20.05.2022, 18:00
Оқылды: 155

Біз бақытты баламыз

Аудан орталығындағы Казталов балалар музыка мектебінің шәкірттері мамыр айының 13-ші жұлдызында кезекті есеп беру концертін өткізді. 180 оқушы өнер көрсеткен есеп беру кешіне аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы м.а. Айжан Жағыпарова қатысты. Жас өнерпаздар ағымдағы оқу жылында меңгерген 35 туындыны халық назарына ұсынды. Балалар мен жасөспірімдердің өнеріне тәнті болып, 52-ші облыстық «Жаз музыканттар» байқауының лауреаты, «Қобыз» сыныбының оқушысы Сымбат Сатыбалдымен сұхбаттастық.

14

- «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші бала кезден музыкаға әуес болдым. Әсіресе Қорқыт бабамыздан қалған жәдігер қобыз үніне елең етіп, жүрек қалауымен ұлттық аспапты қолыма алып, бірқатар туындыларды үйрендім. Көптеген облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, жүлдеге ие болдым. Бұл ретте ұстаздарымнан үйренгенім мен олардың қолдауы септігін тигізді. Жалпы, бос уақытымды тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысамын. Өнерім мен білімімді қатар ұстап, биік белестерді бағындырғым келеді. Болашақта үйренгенімді өзгеге үйрету де жоспарымда бар, - дейді жас қобызшы.

15

Қазіргі таңда Казталов балалар музыка мектебінде домбыра, қобыз, баян, прима, фортепиано, хореография, вокал, хор, дәстүрлі ән сыныптары бойынша 265 оқушы дәріс алып, оларға 17 мұғалім сабақ беруде.

16

- Бүгінгі таңда жеке сабақ түрлері арқылы әр оқушыны, соның ішінде дарынды оқушыларды терең де, жан-жақты зерттеп, нақты жұмыс әдістерімен жұмыс жүргізудеміз. «Жас толқын» балалар ұлт-аспаптар оркестрі, фольклорлық ансамбль, домбырашылар ансамблі, қобызшылар ансамблі, сырнайшылар ансамблі, «Күншуақ» балалар хоры, «Шаттық» бишілер ансамблі, «Қыздар-ай» вокалды-аспапты ансамблі құрылып, өнерлерін көрсетуде. Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық көлемдегі түрлі байқаулардағы жоғары нәтижелер, мерекелік концерттер, тыңдаулар  педагогтардың үлкен шеберлік пен кәсібилік және шығармашылығының жемісі. Сонымен бірге мектеп ұжымының алға қойған негізгі міндеттері оқушылардың музыкалық қабілеттерін ести білу, есте сақтау, ырғақтық сезімдерімен қатар, танымдық, талғамдық қасиеттерін, музыкалық ойлау, елестету, эмоционалды түсіну сезімдерін қалыптастыру, эстетикалық талғамын дамыту, жалпы адамзаттық құндылықтарға баулу, рухани байлығын, ұлттық музыка деген сүйіспеншілігін арттыру күннен-күнге өз нәтижесін беруде. «Болар баланың бетін қақпа белін бу» деп, өнерге жаны құштар балалар мен жасөспірімдерді музыкалық біліммен сусындатудамыз, - дейді мектеп директоры, өнер жанашыры Жадыра Тлеубаева.

17

«Балалар жылына» орай және Роза Бағланованың 100 жылдың мерейтойы аясында өткен есеп беру концертінде аудандық білім беру бөлімінің басшысы м.а. Айжан Мағжанқызы сөз алып, мектеп ұжымына ағымдағы оқу жылында атқарған қызметі үшін ризашылғын жеткізіп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар облыстық Жас музыканттар байқауында «Домбыра прима» жанры бойынша жүлделі ІІІ орын алған Әли Әлібеков, дипломант атанған Зере Уақит, алғысхатқа ие болған Сымбат Сатыбалды, облыстық «Ақ шағала» би байқауында ІІІ орынға ие болған «Шаттық» би ансамблі сахна төрінде марапатталды. Жас өнерпаздардың өнеріне ата-аналары да, ұстаздары да, аудан жұртшылығы да дән риза.

18

Ауданымызда музыка мектебінің негізі 1966 жылдың 1 қыркүйегінде қаланған. Халық депутаттары аудандық Совет атқару комитетінің шешімімен және аудандық білім беру бөлімінің бұйрығымен саз мектебі болып аудан орталығында ашылды. Мектеп директоры  болып Абуғали Махитов тағайындалған. Ашылған жылы саз мектебінде 4 мұғалім фортепиано, сольфеджио, баян, домбыра сыныптары бойынша 60-қа жуық, домбыра сыныбына – 24 оқушы, фортепиано сыныбына – 15 оқушы, баян сыныбына – 21 оқушы  дәріс алды. 1966 – 1997 жылдар аралығында білімі мен ұйымдастырушылық қабілеттері мол ұстаздар, 1968 жылы Зоя Жұмағазиева, 1969 жылы Серік Сұлтангереев, 1971 жылы Райса Шынтемірова, 1974 жылы Ғалымжан Нығметов басшылық қызметтер атқарып келді.

Алғашқы білім бастауына Абуғали Махитов – домбыра сыныбы, Серго Ғазизуллин – баян сыныбы, Назым Қожаева – фортепиано, Райса Шынтемірова – фортепиано, Асқар Насыров – дирижер, фортепиано сыныбы, Тасболат Иманғалиев – баян сыныбы, Қуаныш Жакупов – домбыра сыныбы, Айсұлу Садықова – фортепиано сыныбы, Людмила Полякова – фортепиано сыныбы, Хорлан Ахметқалиева – хор және музыка әдебиеті пәндері, Қамажай Досқалиева – фортепиано, сольфеджио, Нұрлан Нығметов – фортепиано сыныбы, Гүлсара Шынтемірова – хор, Мадина Ізмұханова – домбыра сыныбында еңбек етіп, өзінің зор үлесін қосқан.

19

1984 жылдың қыркүйек айынан бастап  мектеп директоры болып Хорлан Ахметқалиева тағайындалып, 2002 жылға дейін қызмет атқарды. 2002 жылдың қараша айынан бастап саз мектебі «Тәрбие жұмыстары орталығы» МКҚК-на қосылып мекеме жанындағы саз бөлімі болып өзгертілді. Сол жылы «Тәрбие жұмыстары орталығы» МКҚК директоры болып Исатай Рысқалиұлы Қабиров тағайындалды. 2014 жылы Казталов аудан әкімінің 26 тамызындағы №302 қаулысына сәйкес «Тәрбие жұмыстары орталығы» МКҚК-нан бөлініп шығып, Казталов балалар саз мектебі болып қайта құрылды. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап аудандық білім беру бөлімінің шешімімен Жадыра Жұмабайқызы Тлеубаева Казталов балалар саз мектебінің директоры болып тағайындалды. 2018 жылы мектебімізге жаңа ғимарат беріліп заман талабына сай жаңа көрнекі құрал, жаңа үлгідегі техникалармен жабдықталды. Оқушылар саны көбейіп, түрлі аспаптардан сыныптар ашылып, жаңа өзгерістер мен жаңалықтар енгізілді. 2021 жылы қаңтар айынан бастап облыс әкімінің шешімімен мекеме атауы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Казталов ауданы білім беру бөлімінің «Казталов балалар музыка мектебі» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. Қазіргі таңда Казталов балалар музыка мектебінде 9-сынып бағыттары домбыра, қобыз, баян, прима, фортепиано, хореография, вокал, хор, дәстүрлі ән сыныптары бойынша 265 оқушы дәріс алуда. Оларға 17 мұғалім сабақ беруде.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале