12.08.2021, 15:05
Оқылды: 41

Бәйтеректегі роллершілер бәсекесі

Бәйтерек ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық жастар күні мерекесіне орайластырылған шаңғы роллері жарысы өтті. «ЖасДем» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен роллершілер бәсекесін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен облыстық шаңғы жарысы федерациясы ұйымдастырды.

роллер (8)

Бес және он шақырым жолды бағындырған шаңғышылар жарысына Орал қаласы мен Бөрлі және Бәйтерек аудандарының спортшылары қатысты.

Алдымен жарыс жолына 2005 және одан жоғары жастағы спортшылар шықты. Тартысты бәсеке қорытындысында ІІІ орын Кенгесбаев Естайға, ІІ орын Бекнұр Ғаділшиевке бұйырса, бас жүлдені Станислав Грицкевич еншіледі. Қызықты жарысқа 2006-2007 жылғы жасөспірімдер де қатысты. Бұл бәсекеде ІІІ орынды Сырым Жәмил, ІІ орынды Эльдар Мәліков еншілесе, І орын Ернұр Сағыналинге бұйырды.

Көпшілік қыздар бәсекесіне көз тікті. Бес шақырымды еңсерген бұрымды шаңғышылар жарысында Самал Асылбекова - ІІІ, Жанерке Тудахунова - ІІ, Мадина Жақсылықова І орынды иеленді. Одан бөлек, 2008 жылғы ұлдар да жарыс жолына шықты. Бұл жарыс қорытындысында І орынды Дамир Жұбаниязов еншіледі.

роллер (9)

– Елбасы өз сөзінде бұқаралық спортты дамыту керектігін әрдайым айтып отырады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай өткен жарыс көпшіліктің көңілінен шықты. Өңірімізде болашағынан зор үміт күттіретін шаңғышылардың өсіп келе жатқанын көрдік. Жастарымыз осы бетінен қайтпай, еліміздің көк туын үлкен жарыстарда желбіретеді деген сенімдемін, – деді жарыс қатысушыларын құттықтаған «ЖасДем» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Талғат Мәуленов.

Одан соң шаңғы жарысынан облыстық жастар және жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Серік Хайруллин сөз алып, спортшыларға ризашылығын білдірді.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен медальдар табысталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале