30.07.2020, 17:53
Оқылды: 97

Балаймын бүгінгінің батырына...

Мынау жалғанда адамзатқа маңызы зор мамандықтар ішінде екі мамандық иелерін атар едім. Бірі адамзат денсаулығының сақшысы –дәрігер болса, екіншісі – адамға ілім- білім үйрететін ұстаздар қауымы. Өзім талай шәкірт тәрбиелеген ұстазбын, ал ақ желеңділердің жұмысының қаншалықты ауыр екенін аты жаман ауруға шалдыққанда жақсырақ ұғындым. Осы уақыт ішінде бір жұтым ауаға зар болып, демікпені баса алмай, оттегі аппаратына да байландым, дәрігерлердің көзсіз ерліктеріне куә болдым. Бүгінгі күннің батырлары деп бағасын бердім. Ендігі жерде жерлестерімді осы аурудан аулақ болып, сақтық шараларына мән беру керектігін ақпарат құралдары арқылы шақыруды жөн санадым.

23B739C8-C183-429C-A06A-67EDC272ED50

Мен алғашқыда провизорлық бөлімде он күн ем алып, ауру жұқтырғаным расталған соң, жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылдым. Алғашқы үш күнде жаным көзіме көрінді десем, артық айтқаным емес. Жанымда қатар жатқан жастары 70-тен асқан екі қария, көрші реанимация бөліміндегі жас адамның бақилыққа аттанғанының қиын соққаны соншалық, бәрінен баз кешіп, сауығамын деген үмітім үзілуге шақ қалды. Дәрігерлерден кінә жоқ, бар емін жасап, әр адамның амандығы үшін жанын салуда. Көп нәрсе өзіңе байланысты. Аурумен күресте ұғынғаным – ертеңгі күнге сенім керек, айналаңдағылардың жылы лебізі де артықтық етпейді екен.

Мен зейнет жасымды кереуетке байланған тұста қарсы алдым. Ауру меңдегеніне қарамастан бұл жасты әдемі қарттығымның бастауы деп қабылдадым. Жоғарыдағы сөзімнің дәлелі: сол күнде қаншама ағайын қаумалай құттықтап, сауығып кетуіме тілектес екенін жеткізді. Аудан әкімі Қалияр Шадиярұлы да әлеуметтік желі арқылы құттықтап, санжылдық еңбегіме ел атынан ризашылығын арнағаны көңіліме нұр себеледі. Шаршап, денем ауырсынса, осы құттықтауларды оқып, «елге керек екенмін ғой» деп, өзіме-өзім күш бердім.

Халқымыздың көңілінің дархандығында шек жоқ, бірі ақжарма тілектерін жаудырса, енді бірі қолда барымен бөлісіп жаты. Ауруханада жатқанымда үлкен жүректі азаматы Әлжан Досмақов хабарласып: «Көмегім болсын, өзіме деп ұстаған сауын биемнің саумалын жеткіземін»,- деп қысқа қайырғаны бар. Осындай атымтайлар – халықтың шын жанашырлары.

Маған қойылған диагноз қос өкпенің 75 пайыз қабынуы, оттегі жетіспеушілігі. Осыншама асқындырып жібергенім аурудың алғашқы белгілері білінген бойда дәрігерлерге хабарласпай, бес күн үйде жатып, халықтық емге сүйенгенімнің салдары екенін кейін түсіндім. Кесел әбден меңдеген соң ғана, дәрігерге қаралып,  ауруханаға жаттық. Енді екі күн жоғалтқанда, өкпеде саңылау қалмайтындай жағдайға жетіппін. Естеріңде жүрсін, үйде жатып, өз бетіңмен емделудің арты жақсылыққа апармайды.

Дәрігерлерге деген алғысымыз ерен. Тәулік бойы тынымсыз науқастардың өмірі үшін күресіп жүрген олардың өз бастарын қауіп қатерге тігіп жүргенін ортасында болып, көзбен көргенімізбен, ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жандарын шүберекке түйіп жүрді. Берген антына адал екенін дәлелдеді. Оның себебін дәрігердің мойынында әр науқастың амандығы үшін жауапкершілік пен халықтың сенімі артылғанын түсіне білуінде деп бағаладым. Үсті бастарын тұмшалаған киім, аяқтарындағы резеңке етіктері қозғалысын шектесе де, олар бір шағым айтпай, шипалы алақаны, жан жылуымен емдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрігерлердің жанкешті еңбегін бағалап, алғыс айтуы да жөн. Мен де азамат ретінде осы мекеменің мамандары Айжан Ерболатқызы, Торғын Тұрғынбайқызы, Оразгүл Мақанова, Наташа Жакина, Ботакөз Бисенғалиева, Орынай Саркеноваға шексіз ризашылығымды білдіремін.

Қазақ - тойшыл халық. Қасымдағы жан тәсілім еткен адамның бірі ауруды сол тойға барып, жұқтырғанын айтты. «Шақырған жерге бармасаң ұят» деп отыратын. Ой, жалған-ай. Садақамыз да осы тойдан еш кем емес, одан көп болмаса, аз адам жиналмайды. «Садақаны сауыңда бер» деген. Сауығып алған соң, садақа беремін деген жанға уақыт табылар. Әзірге сабыр сақтайық. Бұл мен үшін жаны ауырған ағайынның, ұрпақтарымның, амандығымды тілеген көптің көңілін сезінген тұста түйген ойым. Ауырмаңдар: шама келсе, ешқайда шықпа, ауырмаудың  жол осы.

Құрман Бисеғалиев,

Чапаев ауылы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале