18.06.2026, 16:30
Оқылды: 9

Балалардың жүрегіне жол тапқан қойылым

Тасқала ауданына Хадиша Бөкеев атындағы облыстық қазақ драма театры іс сапармен келіп, «Жалқаудың жыры» атты балаларға арналған тәрбиелік мәні зор ертегі қойылымын сахналады.

жалқаудың жыры фото 2Режиссер адам бойындағы  еріншектік әрекеттерді көрсету арқылы еңбекқорлық, жауапкершілік және адал еңбектің маңызын ұғындыруға тырысқан.

Бұл ертегіде басты кейіпкер — жалқау бала. Ол өзіне тиесілі күнделікті жұмыстарды кейінгіге қалдыруды әдетке айналдырып, өз ісіне немқұрайлы қарайды. Оның кітаптан, спорттан және күнделікті тәртіптен алыстап, жалқаулық пен гаджетке шамадан тыс әуестенуі баяндалады. Жалқау баланың маңына смарт сағат, доп, асық, тіс щеткасы, сөмке, нан кейпіндегі пайдасы мол достары жиналып өздерін үнемі қолдануын өтінеді. Бірақ ол бәрінен бұрын Android досын артық көріп, оны достарымен алмастырады. Уақыт өте келе жарықтың сөнуіне байланысты Android өз қызметін тоқтатады. Сол кезде ол өз қателігін түсініп, аталған достарымен қайтадан қауышады. Сахналық қойылым жас көрерменді еңбекқорлыққа, білімге құштарлыққа, тазалыққа және ұлттық құндылықтарды бағалай білуге тәрбиелейді.

Сондай-ақ, ертегінің көмегімен балалар өздерінің әрекеттері мен шешімдерінің салдары туралы ойланып, алға қойған мақсаттарына жету үшін еңбек ету қажеттілігін түсінді.

Қойылым кішкентай көрермендерді жалқаулық пен еріншектіктің арты жақсылыққа апармайтынын түсіндіре отырып, ерекше тартымды әрі шытырман оқиғамен өзіне баурап алды. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда бала санасына ұлттық тәрбиені дарыта білуде шеберлік танытқан сахна өнерпаздарының кәсіби біліктіліктері де көрініс тапты.

жалқаудың жыры фото 1

Бұл ертегі баланың бос уақытын тиімді өткізу, жұмысқа деген дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін өте пайдалы. Әсерге толы туындыны тамашалаған балалар өз өмірлерінде жалқаулықты жеңіп, мақсаттарына жету үшін қажырлы еңбек етуге деген ынталарын арттыра алады деген сенім мол.

 

 

Бақтыгүл Шотанова,

Тасқала ауданы

         

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале