2.07.2021, 20:17
Оқылды: 87

БҚО әкімі жұмыс сапарымен Жәнібек ауданына келді

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірде бекітілген алгоритмге сай атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Облыс басшысының аудандағы сапары жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан жиһаз дүкенінің құрылысынан басталды. «Қарасаева» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Айболат Аяповтың айтуынша, дүкеннің жалпы көлемі 700, ал қойманың көлемі 100 шаршы метрді құрайды. Биыл құрылыс материалдардың құны 30 пайызға қымбаттағаны белгілі. Бірақ оған қарамастан жеке кәсіпкер дүкен құрылысын жалғастыруда.

A3F92C8C-7BBB-40C5-A01B-C551CF62FEBD

Әрмен қарай өңір басшысы жарты ғасырдан астам тарихы бар мәдениет және демалыс саябағына жол тартты. Саябақта соңғы жылдары абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, осы уақытқа дейін біраз жұмыстар атқарылған. Биыл да аудандық бюджеттен 27 млн. 400 мың теңге ақша бөлініп, саябақтағы сахна, көрерменге арналған трибуна, балалар ойын алаңы және жарықтандыру шамдары ауыстырылды. Сахна үлкейтіліп, көрермендерге арналған орын саны 30-дан 110-ға дейін көбейген. Саябақ жазғы маусымда тұрғындардың демалысын, мәдени шаралар өткізуге арналған. Жаңа жасарған саябақ тұрғындарға қызмет ете беретін болады. Аталған жұмыстарды «Жайық Сити» ЖШС-і екі ай төңірегінде атқарып, күні бүгінге барлық жоспарланған жұмыстарды атқарды.

E7433100-3FFC-482F-A4F8-8A1B59FE317F

Бұдан кейін Ғали Нәжімеденұлы аудан орталығындағы М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында «Жас маман» бағдарламасы арқылы алынған жаңа техникаларды қарады. Аталған колледж директоры Берік Ықсанов барлық техникаларға егжей-тегжейлі түсінік беріп, шеберханалармен таныстырды.  

531B53FF-4E7A-4D1B-BEC8-CDF13691CC6F

Сонымен қатар жұмыс сапарымен келген Ғ.Есқалиев Жәнібек ауылындағы екі қабатты 12 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталды. Мердігері «ЭнергоРемСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмыстарын 2021 жылдың тамыз айында аяқтау жопарланған. Қазіргі кезде аудан әкімдігі жанындағы іріктеу комиссиясы жұмысын жүргізіп, 16 көпбалалы отбасына және сегіз әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтардың құрамында қоныстанатын 24 үміткердің тізімі анықталды. Тұрғын үй құрылысының жалпы құны 281 млн. теңге және осы үйлерге жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық желілердің абаттандыру жұмыстарының жалпы құны 72 млн. 238 мың теңгені құрайды. «ЭнергоРемСервис» ЖШС-інің басшысы Максим Рудьтің сөзіне сүйенсек, орташа есеппен 63 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерлері бар екі тұрғын үйде автономды жылыту жүйесі орнатылған. Аталмыш тұрғын үйлерге 2 жылға дейін кепілдік бар. Құрылыс материалдарының 90 пайызы Қазақстанда шығарылған. Сонымен қатар аталмыш тұрғын үйлердің алдына street workout пен балалар ойын алаңы салынатын болады.

Келесі кезекте Жәнібек ауылының тұрғыны «Қадам» жеке кәсіпкерлігі отырғызған алма бағын көрді. Кәсіпкерліктің басшысы Ербол Кадимов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге грантқа ие болған. Ол аталған қаражатқа Жәнібек ауылының шығыс бетінен бір гектарға жуық жер алып, алма ағашын отырғызды. Ерболдың айтуынша, биыл егілген алма ағаштары келесі жылы шамалы болса да өнім береріне сенеді. Отырғызылған алма ағаштары 15 жылға дейін өнім береді екен.

Облыс әкімі дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді. Кешеннің құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Сол кездегі мердігер «Марасант» ЖШС-і еді. Алайда фирма жұмысын жүргізе алмағандықтан кейін келісімшарт бұзылып, «Наурыз СКФ» ЖШС-і жеңімпаз болып, 2020 жылы кірісіп, қазіргі кезде жоспар бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Нысан тамыз айының аяғында аяқталады. Күні бүгінге аумақты абаттандыру, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Тапсырыс беруші КПО б.в. компаниясы. Аталмыш компанияның әлеуметтік жауапкершілік жобалары бойынша қаржыландырылып жатқан жобасы.

Өңір басшысы сапарының соңында Казталов-Жәнібек-РФ республикалық маңызы бар жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарының барысын бақылап, мердігерлермен жиын өткізді. Басқосуға автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Шынар Ертаева, «Қамқор Менеджмент» ЖШС-інің бас директоры Диас Сүлейменов, «Қамқор Менеджмент» ЖШС-і құрылыс және жаңа жобалар жөніндегі Басқарушы директоры Ескендір Қарсыбеков, құрылыс жөнінде директор Орынғали Бүртебаев қатысты. 53-95, 95-138 шақырым жолдардың бас мердігері «Теміржол жөндеу» ЖШС-і. Жиында құрылыс барысында туындаған мәселелер айтылып, нақты тапсырмалар берілді. Жол құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс.

Облыс әкімі бастаған жұмыс тобының сапары Казталов ауданында жалғасатын болады.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале