4.03.2020, 9:58
Оқылды: 793

  Балуан қыздың бәрі Тасқұдықта

     Батырғали Иманқұлов Елтай ауылдық округінің әкімі болып тағайындалысымен ауылдан күрес үйірмесін ашуды ойлады. Ауыл спортын көтеру мен ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу үшін Тасқұдыққа күрес үйірмесі сөзсіз керек еді.

 syrym kures (5)

Күресті өркендетуге жаттықтырушы Өркен Бисенов кірісіп, 2018 жылдың қыркүйегінде Тасқұдықта алғашқы жаттығу басталды. Әрине, алғашқы жаттығулар алғашқы жеңістерге жеткізді.

Өркен Бисенов шәкірттеріне қазақ күресінен бөлек, самбо мен дзюда күрестерінің әдіс-тәсілдерін үйретуде. Бір қызығы, үйірмеде ұл балалардан гөрі бұрымдылардың саны көп. Бүгінгі күні бір Тасқұдықтың өзінде 17 қыз бала күрес әліппесін тастүйін етіп меңгеріп жатса, алды ел чемпионаттарының жүлдесін ала бастады.

syrym kures (9)

– Қыздарымның бойындағы жігер де, құлшыныс та мықты. Ол жағынан ұлдардан қалыспайды. Ауылдың атын шығарып жатыр. Былтыр Сара Ибатуллина деген шәкіртім 52 келі салмақ дәрежесінде, ал Аягөз Сәрсенбаева 40 келі бойынша қазақ күресінен республикалық жарыста жүлдегер болып, күрестің осы түрінен спорт шеберлігіне үміткер атанды. Кеше ғана Ақбота Шынбергенова Батыс Қазақстан облысының чемпионатында ІІ орын иеленді, – дейді жаттықтырушы Өркен Бисенов.

syrym kures (4)

Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанындағы Тасқұдық күрес үйірмесі – ауыл спортының құтты ұясына, чемпиондардың ұстаханасына айналып келеді. Балғын балуандардың бабына ауылдың азаматтары да жанашырлық танытуда. «Қарабура» шаруа қожалығының жетекшісі Тілекқабыл Шулеуов залға татами төсеп берсе, мектеп түлегі Болат Уталиев күрес күртешесінің 2 жинағын сыйлапты.

Бауыржан Ширмединұлы

 Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале