30.11.2021, 14:30
Оқылды: 67

Біржанның берекелі ісі

«Табыс формуласы» арнаулы бетінің бүгінгі қонағы ­−  сайқындық Біржан Таңатаров. Оны ауыл жұрты жылыжай иесі деп біледі. Ауыл халқын жылыжай өнімдерімен қамтамасыз етіп, табысын еселеп отырған ауылдасымыздың  «өз кәсібімді бастасам» деп жүргендерге айтары бар.

88

«Күшті өзгеге емес, өзіңе жұмсау керек»

 Өз үйінің ауласына екі бірдей 150 шаршы метрды құрайтын жаздық жылыжай және алдына қыстық жылыжайды сайлап қойған Біржан Таңатаровтың тірлігіне біз де қанық болып қайттық. Қазіргі таңда ауа райы суық тартқанмен, жылыжай ішіндегі ылғалды ауа жылылығын сақтап тұр. Өнім беру мерзімі аяқталса да адам бойынан да биік қызанақ «теректерінен» әлі қызара қоймаған өнімдерді, арагідік қиярды да көре аласың. 18 метрге созылған алты қатардан салынған екі жылыжайда қаншама қызанақ пен қияр өскіндерін еккенін қазір кейіпкеріміз нақты айта алмайды. Үш жыл бұрын қияр, қызанақты елу шелекке еккендерін айтады.

-2018 жылы алдымен ата-анама жылыжай салу ойымда барын айтып, талқыға салғанымда, алғашында қарсы болды. Мен оларды түсінемін, бұрын-соңды жылыжай түгіл аулаға бақша өсіріп көрмеген іске бел шешіп кірісу оңай шаруа емес-ті. Десе де, бетімді қайтармады, − дейді Біржан алғашқы қадамдарын еске түсіріп.

-Иә, балам бір күні маған миллионға жуық ақша керек, аулаға жылыжай салып, өз ісімізді бастайық. Өз күшімізді өзгеге емес, өзімізге жұмсайық. Сіздердің зейнет жастарың да жетіп қалды. Қызметтен қалған соң не істемексіздер. Қайта осы кезден қамданып, жылыжайды бастап кетсек, ол сіздерге уақытында ермек әрі табыс көзі болады деп үгіттей бастады. Оған жұмсалатын қаржыны естігенде бірден «Қой, бұл болмайтын іс, соны қайтесің» деп айтқан едім. Алайда, баламның ынтасын, бір сәттік қызығушылық емес, бұл іске жүйелі дайындалғанын байқап, Оразбек екеуіміз қолдауды жөн таптық,− дейді Біржанның анасы Рабиға апа.

Осылайша бұл іс Біржанның ұсынысымен, ата-ананың ақ батасы әрі қызу қолдауымен басталған екен. Тура үш жыл бұрын қазанның қара күзінде ауладан жер сайлап, соны жылы еден тәртібімен цементтеп, отбасы боп жұмылып жұмысқа кіріскен. Хал-қадірі келгенше жылыжай қаңқасын жасақтап, жылыжай талабына сай болмаса да қолда бар целлофанмен қаптап, тәй-тәй қадам басқан-ды. Өскіндерге жағдай туғызып электр жарығын өткізу, жылыжайда жылулықты сақтау үшін қосымша пенопластпен қаптау ісімен талмай айналысқан.

index

«Білімді ғаламтордан алатын кез жетті»

Кейіпкеріміз қай істі бастағанда негізгі күш басқа түседі дейді. Онысын қазірде әлеуметтік желіні қаптап кеткен мотиваторлар да растап отыр. Олардың да пікірінше болашағың жарқын болуы үшін ең алдымен сенің ойың, мақсатын айқын болуы шарт. Иә, қолыңнан іс келетіне санаңды сендірсең, алынбайтын қамал жоқ деп Біржан дайындық ісін отбасылық талқыға салмас бұрын, нақтырақ айтқанда жарты жыл бұрын бастаған. Оның өз сөзімен айтар болсақ, «бүгін жылыжай жөнінде ойланып, ертесіне соны саламын деп кіріскенім жоқ». Біржан бұл тоқтамға келмес бұрын ғаламторды біраз ақтарып, жылыжайдың біздің жаққа тиімді әрі тиімсіз тұстарын саралап, жұмыс ауқымын ойластырып, керекті  қаражат көлемін есептеп, жалпы жан-жақты зерттеу жүргізген.

Бұл ғалымға тән жұмыста оған әрбір оқушының қолында жүретін ұялы телефон таптырмас білім бұлағы болған. Қалта телефонына шұқшия отырып, керегін қалқып алған Біржан «Бизнес Бастау» бағдарламасы негізінде 252 мың, 2020 жылы  3 млн. теңге қайтарымсыз қолдау қаржыға ие болып, мақсатты жұмсай білді.  Мәселен, арнайы жылыжайлық қалың целлофанды ол шетелден тапсырыс негізінде алдыртқан. Жоғарыда айтқанымыздай, алғашқы жылыжайды жапқан целлофанды ауылдағы дүкендерден алған еді. Ол  қыс мезгілінен соң күн жылуынан қурап, тозығы жеткен екен. Ал қазіргі арнайы қаптама жаздың аптап ыстығына мыңқ етпей, әлі де бірнеше маусымға жарап қалатындай көрінді бізге. Біржан ғаламтордың көмегін әлі де кәдеге асыруда. Енді ол қыстық жылыжайға жылы еден жылыту жүйесімен қоса ауаны жылытуды да қолға алып, соған қажетті желдеткіштерді алмақ ниетте. Жылыжайды жайландыру бағытында ең соңғы жетістіктерді қолданбағанымен өзіне қолайлысының дөп тауып отыр. Тек өнімді өсіруде ғаламторда жарнамалайтын түрлі қоспаларды емес, кәдімгі сиыр мен тауық көңдерін пайдаланып, қоспасыз табиғи өнімді өсіруде.

Кейіпкеріміз үлкеннің не маманның кеңесіне қарағанда ақпараттық заманда ғаламтор ақпары қолжетімді әрі онда соңғы инновацияларды тауып, танысуға болады, олардың артықшылықтарын, тиімділігін анықтап, қажет деп тапсаң, тапсырыс та беруге мүмкіндік бар дейді. Жас кәсіпкердің түсінігінде қазіргі таңда білімді ғаламтордан алатын кез жетті. Дамимын, білемін деген адам болса, онда жасы мен бұрынғы кәсібіне қарамастан, қай бағытта да өзін жетілдіруіне мүмкіндік ұшан-теңіз, тек ниет пен талпыныс болса болғаны. Жалпы кейіпкеріміз айтқандай, адамда амбиция болуы шарт. Тек ол болмасты бағындырамын деген санаға симайтын көзсіз амбиция емес. Нәтижесі айқын, бағыты белгілі мақсат болса игі. Мақсатшыл жас жаңа істі бастауда керітартпа әңгімелер көп болатын айтады. Тек соларға ілесіп кетпей, дұрысы теріс ниетті адамдардан аулақ жүріп, діттеген жолыңмен қадамдап жүрген абзал дейді.

20211020091637_IMG_2378

Отбасылық іс

Біржан жылыжайында тек қияр мен қызанақты ғана емес, көк жуа да еккен. Өткен жылы петунья сынды гүл де өсіріп сатқан. Ал биыл  бақша салып, қарбыз, қауын, құлпынай да отырғызып, өнімдерінің дәмін татқан. Бағбандықты бір кісідей меңгерген Біржан қияр өскіні өнім беру мерзімінде ұзындығы 30 метрге дейін жетеді дейді. Өніміне келер болсақ, шарықтау шағында күніне 50 келіге дейін  өнім береді екен. Бір қуаныштысы өнімді сатуда еш қиындық тумайды. Негізгі өнім дүкен сөрелеріне жол тартса, артылғанын ауылдастар үйден келіп алады екен. Ең алғашқы өнімін қыста саудаға шығарып, онда қиярдың келісін 1000 теңгеге сатқан. Одан бері көкөністер бағасы маусымына қарай өзгеріп тұруда.

–Уақыт өте бұл істің де қыр-сырын меңгереді екенсің. Мәселен, қызанақ өнім беруі үшін қасында гүлі жоқ бұтағын алып тастау керек. Ал қиярдан мол көкөніс жинау үшін оны қуратпау қажет. Сол үшін аптап ыстықтарда қиярды суаруды тоқтатпаймыз. Былайғы кезде үш мезгіл суарамыз. Оның барлығы тамшылап суару жүйесімен болғандықтан, су зая болмайды, ылғалдық та сақталады. Ал қызанақты көп суарса, ол өнім бермейді екен. Өскіндердің өз аурулары да болады. Бір өскін ауырса, оны бірден тамырымен жұлып тастау керек. Аурудан сақтау үшін тіпті өліп қалған өсімдікті өртеп, күлін өзге жерге төгу шарт,− дейді баласымен бірге бағбандықтың қыр-сырына қаныққан анасы.

Иә, бұл күнде жылыжай жұмысы тек Біржанның ғана емес Таңатаровтардың отбасылық ісі болып үлгерген. Мәселен, қазіргі күні Біржан жылыту маусымына қажетті дүниелермен қалада жүрсе, әкесі Оразбек аға қысқы жылыжайдың айналасын қазып, қаптау жұмысына  әзірлікті бастап кетіпті. Ал анасы Рабиға апа жазғы жылыжайларды келесі маусымға әзірлемек. Қарап тұрсаң, бейқам жүрген жан жоқ, ал Біржанның жоспары жетерлік. Жылыжайды жайландыру былай тұрсын, кең байтақ жерімізді мақсатты жұмсаған абзал санайды. Бүгінгі күннің тірлігімен емес, ертеңіне көз тіккен жігіттің сөзінің жаны бар десек, көпшілігі келісер. Оқырманға түсінікті болуы үшін айтқан ойын келтіре кетейін.

–Қазір аудан жері негізінен шабындыққа беріліп отыр. Жұртшылық әлі де табиғаттың беріп отырған сыйына қол жайып жүр. Қазіргі кезде түрлі технологияларды пайдаланып, мемлекетіміз  жүгері, сұлы сынды дәнді дақылдарды өсіруді жолға қойса, мал азығын өзімізге дайындалатын еді. Әрі  жұмыс көзі де болар еді ғой,− дейді жас кәсіпкер.

Өзгеге тәуелді болудан қашатын қазіргі заманның жастары ертеңінің табысын бүгіп жобалап, оған жетер сатыны өздері  салып келеді. Ендеше, алысқа тіккен көзің, биік шыңдарға, мол табысқа жетелесін дейміз біз Біржанға.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале