13.09.2022, 12:45
Оқылды: 58

Біз бүгінде Жаңа Қазақстанды орнату үстіндеміз

«Жаңа Қазақстан дегеніміз шын мәнінде Әділетті Қазақстан» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Күні кеше халыққа жариялаған Жолдауында да ол осы ойын жалғастырып, «Заң және тәртіп» бөлімін арнаған.

10

Сот және судьяларды сайлау, сот жүйесін біріздендіру жайында айта келіп, Президент құқық қорғау органдарын реформалау туралы да сөз қозғаған.

«Біз қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік. Соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп барады. Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді. Жазаны қатайту, мұндай қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару арқылы осы қауіпті үрдістің тамырына балта шабу керек» деді Мемлекет басшысы.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ішкі істер органы қызметкері ретінде мен бұл сөздерді құптаймын. Және мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бар күшімізді жұмсаймыз.

Қоғамды алаңдатып отырған тағы бір қауіпті үрдіс – есірткі тұтыну, оны сатумен де қоғамдық тәртіп сақшылары жиі бетпе-бет кездеседі. Бұрын шетелде «бар екен» деп еститін нашақорлар қазір қаланы қойып, ауыл ішінде де кездесе бастағаны жасырын емес. Осы орайда Президенттің «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр.  Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» дегені уақтылы, нағыз қайнап тұрған шағында айтылған тапсырма екені сөзсіз.

Қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, содан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген екен.

Біздің Жаңа Қазақстан құруға ниетіміз де, күшіміз де бар. Енді бізге керегі – тәртіп.

Тәртіп сақшылары – ішкі істер органы қызметкерлері сол тәртіптің болуын қамтамасыз етуге бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Нұрхат Досқалиев,

Теректі аудандық полиция бөлімінің

кәмелетке толмағандар істері

жөніндегі учаскелік полиция инспекторы,

аға лейтенант

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале