21.12.2022, 20:16
Оқылды: 11

«Біз - бақытты елдің ұрпағымыз!»

Нақ осы атаумен Бөкей ордасы аудан орталығында Балалар жылының жылжабар шарасы өтті.

IMG-20221221-WA0193

Аталмыш шарада үздік білімімен, үлгілі тәртібімен ғана емес, түрлі білім додаларында, алуан спорттық сайыстарда жақсы көрсеткіш көрсеткен оқушылар марапатталып, талантты балғындар сахнада өз өнерлерін көрсетті.

IMG-20221221-WA0189

Аудандық мәдениет үйінің фойесі мерекеге сай безендіріліп, шәкірттердің талаптарын ұштаған үйірмелер керемет көрме ұйымдастырған екен. Мұны тек біз емес, шараны тамашалауға келген жұртшылық ұйымдастырушылардың биік талғамы мен тыңғылықты дайындығын жоғары бағалап жатты.

IMG-20221221-WA0190
Фойеде «Нарынның балғын жырлары» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Орал қаласындағы «Шұғыла-Принт» баспасынан отыз данамен шыққан жинақтың тұсаукесер рәсімін жасау аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық мәслихат хатшысы, ардагер ұстаз Лариса Қайырғалиеваға жүктелді.

IMG-20221221-WA0191
̶ Қайрат Жұмағалиев, ағайынды Сейтақовтар шыққан текті топырақтан ақындардың шығуы заңдылық қой. Ел үмітін ақтаған азамат-азаматша, өлеңдері өміршең ақын болыңыздар! Өнерлерің өрістей берсін!,  ̶  деп ізгі тілегін білдірді аудан басшысы Нұрлыбек Жасқайратұлы.
Жас ақындарға сый-сыяпат ұсынылды. Жалпы осы шараға «Алматыкітап» баспасының демеуші болғанын айта кеткен жөн. Марапат алғандарға Абайдың қарасөздері сияқты құнды сыйлықтар ұсынылды.
̶ Біле білгенге кітаптан асқан сый да, құнды дүние де жоқ. Осы тұрғыда аудандық шараға көмек қолын созып, демеушілік жасаған «Алматыкітап» баспасына алғыс айтамыз,  ̶  дейді аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айгүл Кадимова.

IMG-20221221-WA0187
Бұдан кейін шара үздіктерді марапаттаумен жалғасты. Жақсы білім көрсеткішімен топ жарған үздіктер, өнерімен өрге жүзген жүйріктер аудан әкімі Нұрлыбек Даумов пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллиннің алғысхаттарына ие болды.

Шәкірттерінің талабын ұштап, додаға қосқан ұстаздары да, мектеп оқушыларының нәтижелі білім алуына үлес қосқан ауыл әкімдері де марапаттан қалыс қалмады. Сайқын ауылдық окургінің әкімі Нұргүл Омарова мен Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев білім саласына тигізген қолғабыстары үшін алғысхат алды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Ал концерттік шара бабажановтық шәкірттердің қойылымымен басталып, «Ер Төстік» балабақшасының қуыршақтай әдемі бүлдіршіндерінің «Кәмпиттері» атты биіне ұласты.
Ш.Жексенбаев атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің оқушыларынан құралған «Жас қыран» квартеті, Б.Жәнекешев атындағы мектеп оқушыларының «Дарын» триосы, Жәңгір хан атындағы мектептің «Сымбат» бишілер тобы, М.Бегалиева атындағы мектептің «Әсем-ай» бишілер тобы, аудандық балалар саз мектебінің оқушыларынан құралған «Нарын» домбырашылар ансамблі, М-С.Бабажанов атындағы мектептің «Көркем» триосы өнер көрсетті. Бұл шарада ән де шырқалды, би де биленді, күй тартылып, көркемсөз де оқылды. Аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының тәрбиеленушілері этно стильдегі киім үлгілерін көрсетті.
Ән мен жыр да, әсем би де, орындаушылар да талғаммен таңдалған, жақсы бір концерт болды.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале