6.12.2021, 16:50
Оқылды: 106

 Бас жүлде мен Сырым семсерін Бауыржан жеңіп алды

Бүгін Сырым ауданында өткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан» атты облыс ақындарының қорытынды «Сырым семсері» айтысына жиылған қонақтар Сырым шыққан төбедегі кесенеден ақ дәммен қарсы алынды. Аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов пен ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырым ауданының Құрметті азаматы» Махмет Қажиахметов келушілерді қарсы алып, қонақжайлық танытты.

49FCFAF0-3F5C-40DB-881E-40BD64B6CEA5

Құрмет көрсетілген меймандар ішінде өңірдің қабырғалы қаламгерлері – Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, прозашы Алпамыс Бектұрғанов, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Білім саласының үздігі Дариға Мұштанова, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Сырым ауданының Құрметті азаматы» Бауыржан Халиолла, «Алтын домбыра», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жансая Мусина мен бір топ айтыскерлер бар. Оларға Жымпиты халық театры Сырым, Жаһанша, Абдолла, Қадыр рөлін сомдап, көрініс көрсетті.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде алғабастық Нұрболат Хабиевтің қолынан шыққан ұлттық бұйымдардың көрмесін және Сырымның семсері – қайқы қылышты Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева таныстырды. Айтыстың бас жүлдесін қанжығаға байлаған ақын ауыспалы жүлде – семсерді иеленетінін айтты.

Аудандық мәдениет үйінде «Еркіндік осы арада тәй-тәй басқан» атты Батыс Қазақстан облысы ақындарының қорытынды «Сырым семсері» айтысы өтті. Айтысты Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді. Жыр аламанына Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Сырым ауданының «Құрметті азаматы» Бауыржан Халиолла, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, прозашы Алпамыс Бектұрғанов, Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері, Білім саласының үздігі Дариға Мұштанова, «Алтын домбыра», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жансая Мусина, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырым ауданының Құрметті азаматы» Махмет Қажиахметов қазылық етті.

Айтысты Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев пен Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, «Сырым ауданының «Құрметті азаматы» Бауыржан Халиолла ашып берді.

Сөз бәйгесіне он төрт ақын қатысты. Алғашқы боп айтыстың шымылдығын түрген жұп жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтың Санат Мұхамбетжанов болды. Одан кейін сырымдық Мақсат Тұяқ пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл, ақжайықтық Бекболат Қаленов пен Естеміс Мұхамбетов, сырымдық Санат Кәрімов пен ақжайықтық Мейірман Шакенов, теректілік Әділ Ахметов пен ақжайықтық Айнабек Бисенғалиев, бөрлілік Жарқынбек Шынтаев пен сырымдық Бауыржан Ширмединұлы, бөкейордалық Талғат Мықи мен қаратөбелік Райымбек Өтепов сөз қағыстырды. Қазылар алқасының ұйғарымымен Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықи ортаға шақырылып, қосымша он минут айтысты.

Нәтижесінде бас жүлде, 500 мың теңге және Сырым семсерін аудан намысын қолдан бермеген Бауыржан Ширмединұлы жеңіп алды. Бірінші орынды Талғат Мықи қанжығаға байлады. Екінші орынды және 300 мың теңгелік сертификатты Жарқынбек Шынтаев иеленді. Айтыстың үшінші жүлдесі – 200 мың теңге Райымбек Өтеповке бұйырды. Ақындар аламаны жүлдесіне Ғанимат Нұрмұханов, Ернар Байдашев сынды ел ағалары демеушілік жасады.

AD0C3520-956A-4C66-8AFF-DFF5BD828F55

Аудан әкімінің арнайы жүлдесі Естеміс Мұхамбетов пен Санат Кәрімовке ұсынылды.

Айтыста өнер көрсеткен барлық ақындарға ауданның ақын-жазушылары атындағы жүлделер және ақшалай сертификат табыс етілді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале