24.02.2021, 17:31
Оқылды: 102

Басты назарда – төл алу

Шыңғырлау ауданында төрт түлік мал басын өсіру, оның өнімін алу жақсы жолға қойылған. Шаруашылық субъектілерінің дені мал шаруашылығымен айналысуда және жетістіктері де айтарлықтай. Соның ішінде ірі қара мал басы жыл сайын өсім беріп, ет пен сүт өнімдерін өндірудің арқасында ауыл халқының  күнкөріс деңгейінің артуына, сонымен қатар аудан экономикасының өркендеуіне оң әсерін тигізуде.

IMG-20210224-WA0039

- Шаруа жандар үшін қазіргі күн – кезек күттірмейтін ауыл шаруашылығы науқанының  тағы бір қызған шағы болып тұр. Себебі, аудан көлемінде 45 мал қыстағы тіркелген болса, соның барлығында да ірі қара малы төлдеп бастады. Қарбалас кезеңді өткеріп, жас төлді мына күннің суығына тигізбей, ауру-сырқауға шалдықтырмай, қатарға қосу басты міндет қой. Биылғы қыс қатты десек те, тиянақты әзірлік пен мал шаруашылық саласындағы көп жылғы іс-тәжірибелерінің арқасында ілкімді еңбек етіп жүрген малшы да, шаруа қожалығы басшылары да қыстан қысылмай шығатындықтарын айтады. Адам ерінбей еңбектенгенде ғана табысқа жетпек. Ал ауа райының құбылмалылығы, бораны мен аязы, жаңбыры мен ыстығы да шаруа адамды жыл өткен сайын ширата түсетіні тағы мәлім.

Аудан көлеміндегі мал өсіруші шаруашылықтарда 18715 сиыр тіркелген, қазірдің өзінде бір мыңнан аса бұзау алынды. Енді он күн шамасында мал қораларында науқан қызып,  жаппай төлдеу басталмақ. Асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруалар үшін нағыз жауапты кезең жалғаса түседі. «Мал төлдетуге барлық жағдай жасалған. Мал қыстақтарында жем-шөп жеткілікті,мал қоралары төл алуға, жылы жерге орналастыруға ыңғайландырылған. Түгелдей электр жарығымен жабдықталған. Қатынас жолдары әлсін-әлсін тазартылып тұрады, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрлан Садықов.

Айта кеткен жөн, «Нұрсұлтан», «Ақсуат», «Жақып», «Байқадам», «Ақтау», «Жәнібек» сияқты шаруа қожалықтарында мал қыстағы ойдағыдай өтуде. Мал басын асылдандырып, өз төлінен көбейтіп, өнімін өндіруде алдағы жоспарларын іске асырып, еңбектерінің өнбегін көруді мақсат қылған. Ендігі кезекте кой төлдету басталып, шаруа жандардың жұмыстары тағы еселенбек.

                                                                                                                                                А.Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале