4.02.2024, 20:33
Оқылды: 14

Биыл Мичуринде "жарықтандыру жылы" болмақ

Былтырғы есепте мичуриндіктер бұралқы иттерді жою, көше жолдарына жасанды кедір-бұдыр (искусственная дорожная неровности) орнату керектігі жайында мәселе көтерген еді. Соған байланысты 158 бұралқы ит ауланып, Мичурин ауылына 8, Асандағы көше жолдарына 6 жасанды кедір-бұдырлар қойылды. Осы және өзге де жайттар өткен апта соңында Мичуринде өткен есептік кездесуде кеңінен сөз болды.

IMG-20240204-WA0079

- Бәрімізге белгілі, өткен желтоқсан айында Зеленый ауылына орталықтандырылған су келіп, ондағы елу пайыз тұрғын үй ауыз сумен қамтылды. Мичуриндегі Октябрьская, Восточная, және Автомобильная көшелерінің жолдарын жөндеуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, жөндеу жұмыстары биылғы жоспарға енгізілді. Ал Сарайшық, Энгельс, Әл-Фараби көшелеріне ЖСҚ жасау үшін қаражат қарастырылуда. Сондай-ақ электр қуатын тұрақтандыру мақсатында (для стабилизации энергии) «Амари» ғимаратының артынан таратушы (распределительный) пункт салынды. Мичурин, Асан ауылдарында 200 қоқыс жәшігі қойылды. Казақстан көшесіне жаңа 30 бағана мен 30 фонар қойылды, - деді жиында баяндама жасаған округ әкімі Максим Мусалимов.

IMG-20240204-WA0080

Тұрғындармен кездесуде сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов биылғы жылы өзендердегі су деңгейі 8 метрге дейін көтерілуі мүмкін екенін айтып, қар еритін кезеңге дейін су тасқынын алдын алу жұмыстарына толықтай дайын болуды тапсырды. Ауыл әкімінің айтуынша, жоспарға сәйкес ақпан-наурыз айларында 5 000 шаршы метр қар тазалау, 10 000 шаршы метр су сору жұмыстары жүргізілетін болады.

IMG-20240204-WA0078

Есептік кездесу барысында жергілікті тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарды да қойды. Негізінен ауылдағы ағайынды қараңғы ерте түсетін қыс мезгілінде көшедегі шамдардың жанбай тұрғаны алаңдатады. Заводская, Казталовская және Автомобильная көшесінің тұрғындары Закиржан Матенов, Фарид Халелов, Жібек Өтешевалар жарықтандыру мәселесін барынша тездетіп шешіп беруді сұрады.

- Биылғы жыл Мичурин үшін "Жарықтандыру жылы" болмақ. Бұрын жылына 50 ғана шам ауыстыратын болсақ, биыл 200-ден астам шамдарды ауыстыру жоспарда бар, - деді Максим Мусалимов.

Ауыл тұрғыны Алтынай Рысқалиева сабақтан қараңғы түсе шығатын балалардың қауіпсіздігі үшін №3 автобустың жүру уақытын сағат 20:00-ге дейін ұзартуды сұрады. Сондай-ақ Жүсіп көшесінде тұратындар жолдың нашар екенін, көктем-күз айларында көлік түгілі, жаяу адамның жүруі қиын болатынын айтып шағымданды. Өкінішке қарай, Жүсіп көшесінің жолын жөндеу биылғы жоспарға енбеген.

Мұны естіген тұрғындар округ әкімідігі мен депутаттардан көмек болса, шағын көшенің жолын тегістеуді өздері қолға алатынын жеткізді. Көктемде тағы да балшықты белшеден кешпес үшін қазірден бастап жұмыла іске кірісуге бекінді.

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

Мичурин ауылы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале