14.05.2021, 16:28
Оқылды: 287

Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымыңыз қандай?

Қай ғасырда болмасын, тәрбие мәселесі назардан тыс қалып көрген емес. Әсіресе, бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…», «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деп Абай атамыз айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, сәбилі отбасы қашанда береке мен қуанышқа толы. Жаңақала ауданы тұрғындарынан Алланың берген таптырмас сыйын қалай тәрбиелейтінін сұрап, сауалнама жүргізген едік. Соны оқырман назарына ұсынуды жөн деп санадық.

Бекзат Бақтығұлова,

Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

 Бекзат Бақтығұлова1

- Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымым – баланың бойына рухани құндылықтарды сіңіру. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың өмірге келген сәтінен басталуы керек.

Тәрбиелеп отырған ұрпағың адамға өз ойын бүкпесіз жеткізе алатындай болып жетілу үшін ата-ана бала алдында шыншыл болуы керек деп ойлаймын.

Көшкен бұлттай лезде өзгеріп жатқан өмір ағысы бала тәрбиесінде қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде төзімділікті ұлғайтуды қажет етеді.

Өмір болған соң, ақ пен қарасы бірге жүретіні айқын. Сондай кезде қиыншылықты айқаймен емес, ақылмен шешуге үйрету (дағдыландыру) жақсылыққа бастайтын жолдардың бірі.

Бала тәрбиесі үздіксіз және тыңғылықты жұмысты талап ететіні ақиқат. Осы орайда әр ата-ана балаға берілетін тәрбиені осы күннің ғана емс, келешектің жемісі деп қабылдаса, адамгершілікті ту еткен мықты азамат қалыптасары кәміл.

Жомарт Лұқпанов,

аудандық мешіттің бас имамы:

 Жомарт Лұқпанов1

- Балаға берілетін ең бірінші – тәрбие, әке алдындағы міндеті – имандылыққа баулу. Нақтырақ айтсақ, Пайғамбарамыз (с.ғ.с.) үйреткен тәрбиені беру. Қазағымыз «Баланы аясаң, аяма» деген. Бұл жерде баланы ұрып-соғу емес, оған дүниелік нәрседен бөлек, имани тұрғыда тәрбиені көбірек беру қажет саналады. Бала қанша жерден білімді, ақылды болып, алайда имани тәрбиені алмаған болса, оның білімінен де, жасаған ісінен де ешқандай пайда болмайды. Сондықтан баршамыз Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен сүннеттерді ұстанып, ол балаларына қандай қарым-қатынас жасады, сол бағытта тәрбие беруге тырысамыз.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген дана халқымыз. Бұл жерде балаға қанша жерден тәрбие беріп, алайда сол айтқан сөзіңе сай қасиет өз бойынан табылмаса, ол тәрбиенің текке кеткені деп сана. Ата-анасы қандай болса, перзенті де сондай болады. Сол үшін адам баласына тәрбие берместен бұрын алдымен өзін түзеуі қажет. Өзінің істеп жүрген ісі мен баласына айтқан сөзі, берген тәрбиесі сәйкес келмейтін болса, бала көбінесе оның жасағанын көріп, солай қалыптасады. Мысалы, ата-анасы «Балам, ішімдік ішпе, темекі шекпе» деп өзі сол ащы суға әуес болса, онда айтқан сөзінен не пайда?! Сол себепті адам ұрпағын, қоғамды тәрбиелегісі келсе, бірінші, өзінен бастауы керек деп есептеймін. Сол кезде ғана салиқалы ұрпақ қалыптасып, өседі.

Нұрайнаш Тезмағамбетова,

көпбалалы ана:

 Нұрайнаш Тезмағамбетова1

- Мен – сегіз баланың анасымын. Бала тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Сондай-ақ баланы тәрбиелеу ата-ананың ұстанымына байланысты болмақ. Ата-анасы қандай болса, одан тараған бала сондай болады. Халық даналығында:

«Ұл жарытып ас бермес,

Әке өнегесін көрмесе.

Қыз ақылды ескермес,

Ана үлгісін көрмесе» демекші, ұл бала әкесінен үлгі алып, жаукершілік, Отанды қорғау тағы да басқа ер-азаматқа тән нәрсемен айналысу керек. Ал қыз бала әйелге қатысты жұмыстармен жүруі тиіс. Қазіргі кезде жарым-жарты, толыққанды емес отбасының әсерінен ұрпақ дұрыс үлгі-өнеге ала алмай қалып жатады. Осы мәселе қазіргі таңда көптеп кездеседі. Сондықтан да кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие берерде, өнегені ата-әжелеріміздің дәстүрін үлгі етіп отырсақ, біраз келеңсіздіктің алдын аламыз.

Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымым –балаларыңның амандығы үшін дұға жасау. Екіншісі – жанұяңа, жұбайыңа, туған-туыстарыңа және ата-анаңа деген жақсы қарым-қатынас арқылы, яғни тағылымды дүниені бала бойына сіңіру. Бір сөзбен айтқанда үлгі болу. Одан кейін, әрине – жылуың, мейірімің, махаббатыңды білдіріп, қолдап отыруың керек.

Ата-ана әр баласы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, алаңдайтыны белгілі. Қандай жағдайда да ақыл тауып кететін қазақ «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың өкпе, бауыр, жалы бар, үш баласы бардың бұқарада пұлы бар» деп бекер айтпаған.

Балдай Әліпқызы,

зейнеткер:

 Балдай Әліпқызы1

- Бүгінгі күні бала тәрбиесі сөз болғанда басты ұстаным ұлттық тәрбие екені ескеріле бермейді. Біз Одақ кезіндегі коммунистік тәрбие шырмауынан шығуды әлі шығып кете қойған жоқпыз.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Балам дейтін жұрт болмаса,жұртым дейтін бала қайдан шықсын» деген сөзін нақты басшылыққа алмай, тәрбиеде оң нәтиже болуы екіталай. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе», халықтың «Тәрбие тал бесіктен» деген нақыл сөздерін күн сайын ескеретін уақыт жетті. Медицина мен дін тәрбиені бала іште жатқаннан бастап беру керек деген. Бұл – шындық. Себебі ананың балаға мейірімі іште жатқаннан басталуы керек. Бала ақ қағаз секілді, оған айтылған әрбір сөз санасына жазыла береді. Сондықтан үнемі жақсы сөз айтып, өзіңді ылғи жақсы жағдайда көрсетуің керек. Мынадай қысқа әңгіме бар: Жүріп келе жатып артыма қарасам,балам ізімді басып келе жатыр екен. Мен жүрісімді түзедім. Міне, бала тәрбиесіне осылай көңіл бөлу керек. Енді ұлттық тәрбие туралы бірер сөз айта кетейін. Баланың тілін қалыптастыруда жаңылтпаштың орны ерекше. Мысалы: «Шеше, кеше неше кесе сынды?», т.б. Өзінің затын, ойыншығын жинату арқылы еңбекке, киімін өзі киіп шешуін талап ету арқылы дербестікке баулып отырған абзал. Баланы өте қатал да ұстамау керек және бетімен жіберіп те қоюға болмайды. Араласатын ортасы, достары қандай, кім, не нәрсе қызықтырады? Міне, осыларды үнемі назарда ұстаған жөн.

Біз қазір өз балаларымызды өсіріп жіберіп, енді немере бағып отырған әжеміз. Әрине, қазіргі балалардың талабы, түсінігі, танымы, қызығушылығы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Алайда ең бастысы үлкенге сәлем беру, үйге келген қонақтарға көрпе салу, қолға су құю сияқты тұрмыстық дәстүрлерді үйретіп отырамыз. Теледидардан, әлеуметтік желілерден тәрбиелік мәні бар,ұлттық нақыштағы бағдарламаларды қарауын талап етеміз.

 

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале