23.12.2021, 19:10
Оқылды: 37

Бәйтеректік боксшы ел біріншілігінің жүлдегері атанды

Оралда бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Еліміздің әр өңірінен келген екі жүзден астам былғары қолғап шеберлерінің басы қосылған байрақты бәсекеде облыс намысын бәйтеректік Нұрсұлтан Нұриденов абыройлы қорғады.

9F35A355-06D1-4EF0-8D99-0BC01C9F0268

Бәйтерек ауданына қарасты Новенький ауылында дүние есігін ашқан спортшы бокс әліппесін Ербол Сарбасовтың қол астында жүріп ашады. Одан соң Орал қаласындағы спорт интернатына ауысқан жас бала Ернар Нуриденовтің қарамағына өтеді. Жастайынан талай бәсекенің алдын бермеген боксшы биылғы ел чемпионатына Нұрсұлтан Қонарбаев пен Саттар Сұлтанғалиевтің қарамағында дайындалды.

Төккен тер мен тынымсыз еңбек жемісін берді. 51 келіде бақ сынаған Нұрсұлтан Нұриденов Орал шаршы алаңында Алматы, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының боксшыларын қапы қалдырып, финалға жеткенімен, ақтық сында жолы болмады.

Ел боксшылары арасында 51 келінің бірінші нөмірі – Сәкен Бибосынов. Алдағы уақытты новенькийлық жас тарлан олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкенге лайықты қарсылас болады деген ойдамыз.

Осыған дейін «Дети Азии» сынды үлкен додада қарсылас шыдатпаған Нұрсұлтан Нұриденов алда өтетін жарыстарда ел туын биікте желбірете түседі деген үміт бар.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале