21.12.2020, 9:41
Оқылды: 113

Бірлігі бекем Алмаз ауылы

Шыңғырлау ауданының жеті кереметінің бірі саналатын Аққұмда баһадүр Бөкенбай батыр бабамыздың ізі, Алшағыр хан туралы аңыз қалған, Жұмбақкөлімен таңдандырған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимова дүниеге келген, суырып салма ақын, жыршы Көшелек Еламанұлы өмір сүрген Алмаз ауылдық округі – ерекше, қасиетті мекен.

 көп балалы шудабаев

Бүгінде аудан орталығынан оңтүстік бағытта орналасқан Алмаз өңірінде тұрмыстың түзелгенін, халықтың әл-ауқатының көтерілгенін көруге болады. Бірі мал бағып, бірі кәсіп ашып, түрлі қызметті жатсынбай, өз напақасын тауып жүр. Сондықтан болар, алмаздықтардың арасында әлеуметтік көмек алатын отбасылар жоқ. Алмаз ауылы осыдан төрт жыл бұрын көгілдір отынмен қамтылса, үстіміздегі жылда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында су құбырының құрылысы жүргізіліп, халық таза ауыз суға қол жеткізген болатын. Алмаздықтардың бұл қуанышты сәтімен бөлісу үшін облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы келіп, су құбырының ашылу салтанатына қатысқан еді.

700-ге жуық халқы бар Алмаз ауылдық округінің тұрғындарына орта мектеп пен негізгі мектеп, 2 балабақша, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, мәдениет үйі, ветеринарлық пункт, пошта байланыс бөлімшесі және бірнеше дүкен қызмет көрсетеді. Жалпы округ бойынша 26 шаруа қожалық, 6 жеке кәсіпкер тіркелген.

Алмаз ауылдық округінің әкімі Сағындық Қалниязов: «Алмаз ауылдық округі бойынша 3743  ірі қара, 733 жылқы, 5374 астам ұсақ мал бар. Мемлекеттің қолдауына ие болып, мал өсіріп отырғандардың қатары ауылда күн са­нап көбейіп келеді. Оның үстіне Самара-Шымкент автожолының бойында орналасқан елді мекенге өзге қалалардан инвесторлар келіп, мал шаруашылыған дамытуға өз үлестерін қосуда. Мәселен, үстіміздегі жылы Ақтөбе қаласынан инвесторлар келіп, өңірімізде 1000-ға жуық еділбай қойымен қатар, жылқы да әкелді.  Келер жылы түйе малын алдырту жоспарлары бар», - дей келе ауыл тұрғындарының арасында төрт түліктің санын артып отырған жеке тұлғалар да, шаруа қожалықтары да бар екенін айтады.

Сондай жандардың бірі алмаздық Миржан Басурманов «Басурманов» атты шаруа қожалығын ашып, өз алдына кәсібін дөңгелетуде. Оның қожалығынан 200-ден астам ірі қара мен 200-ге жуық қой және жылқыны кезіктіресіз. Миржан сиыр малының тұқымын асылдандыру мақсатында мемлекет тарапынан берілген субсидияларға қол жеткізіп, қазақтың асыл тұқымды бұқаларын да малына қосқан. Оның үстіне биылғы жылы жалпы ұзындығы 100 метрлік екі мал базасы мен жем сақтауға қолайлы үлкен ангар салып қана қоймай, қызметкерлеріне арналған қос пәтерді үй салып, малдың да, адамның да жағдайын жасап отыр. Соңғы заманауи технологияларды ескеріп, мал қоралардың жылы әрі жарық болуын қадағалап, түрлі жабдықтарды қолдануда. Жолдасы мұғалім, отбасында үш бала тәрбиелеп отырған отбасы өздерінің еңбекқорлығымен танылған.

шарқат (2)

Жалпы Ақтөбе облысымен және Қаратөбе ауданымен шекаралас өңірге жан-жақтан, яғни қаладан көшіп келемін деушілер де аз емес. Олар мал ұстап, жаңа кәсіп ашып, өзінің де, ауылдың да дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – Сартовтар отбасы. Үстіміздегі жылдың ақпан айында көшіп келген Асылбек пен Мира осыдан жиырма шақты жыл бұрын ашылған «Баянас» шаруа қожалының жұмысын қайта жандандыруда. Ірі қара, жылқы, қой бағуда үкімет тарапынан берілген субсидияларды алып, мал басын асылдандыру мақсатында ақбас бұқа мен ангус тұқымды малдарды табынға қосады. Жолдасы Мира да сүтті тұқымды сиырларды сауып, қысы-жазы дастарқанынан қаймақ-майын үзбейді. Сүтті қаймақ, айран, құрт, ірімшікке айналдырып, сұрағандарға сатуға да шығарып, кіріске айналдырып отыр. «Экологиялық таза, өз өніміңді пайдаланға не жетсін. Қаладағы оқудағы балаларыма да үнемі үйдің айран, қаймағын беріп жіберемін», - дейді Мира.

Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болады емес пе? Сол секілді Алмаз ауылы десе, бірден ойыңа түбіт шарқат түседі. Себебі, алмаздықтар ешкі тарап, түбіт иіріп, шарқат, шұлық, түрлі орамал тоқуды үнемі кәсіп қылып келеді. Алмаз ауылдың егде тұрғыны 10 баланың анасы – алтын алқа иегері Жаңылсын Төлепова  өмір бойы тоқу тоқып, іс тіккен жан. Еңбек өтілінде түрлі қызметте жасаған әжей бүгінде ол жұмыстардың бірі де жоқ қой дейді. Ал қиын заманда 4 ұл, 6 қызды отағасымен бірге жетілдіру үшін шарқат, шәлі, шұлық тоқып, құрақ көрпе тігіп айнала сатуға шығарыпты. Бүгінде Жаңылсын әжейдің туындысын тек жерлестері ғана емес Алматы, Ақтөбе қалалырынан көптеп сұраныс түсіп жатады.

- Адам баласы ерінбеу керек. «Тиыннан тиын құралады» демекші, менің аз ғана болсын табысым, үйге кіріс болды. Сымның кез-келген түрлерімен тоқи беремін, кезінде әжемнен үйренген өнерімді қыздарыма да үйреттім. Олар да тоқиды, тігеді, – дейді алтын құрсақты ана.

Жас болса да көп балалы отбасы атанып үлгерген Шудабаев Самат пен Мейрамгүл жанұясы бала тәрбиесіне аса мән беріп, бала арманының орындалуына атсалысып келеді. Мәселен, сәби кезінен ән айтуға құмар тұңғышы Гауһарды түрлі үйірмелерге беріп, бойындағы дарынын одан әрі дамытуға сеп болуда.  Сондықтан болар, 5 сынып оқушысы бүгінде түрлі облыстық, республикалық байқауларда жеңімпаз атанып жүр. Әсіресе, Гауһары республикалық «Жас толқын» және «Өнер қырандары» байқауларының бас жүлде иегері,  «Мен де жұлдыз боламын» облыстық байқауының ІІІ орын иегері атанғанын ерекше атауға болады.

- Балалардың арманы жүзеге асу үшін ата-аналары еңбектенуі қажет деп ойлаймын. Елімізге танымал әнші Қарақат Әбілдина Орал қаласында «Қарақат» студиясын ашқанын естіп, бірден қызымды конкурсқа қатыстырдым. Тыңдау нәтижесіне орай «Жеке вокал» жанры үйірмесіне өтті. Міне, содан апта сайын қалаға үйірмеге апарып тұрамыз,- дейді Мейрамгүл. Бұл – тек Алмаз ауылының бір қыры ғана. 180-ге жуық түтіні бар округтің жәйі осындай, «жоқ» деп ешкімге алақан жаймайды. Туған жердің суын, шөбін, жерін пайдаға асырып, бала өсіріп, еңбек етіп, тып-тыныш тірлік кешуде.

 

 Аман Ізмұхан,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале