10.03.2022, 12:40
Оқылды: 63

Білікті басшы

Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталығына шаруасы түсіп бармайтын жан жоқтың қасы шығар. Бір қарағанда жұмыстары аз болып көрінгенмен, халыққа қызмет көрсету орталығы сан алуан қызметтерді атқарады. Бүгінгі мақаламыз осы салада ұзақ жыл қызмет істеп келе жатқан жаңақалалық Бақытжамал Мақанова жөнінде болмақ.

Білікті басшы

Бақытжамал Төлеуғалиқызы 1974 жылы Жаңақала ауылында дүниеге келген. Осы ауылда өсіп, 1991 жылы Жаңақала орта мектебін бітіреді. Одан әрі білімін жетілдіру мақсатында 2004 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығын, сондай-ақ 2008 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін «заңгер» мамандығын алып шығады. Содан алғашқы еңбек жолын аудандық тұтынушылар одағында бухгалтер болып бастаған. 2008 жылдан ауданда халыққа қызмет көрсету орталығы ашылғаннан бастап, осында жедел қызмет көрсету залының басшысы болып істейді. Сөйтіп, 2010 жылдан осы күнге дейін «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалы Жаңақала аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. 1999 жылы Жаңақала ауданында тұратын Нұрлан Мақановқа тұрмысқа шығып, екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

- «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясының» басты міндеті – мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, құжаттар топтамасын қысқартып, мемлекеттік қызмет көрсету уақытын барынша азайту. Қазақстан азаматы күнде біздің қызметімізге жүгінеді, ал біздің міндетіміз сол қызметті сапалы түрде көрсету. Азаматтарға арналған үкімет – мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері болып табылады, қазіргі таңда мемлекеттік реестрдің қызметтерінің 96,5 пайызын көрсетеді.

Жұмысым өзіме ұнағандықтан әр ісіме құлшыныспен, жауапты қараймын. Жұмыстағы мақсатым –келген кісінің жұмысын тез бітіріп, тиянақты қызмет атқару. Көмек сұрап келген әр адамның разы болып кеткені біз үшін маңызды, - дейді Б.Төлеуғалиқызы.

Өз ісіне адал, білікті маман осы салада еңбек ете жүріп, егемен еліміздің 25 жыл толуына орай төсбелгімен марапатталған. Көп жылдан бері аталмыш салада тынымсыз қызмет етіп, көп биік белестерді өткерген білікті маман бірнеше марапаттар, Құрмет грамоталары, алғысхаттар мен дипломдарды иеленген. Әрқашан да осындай білікті басшы, сауатты маман өскелең ұрпаққа, жас қызметкерлерге үлгі.

- Мен 2016 жылдан бастап осы бөлімде қызмет атқарып келемін. Басшымыз Бақытжамал Төлеуғалиқызы жұмысына жауапты. Кез келген жұмысты ұқыптылықпен атқарып, халықтың қамын ойлап, орталыққа жүгінген тұтынушылармен жеке-жеке сөйлесіп, сапалы жұмыс атқарады. Соның арқасында біздің бөлім ең үздік саналады. Бұл қызметте, бөлімде жұмыс атқару оңай емес. Соған қарамастан қол астындағы қызметкерлерге өз деңгейінде жұмысты талап етеді. Өз ісінің шебері Б.Төлеуғалиқызы жұмысын жоғары деңгейде атқарады, - дейді аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Шолпан Жәрдемова.

Кейіпкеріміз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай барша нәзік жанды жерлестерін мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін де білдірді.

- 8 наурыз – әлемнің көптеген елдері тойлайтын Халықаралық мереке. Өзім ана болағаннан кейін барлық әйелдердің ұйқысы тыныш болғанын қалаймын. Барлық аналар, әпкелерімізге отбасына амандық тілеп, бала-шағаларының қызығына бөленіп отыра берсін. Аналарымыз ешқашан жыламасын. Бейбітшілік өмірде балаларымыз бақытты өмір сүрсін. Әлемдегі болып жатқан оқиғалар оңды шешіліп, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, - дейді ол.

 Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале