25.07.2022, 12:15
Оқылды: 32

Бір бума шөптің бағасы 5000 теңгеден аспау керек

Сырым ауданында аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері жалғасуда. Еске сала кетейік, ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу» туралы жаңа Жарлығына сай, енді әкімдер халықпен тоқсан сайын жүздеседі.

3

Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Алғабас ауылдық округіне қарасты Сасықкөл елді мекеніндегі тұрғындармен кездесті.

Округ әкімі Өркен Әменовтың айтуынша, Сасықкөлде 30 аула бар. Өкінішке орай оның 11-і бос тұр. Қалған халықты ауылда шаруашылық жайы ұстап отыр. Жеке аулаларда 184 ірі қара, 998 ұсақ мал және 117 жылқы бағылуда. 269 сиыр, 810 бас қой мен ешкі және 141 жылқы қожалықтардың иелігінде.

Ауылда негізінен екі мәселе бар. Біріншісі – фельдшер керек. Екіншісі – газдандыру жұмысын аяқтау. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Еркін Мәжіков үйлерге көгілдір отын желісін тарту жұмыстарын жеделдетуді  сұрады.

Сасықкөлдік ағайын үшін су мәселесі де өзекті. Өзіне де, малына да су керек. Алдағы уақытта жергілікті бюджет есебінен құдық соғылса, нұр үстінен нұр болмақ.

2

Жиналыста қысқа мал азығын дайындау, оны халыққа тиімді бағамен сату жайы да талқыланды. Ауданда шөп шығымының жақсы деңгейде екеніне тоқталған Төлеген Төреғалиев «Елде болса ерінге тиеді» -дегендей, ауылдастарға мал азығы қолжетімді бағамен ұсынылуы керек деді. Батыс Қазақстан облысы Ғали Есқалиев өңірде бір бума шөптің құнын 5000 теңгеден асырмау туралы тапсырма берген. Сасықкөлдік пішеншілер шөптің бумасын 3500 теңгеден, ал буылмаған, бос шөптің тіркемесін 35 000 теңгеден белгілеп отыр.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале