29.01.2025, 12:30
Оқылды: 73

Бас жүлде тасқалалық бишілерде

Тасқала аудандық мәдениет үйі жанындағы «Айкөркем» және «Айжұлдыз» би топтары тағы бір мәрте биік белесті бағындырып, аудан намысын абыроймен қорғады. Хореогоф Маягүл Нұрланқызы жетекшілік ететін өнерлі жастарымыз республикалық байқауда үлкен жетістікке жетті.

би фото

Астана қаласында өткен «Жұлдыздар жарығы» халықаралық байқауы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты өнерпаздарды бір алаңға тоғыстырды. Осы жарысқа қатысқан «Айжұлдыз» би тобы өздерінің шеберлігі мен үйлесімді би қойылымын көрсетіп, 15 команданың арасынан І орынға ие болды. Бұл жеңіс – жастардың еңбегі мен шығармашылық ізденісінің айқын нәтижесі. Ал «Айкөркем» би тобы байқаудағы ерекше өнерімен көрермен мен қазылар алқасын тәнті етті. 14-16 жас аралығындағы талантты бишілер «Бабалар рухы» атты қазақша би қойылымымен    сахнаға шығып, ұлттық өнердің бай мұрасын әсерлі түрде жеткізді. Бұл би қойылымы олардың өзге командалардан оқ бойы озық екенін дәлелдеп, 10 команданың арасынан бас жүлдені жеңіп алды. Маягүл Нұрланқызының жетекшілігімен жұмыс істейтін бұл топ бірнеше жылдан бері биік жетістіктерімен аудан мақтанышына айналып отыр. Жастардың таланты мен жетекшінің кәсіби біліктілігі – ауданның мәдениет саласындағы дамуының жарқын дәлелі. – Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Бұл сапар барысында ата-аналардың көрсеткен қолдауы мен сенімі бізге үлкен демеу болды. Сондықтан ата-аналарға шын жүректен алғыс айтамын. Алдағы уақытта да көптеген мақсатымызды жүзеге асырып, талай жетістікке жетеміз деген сенімдемін! – деді топ жетекшісі Маягүл Нұрланқызы.

 Назерке Шайхоллақызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале