аудан орталығына кірер сегіз шақырымын қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде. Атырау–Орал тас жолы мен Шымкент-Самара халықаралық күре жолын қосатын стратегиялық маңызы бар жұмысқа ерекше көңіл бөлу керек екенін жеткізген Тимуржан Әдиетұлы мердігерге жөндеу ісін тез әрі сапалы орындау керектігін айтты.

C35F44B8-A1D1-44C6-A47E-6001B1C5D15D

Кейін облыс әкімінің орынбасары күрделі жөндеуге жабылған Камен мектебіне барды. Білім ордасының басшысы Валентина Стародубецтің айтуынша, ғимарат салынғанына қырық жылдан астам уақыт өтсе де бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген. 450 орынға шақталған мектепті жөндеу ісі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүзеге асуда екен. Білім ордасын жаңалауға 340 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

24D9158A-9842-4A2C-B7EF-DCEC610DE498

-Мектепті жөндеу оқу жылы басына дейін аяқталуы керек. Барлық жұмыстарды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Жергілікті тұрғындар келіп, құрылыс сапасын қарап кететінін де білемін. Спорт алаңы мен білім ордасы айналасын абаттандыруды да жобаға енгізген болатынбыз. Қазір барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүріп жатыр,- деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

6577A92E-78A0-4BB9-9EF0-9E239D291C48

Құрылысшылармен сөйлесіп, мектеп ішін аралаған Тимуржан Әдиетұлы жұмыс барысында кеткен кемшіліктерді көрсетіп, жылыту маусымы басталғанша нысанды тапсыру керектігін мердігер компания басшылығына ескертті. Сондай-ақ мектеп директорына жөндеу жүріп жатқан жерде болып, қоғам өкілдері мен ата-аналарды да жұмыстарды бақылауға шақыру керектігін айтты.

-Барлық жұмыс жоба бойынша атқарылуда. Белгіленген уақытынан бұрын аяқтасақ дейміз. Өңір басшылығы аздаған кем-кетіктерімізді де көрсетті. Әсіресе спортзал еденіне үлкен көңіл бөлінуі керек екені айтылды. Барлық сын ескерілетін болады,-дейді мектеп жөндеп жатқан компания басшысы Берік Рамазанов.

Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары ауылішілік жолдардың құрылысымен танысты. Биыл аудан орталығында жалпы есебі 15 шақырымнан астам жол салынуда. Оған бір миллиардтан астам қаржы бөлінген.

-Осы кезге дейін Переметный ауылының біраз көшелерінде асфальт болмаған еді. Биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша көшелерге 15 шақырымнан астам жол төселуде. Іс аяғына жеткен кезде аудан орталығының 70 пайызы тас жолмен қамтылатын болады. Қазіргі таңда жобалау кезінде ескерусіз қалдырылған кей мәселелер шешілді. Барлық су ағатын орындарға арнайы құбырлар орнатылды. Бұл жұмыстар аяқталған соң тас жол төселмеген тоғыз көше ғана қалады. Ол мәселені де толықтай шешуге мүмкін бар,- деді аудан басшысы.

Переметный ауылы ішіндегі жолдарды жөндеуді мойнына алған мердігер Мичурин ауылы мен оған қарасты Асан елді мекеніндегі жолдарды жөндеу ісін қатар атқаруда. Соны ескерген Тимуржан Әдиетұлы аудан орталығындағы жұмыстарды тез арада аяқтап, бар күшті қала маңындағы ауылдардың көшелеріне салу керектігін айтты. Бүгінде Переметный ауылы М.Әуезов көшесіндегі су ағатын орынға құбыр салуды аяқтай келген мердігер тамыз айының соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтамақ ниетте. Қазіргі таңда жұмысшылар жоғарыда аталған көшедегі су ағатын орынды тазартуда.

-Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жөнделіп жатқан нысандар ерекше бақылауда. Қаржы бөлінген соң оны игеру керек. Ең бастысы сапаға үлкен мән берілсін,- деді Т.Шакимов.

Бұл жолдарды салу мерзімі жыл соңына дейін екенін айтқан мердігер Жандәулет Нұрлыбаев жол салу ісін уақытынан бұрын аяқтайтын мүмкіндік барын айтады.

-Қаржы кешігіп түсуі себепті Асан мен Мичурин ауылдарындағы жолдарды кеш бастадық. Қазір ол жақта да жұмыстар қарқынды жүруде. Қыркүйек айының соңына дейін Переметный ішін толықтай аяқтап, бар күшті жоғарыда аталған ауылдарға салатын боламыз,- деді Ж.Нұрлыбаев.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары аудан орталығын шетте жатқан Шалғай ауылдық округімен қосатын жол құрылысының барысымен танысты.

Екі жылға есептелген 24 шақырым жолды жөндеу жергілікті компанияға жүктелген.

-Биыл Переметный мен Шалғайды қосар жолды жөндеуге 480 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 240 миллионын игердік. Мамыр айынан бері қалған қаражат түспеді. Сол себепті жұмыс аздап тоқтап тұр,- деді мердігер Иван Енютин.

Жартылай республикалық, жартылай жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын тас жолға бөлінер ақша алдағы күндері түсіп қалуы керек.

Сондай-ақ мердігер компания өкілдері Тимуржан Әдиетұлына битум табу жағы қиындап тұрғанын айтты. Осы кезге дейін жолға қажет сұйықтықты беріп келген Ақтаудағы зауыт уақытша жұмысын тоқтатқан болса, Павлодар қаласындағы зауыт келіскен бағасын көтеріп жіберіп, кейін битумның жоқ екенін мәлімдеген. Құрылысқа, соның ішінде жол құрылысына жауапты мамандардың айтуынша, бұндай жағдай жыл сайын қайталанады екен.

-Бұл мәселенің туындағанын алғаш естуім. Шешу жолын қарастыратын боламыз. Ел Үкіметінен уақытша Ресейден битум тасуға рұқсат алу керек болса, аламыз. Арнайы зауыттан да алатын мүмкіндіктер қарастыруға болады,- деді Тимуржан Әдиетұлы.

Сапар соңында Тимуржан Шакимов Зеленый ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жасалып жатқан білім ордасын реттеуге 210 миллионан астам қаржы бөлінген. Аталған мектеп те салынған күннен бері жөндеу көрмеген еді.

-Мектепті жөндеуге бөлінген қаражат игерілуде. Амандық болса, оқу жылының басында тапсыратын боламыз. Жұмыс барысында еш қиындық туындаған жоқ. Ауыл азаматтары мен округ депутаты келіп құрылыс барысын қарап тұрады. Ескертпелерін де жасайды. Барлығы ескерілді,- деді мердігер компания басшысы Сәбит Бекқалиев.

Мектепті жөндеу жұмысына көңілі толғанын жеткізген облыс әкімінің орынбасары жауапты компания жұмысшылары мен басшылығына ризашылығын білдіріп, жұмыс сапасына үлкен мән беру керектігін айтты.

Қазіргідей қиын жағдайға қарамастан ауданда біраз жұмыс атқарылуда. Оның барлығы ел Үкіметінің халықты жолда қалдырмайтынының көрінісі. Жоғарыда сөз болған жұмыстар биыл аяқталса, келер жылы да біраз мәселе шешімін табар.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале