13.12.2022, 9:45
Оқылды: 26

Біріккен кәсіпорынның келешегі кемел

Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы «PetrolValves Kazakhstan» ЖШС – біріккен кәсіпорын. Биылғы маусым айында қазақстандық «Merlion Development Group» ЖШС-ның 50,1%-дық және итальяндық «Petrol Valves S.P.A.» компания­сының 49,9%-дық үлесімен құрылған. Жаңа технологиялық орталықта мұнайгаз және энергетика салаларына қажет түрлі клапан өндіріледі.  

cdbc1f0d-8034-46a5-9397-1ea59aa4e183

«Merlion Development Group» ЖШС-ның директоры Динар Хамиевтің айтуынша, өндірістік бекітпе арматуралары, клапандар Қазақстанда өндірілмейді. Мұнай-газ компаниялары жоғары технологиялық ондай қондырғыларды итальяндық, америкалық өндірісшілерден сатып алып, тасымалдайды. 2019 жылы екі итальяндық компания «Petrolvalves Kios Kazakhs­tan» ЖШС-ның өндірістік бөлімшесін ашады. Өндіріс орны клапандар өндіріп, сервистік қызмет көрсету үшін құрылады. Алайда әлдебір себептермен өндіріс ашылмай жатып, жабылады. Еліміздегі ірі кен орындары, соның ішінде Қарашығанақ пен Қашағанда «PetrolValves Kazakhstan» компаниясының түрлі өлшемдегі клапандары қолданылады. Бұл – әлемдегі осындай қондырғыларды өндіретін үздік он кәсіпорын санатындағы ірі компания. Жетпіс жылға жуық «ғұмыры» бар танымал өндірісші соңғы 20 жылда елімізді 45 мыңнан астам клапанмен қамтамасыз еткен. Жүргізілген сараптама бойынша алдағы жиырма жылда 400 мыңнан астам клапан қажет. Сондықтан нарықта сұраныс барда өнім өндіру кезек күттірмейтін мәселе болса керек. Осыны ескерген «PetrolValves S.P.A.» компаниясы жобаның бастапқы кезеңінде жоғары технологиялы құрал-жабдық сатып алуға,  жергілікті 20 маманды оқытуға 7 млн еуро шамасында инвестиция жұмсады.

– Бірлескен жобаны іске асыру үшін Ақсай қаласынан өндірістік база аштық. Зауытта клапандарды құрастырып қана қоймай, кейбір бөлшектерді өзіміз өндіруге кірістік. Мысалға, штог, клапан ішіндегі ершік бөлшектері. Биыл жыл аяғына дейін  500, алдағы  жылы 2 500 дана клапан жасап шығарамыз, – деді Динар Болатұлы сенімді үнмен. Директордың айтуынша, зауытта өндірілген түрлі тетіктің сапасы мұқият тексерістен өтеді. Халықаралық деңгейдегі компаниямен серіктес болу үлкен жауапкершілікті жүктейді. Соны технологиялы құралжабдық, өндіріс ошағындағы мамандар Италиядан ат арытып келді. Одан басқа 40 жұмысшы  – жергілікті тұрғындар. Оларды итальяндық мамандар үйретіп, оқытқан. Әлемдік кәсіби деңгейді сақтауға қатты мән-маңыз беріледі. Сондықтан техникалық білім-білігі мықты, сызбаларды оқи алатын мамандарға сұраныс бар. Өндірістік тәжірибеден өтуде өздерін жақсы қырынан танытқан мамандар Италияға оқуға жіберіледі. Ондай білікті мамандар тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің  кез келген елінде жұмыс істеуге қабілетті болуы тиіс. Компания өндіріс орнындағы жергілікті мамандар қатарын   95%-дан асыруды көздейді.

9142c898-fa7f-4db7-ad11-b8738ef76b63

– Кәсіпорында жаңа клапандарды шығарып қана қоймай, ақауы бар немесе  ескірген тетіктерді жөндеу жолға қойылды. Біріккен кәсіпорын 2024 жылы толық қуатына енеді. Сонда жылына 3500 дана клапан өндіреміз. Біздің өнімдерімізді Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз секілді кен орындарын игеруші компаниялар тұтынады. Бүгінде бірқатар компаниямен меморандум жасалып, қол қойылды. Алдағы уақытта ТМД елдерінің нарығына шығу да жоспарымызда бар, – дейді Д.Хамиев.

«PetrolValves S.P.A.» компаниясы ТМД аумағында екінші біріккен кәсіпорын құра алмайды. Бұл келісімшартта көрсетілген. Жоба бойынша болашақта клапан өндірісінің көлемі ұлғаяды. Жылына 3 мыңға жеткізіліп, 40-50 адамға тұрақты жұмыс орны беріледі. Бастысы, жаңа өндіріске 3 млрд теңге  жеке инвестиция тартылады. Қазіргі жобаның алғашқы кезеңінде клапан құрастырып, кейбір бөлшектерді жасау жұмыстары игерілді. Екінші кезеңде клапанның барлық бөлшегі жасалып, толық өндіріс үрдісі зауытта іске асады. Ақсайдағы жоғары технологиялы кәсіпорын ұлттық экономикамызды дамытуға үлес қосып, өнеркәсіп саласын өрге тартуда.

Нұргүл Құбашева, Бөрлі  аудандық  кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

IMG-20221213-WA0004

– Ауданда жалпы құны 18 млрд теңгенің 22 ірі жобасы іске асырылуда.  Бұл ілкімді жобалар жеке инвестицияның есебінен жанданады. Олардың ішінде  экономиканың түрлі саласынан, атап айтсақ,  бірнеше тұрғын үй құрылысы,  халыққа қызмет көрсету саласынан (монша, аутокөлік жуу құрылысы), сауда орталығы және қонақүй құрылыстары, клапан өндірісі зауытының жобалары және басқалары бар. Итальяндық және жергілікті компаниялардың бірлескен жобасы саналатын клапан өндірісі зауыты жұмысын бастады. Биылғы қыркүйек айында «Green Spark Limited» ЖШС-ның «Алғашқы молекула» жасыл сутегі өндірісі жобасы іске қосылды. Жаңартылған энергиямен жұмыс істейтін зауыт жасыл сутегі өндіреді. Елімізде сутегі энергетикасын дамыту – маңызды стратегиялық жаңа бағыттардың бірі. Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жобалардың бірі  – «Аманат» шаруа қожалығының тауарлы сүт кешені. Сүт өндіретін кешен құрылысы аяқталды. Халық көптен күткен қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобасын «Digitalisation аnd Recycling» қолға алды. Сонымен қатар 3 мың бас ірі қара ұсталынатын «Достық-Қоныс» кешені салынуда.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале