10.08.2022, 19:33
Оқылды: 100

Бір ауыл - бір өнім жобасы

10 тамыз күні аудан орталығындағы Спорт кешенінде ауданымыздың қолөнер шеберлері мен сүт өнімдерін өндірумен айналысатын жандардың басын қосқан «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясында көрме ұйымдастырылды.

казт

Аталған көрменің ұйымдастырылуына «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің Казталов аудандық филиалының мұрындық болуымен өтті. Көрменің ашылу салтанатына және қатысушылардың өнеріне өз бағасын беру үшін аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, жеке кәсіпкер Динара Қазиева, балалар құқықтары жөніндегі қамқоршылық кеңесінің мүшесі Рима Көбейсінова, «Дәстүр» ағаш шеберханасының шебері Нұрсұлу Бисманова, Жәнібек ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Майрагүл Мұқатқызы, «Атамекен» ҰКП Орал қалалық өкілі Жанар Досалиева, Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Абдулова, «Атамекен»ҰКП Казталов аудандық филиалының директоры Аманжол Нығметов, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Бекмулдин қатысты. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы қонақтар мен көрмеге қатысушыларға сәттілік тілеп жылы лебізін білдірді.

каз1

- Жалпы қолөнер өнері ықылым заманнан салт-дәстүрімізбен, әдет-ғұрыпымызбен етене байланысып келе жатыр. Іскер әйелдердің, қолөнер шеберлерінің көрмесі ауданымызда көктем мезгіліндегі нәзік жандылардың мейрамында, ірі жобалар аясында ұйымдастырылып тұрады. Ауданымыздағы әскер әйелдердің де қатары артып келеді. Олар өздерінің өнімдерін тек көрмелерде ғана емес, өзге де ауылдар мен облыс орталығында саудаға шығарып, тұтынушылар санын арттырып жүр. Тек қолөнер ғана емес, сүт өнімдерін өндіру де бір жолға қойылып, ұлттық брендімізді, қала берді ауданымыздың брендін қалыптастыруда. Бұл он саусағынан бал тамған, кесте тоқып, ұршық иірген қазақ әйелінің тұрмыс-тіршілігінің көрінісінің жаңғыруы іспетті. Қолөнерді дәріптеуді мектеп бағдарламаларына да енгізіп, қосымша үйірмелер арқылы ұрпағымыздың ұлттық өнерді жалғасытырып, жаңғыртуына сеп болуымыз керек, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Көрмеге қолөнер бұйымдарымен қатар ағаш бұйымдар, «Сарықұдық» майы, сүт өнімдері, әшекей бұйымдар мен қылқалам шеберлерінің туындылары, фотосуреттер көрермен назарына ұсынылып, тиімді бағада сатылды. Жоба қатысушыларының арасындағы үздік деп танылған туындылар иегерлері облыс орталығындағы көрмеге қатысып, Жапония мемлекетінде өтетін халықаралық көрмеге өзінің өнімдерін ұсынуға мүмкіндік алады. Бұл туралы «Жарқынай» дизайн студиясының жетекшісі Жарқынай Рахметқызы атап өтті.

-Жуырда Жапонияда маңызы зор халықаралық жәрмеңке өтеді. Ол әр елдің азаматының өзінің өнімін ұлттық бренд ретінде қалыптастыруы үшін үлкен мүмкіндік. Халықаралық жәрмеңкеге облысымыздың іскер әйелдерінің де қатысуға әлеуеті зор. Сондықтан, алдымен аудандарда «Бір ауыл – Бір өнім» жобасы аясында көрмелер ұйымдастырып, үздіктер облыс орталығында анықталып, халықаралық көрмеге жолдама алатын болады. Мәселен, тоқылған сөмкелер, ойыншықтарды экспортқа шығаруға болады. Себебі, ол қойдың жүнінен пайда болатын әсем туындылардың бірі. Жалпы облысымызда әйелдердің белсенділігі артып, ұлттық өнеріміз ұлықталып, шеберлер қатары артуда, - деді ол.

Көрмеге ауданымыздың 18 және Жәнібек ауданының 2 азаматшасы қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Қатысушылардың барлығына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, жүлдегерлер аудан әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде жерлесіміз, ардагер ұстаз, зейнеткер  Гүлжиян Имағұлова жүлделі ІІІ орын, ақпәтерлік Ақгүл Харесова жүлделі ІІ орынға ие болса, Жәнібек ауданынан арнайы келген Қантым Ғұмарова анамыз бас жүлдеге ие болды. Көрмеде қатысушылар мен тұтынушылар назарына құрт өнімдерін өндіру және керамикадан әдемі бұйым жасау бағытында шеберлік сағаттары өткізілді.

Асылбек Нәсіпқали

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале