8.02.2021, 18:49
Оқылды: 212

Бастауыштың бастауы – Кітабия апай

Кешегі күн – бүгінгі тарих. Тұма тарихтың қойнауында небір ерекше естеліктер жатыр. Бүгін біз соның бірсыпырасын өздеріңізбен бөліспекпіз. Әңгімемізге Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінен ашылған тұңғыш қазақ тілді бастауыш сынып арқау болмақ. «Аштықта татқан құйқаның дәмі тәтті» демекші, орыс тілді мектептен алғашқы ана тілдегі бастауыш сыныптың ашылуы сол кезде аудан үшін де елеулі оқиғалардың бірі болды десек, артық айтқандық емес. Сол кездегі білім беру бөлімінің бұйрығымен сыныптың жетекшісі болып бүгінде білім саласында өзіндік орны бар ардагер ұстаз, өңірге белгілі педагог Абдугазия Кітабия Скендірқызы болатын.

WhatsApp Image 2021-02-07 at 22.48.37 (1)

«1989 жылы қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, бірыңғай орыс тілді Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінен (ол кезде тоғыз жылдық негізгі мектеп болатын) тұңғыш 8 оқушымен қазақ тілді сынып ашылды. Мен аудандық білім беру бөлімінің шешімімен сынып жетекші болып тағайындалдым. Ол кезде бөлім басшысы Сапаров Бақытжан Сапарұлы болатын. Содан не керек, тапсырма берілгеннен кейін жұмысты үлкен жауапкершілікпен бастап кеттік. Қиындықтар болмады деп айта алмаймын. Жалпы мұғалімдік деген қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандық қой. Ол кезде «Әліппемен» алғаш сауат ашып, оны бітіргеннен кейін «Ана тілі» оқулығы біраз уақыт қолға түспей, қолымыз байланып қалғаны бар. Кейін көп ұзамай, оның да шешімі табылды. Сөйтіп сыныптағы жұмысымыз бір қалыпқа түсті ғой. Еңбек жолымды қарап отырсам, білім саласында біршама реформа болған екен және мен мектебімде ылғи соның бастаушысы болыппын. Алғаш қазақ тілді сыныптың ашылуы, деңгейлеп-саралап оқыту, жаңартылған білім беру мазмұны секілді өзгерістердің басы-қасында бір кісідей еңбек еттік», - деп өткенді еске алып, естелік тарқатты Кітабия апай.

Абдугазиева Кітабия Скендірқызы 1959 жылы қазанның 28-і күні Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1974-1978 жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғаш еңбек жолын туған жерінде бастайды да кейін 1989 жылы тұрмыс жағдайына байланысты Шыңғырлау ауданына көшіп келіп, еңбек жолын Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінде жалғастырады. Аталмыш мектепте отыз жылға жуық үздіксіз ұстаздық қызмет етіп, абыройлы зейнеткерлік демалысқа шығады.

WhatsApp Image 2021-02-07 at 22.48.36

«Ол кезде ұжым ерекше тату болатын. Директорымыз марқұм Дінаман Әубәкірұлы алды ашық, жайсаң кісі еді. Иық тіресіп, қызмет еткен бірқатар әріптес мұғалімдер әлі де көз алдымда. Білім беру бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері болып Күнсұлу Жұмашқызы қызмет етті. Мектептегі алғашқы қазақ сыныбы болғасын тексеріс те көбірек болатын. Себебі сол кездерде тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлінген-ді. Облыстан жауапты мамандар жиі келіп, жұмыс барысын қадағалап отырады. Аудандық білім бөлімінің мамандары сабағымызға қатысып, сыныптың ішкі тыныс-тіршілігін қарайды. Сыныптың ішінде алғаш 8 сегіз оқушы болғанымен, кейінгі жылы бастауыш сыныптарда оқушы саны арта бастады. Оның өзі біз үшін үлкен абырой болатын. Балаларын қазақ тілді сыныпқа беріп жатқан ата-аналарды көріп, ерекше қуанатынбыз. Ол әуелі тілге деген құрмет болса, одан кейін біздің жұмысымыздың бағасы деп қабылдадық», - дейді ардагер ұстаз.

Бүгінде Кітабия Скендірқызы әріптестері арасында сыйлы, ізденуден, үйренуден еш жалықпайтын, отбасында аяулы жар, ұл мен қыз өсіріп отырған өнегелі ана. Зейнеткерлікке шықса да білім саласынан алшақтап кеткен жоқ. Аудандық Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы болып, өзінен кейінгі әріптестеріне білім саласындағы бағдаршамдай бағыт нұсқап, жол көрсетіп келеді.

Самат Байболат,

Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале